Бақытжан ағаларыңның бастықтың алдына бір рет өтінішпен барғаны бар

0
1596

 «Бақытжан бір бастықтың есігін қағып көрмеген» — деді Зейнеп апам бір сөзінде. «Ой, Бақытжан ағаның бір рет сұрағаны бар еді ғой бастықтардан» — деп қалды апамның жанындағы Айгүл Болатханқызы әпкем. Жаңа бір әңгіменің шеті шыға бастағанын байқап, «О, соны әңгімелеп беріңіз» — деп елең ете қалдық біз де. Апам ерекше бір сағынышпен, ерекше бір қуанышпен жүзі нұрлана отырып әңгімесін бастай жөнелді. Қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік:

  • Ой, барған – деп бір күліп алды апамыз. Ол кезде Мырзатай Жолдасбеков – зампред (Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болуы керек. Ред.).

Біз атаның қабірінің басына жиі барамыз. Атаның ар жағында Әлкей Марғұланның бейіті бар. Анау уақытша бір темірді шанши салушы еді ғой. Сымтемірмен қоршау жасап, ортасына бір темір шанши салған, аты-жөні жазылған. Сол темір бір жыл тұрды. Онысы ылғи құлап қалады. Бақытжан әлгіні жөндейді. Содан екінші жылға кетті. Бақытжан қинала бастады. Барған сайын, көрген сайын қиналады. Бір күні Қырымбек, ол кезде Мырзатайдың көмекшісі, сол телефон соғады: Аға, сізді мынадай күні, мынадай сағатта Мырзекең қабылдайды – деп. Ол кез – қиын шақ еді. Кеңес Одағының тарқамаған кезі. Қайта құру енді келіп жатқан кез. Мен таң қалдым. «Маған айтпай ештеңе істемеуші еді. мынаның бәлесін қарашы. Ой, бір сюрприз жасайын деп жатқан екен ғой. Балаларына үй сұрайын деген шығар, жоқ әлде кітабын шығарайын деді ме екен» деп отырмын ғой. Әйелмін ғой, қанша айтқанмен. Қатындық істеп отырмын ғой (ақжарыла бір күліп алды апамыз). Кетті көкеміз. Ооооу бір кезде келді. Рахат, бетін көрсең, сондай бір риза өзіне өзі. Осы балбырап тұр Бәкең. Өзі де сұлу кісі еді ғой (Бәкеңді айтқан кезде апамның көзіне бір сағыныш пен мұң тұна қалады). «Айтып берші тезірек. Не болды, не сұрадың?» деп бастырмалатып жатырмын. «Ештеңе сұрамадым» дейді.

  • Енді неменеге бардың?
  • Тұра тұр.
  • Мүлдем ештеңе сұрамадың ба?
  • Сұрадым.
  • Енді не сұрадың?
  • Тұра тұршы енді. Шешініп алайын.

Ол өзі сондай адам. Сөйтсем, Мырзатай ағаға былай депті: Жаным қатты қиналып жүр. Осы барған сайын жүрегім ауру болатын болды. Өле-өлгенше, тіпті қайтыс боларынан бұрын кәрілік пе, көзінің қабағы түсіп кетіп, көзін жауып қалады екен. Соны кір жуатын қыстырғышпен қыстырып қойып жазу жазған ғой (Әлкей Марғұланды айтып отыр. Ред.) Еңбегі 40 том. Зерттеулері, аудармалары. Ол кісі барлық салада жұмыс істеген. Қазаққа сондай мол мұра мен дүние қалдырған адам. Артында ұл баласы жоқ көрінеді. Бір қызы бар екен. Оның өзі аурушаң. Артында ешкімі жоқ екен. Аға, ол қазақтың Әлкейі еді ғой. Сол кісінің басын қарайтуға көмектесіңізші – деп соны сұрап барыпты. Өзім-ақ қарайтар едім. Бірақ менің қолымда түк жоқ – депті. Шынында да Бақытжан екеуміздің қоллымызда пенсиядан басқа түк жоқ болатын. Бұрынғыдай қаламақы алсам, өзім-ақ істер едім — депті. Бұрындары бір кітабың шықса бір жыл жатып жейтінсің. Аға таң қалыпты. «Ой, айналайын Бақытжан. Алла риза болсын! Әруақ риза болсын! – деп өстіп айта беріпті. «Болды, қолға аламын» деп уәдесін де беріпті. «Басқа қандай шаруаң бар» — десе, «Жоқ, басқа ешқандай шаруам жоқ» — депті де, қоштасып кетіп қалыпты. Осыны маған айтып «Осылай жасайтын болды» деп қуанып айтып отыр. Өзім орысша сөйлемейтін адаммын ғой. Өзім орысша білмеймін де дұрыстап.  Сөйтсе, мен бүйтіппін ғой жынды сияқты: «И всёёё?». (Рақаттана күліп алды). Соны айтып Бақытжан қоймайтын. Сөйтіп айтыппын ғой, таңғалғаным болу керек. «Иәәә, сол-ақ» дейді жаңағы.

  • Cонда басқа ештеңе сұрамадың ба, — деймін. — Балаларға ештеңе сұрамадың ба?
  • Жындысың ба? – дейді. — Ұят емес пе, үй бар, құдайға шүкір. Талай адам үйсіз-күйсіз де жүр ғой.
  • Тым болмаса, кітабымды шығарып бер деп айтпадың ба?
  • Әй, кітабын шығара алмай жүрген жалғыз мен бе? Елдің бәрі кітабын шығара алмай жүр емес пе? – дейді.

Міне, сондағы қуанғанын көрсеңдер. Содан кейін көп кешікпеді. Обалы не керек, Мырзатай аға бір жолдарын тауып, сөйтіп Әлкей Марғұлан атаның басын көтерді. Бақытжан ескерткіш біткен кезде, басына барып құран оқып, құран біткенше шыдай алмай жылап жіберді. Міне, өзді өзі болып, бастықтың алдына барғаны осы. Оның өзі осылай болды – деп апамыз бір сәт мұңайып отырып қалды.

Міне, тектілік деген осы шығар?

 

Дайындаған Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here