Бюджетке 10 000 000 теңгені Селтанов Сапарәлі қайтарады ма әлде Қырғызәлиев Бейсенәлі қайтарады ма?

0
407

 Екеуі Сарыағаш аудандық білім бөлімінде ширек ғасыр бірге «дүрілдеген» Селтанов Сапарәлі мен Қырғызалиев Бейсенәлінің  арасынан қара мысық жүгіріп өткеніне де бір жылдай болды. Қырғызалиев Бейсенәлі сол білім бөліміндегі екі кәсіподақтың Абай өңіріндегілері қарайтын бөлігінің тізгінін 50 жылдан бері ешкімге ұстатпай келе жатқан мызғымас төрағасы!  Ал Селтанов Сапарәлі, сол аудандық білім бөлімін 25 жылдай басқарып зейнетке шыққан бұрынғы басшысы. Аудандық білім бөлімін бес саусағындай білетін Сапарәлі Селтанов былтыр депутат болып сайланып алысымен, білім саласының Абай өңіріндегілер жағынан енді өзі де кәсіподақ ашып алып, Қырғызалиев Бейсенәлінің жеп отырған нанына көз алартып отырғанға ұқсайды. Біз білетін Бейсекең басқа-басқа кәсіподаққа ешкімнің көзін алартқызбайды! Ал біз білетін Сапекең, бастаған ісінің өзіне тиімді екеніне көзі жетсе, алдында Бейсекең болмақ түгілі кім тұрса да,   мақсатына жетпей тынбайды!  Жасы 90-нан асқан Бейсекең мен 80-ді алқымдаған Сапекеңнің арасындағы текетірес қарапайым мұғалімдердің құқықтарын қорғағысы келгендіктерінен бе әлде бақай есеп пе, ол жағы бізге беймәлім! Бізге маңыздысы, ол екеуінің аудандық білім бөлімінде бірге дүрілдеп тұрған кездерінде  заңсыз жаратқан мемлекеттің 10 000 000 теңгесін бюджетке қайсысы қайтаратындарында!

Осыдан 4 жыл бұрын, 2013 жылдың жазында, республикалық бір газетте жарияланған «Сарыағаштағы білім бөліміндегі былықтар» деген мақаламызда, аудандық білім бөліміндегі заңсыз жаратылған 10 000 000 теңге қаржыға қатысты мәселе көтергенбіз. Алайда сол кездегі Сарыағаш ауданының прокуроры Хали Маматаев, ескі кодекстің мүмкіншілігінің жеткіліксіздігіне сілтеме жасады ма әлде сол қаржыға қатысты фигуранттар Сапекең мен Бейсекең ірілік қылды ма, әйтеуір ол мәліметке селт ете қоймаған! Одан беріде заман да, адам да өзгеріп жатыр ғой! Мысалы бір жыл бұрын, бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабар газетте, журналда, радиода, теледидарда, желілерде жарияланып таратылса, ол сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп бола алатыны нақты көрсетілген, жаңа кодекс қабылдадық. Одан бөлек, Маматаев Хали да баяғы Хали емес, облыс прокурорының бірінші орынбасары болып әлдеқайда жоғарылап кеткен! Ал енді мақалаға келейік:

«Әлқисса! Сарыағаш ауданы, Келес аймағының білім саласындағы кәсіподақ төрағасы Қырғызалиев Бейсенәлі мырза, өзіне сенім артқан 3000-ға жуық мүшелерінің ай сайын құйып отырған жарна  қаржысымен не істейтінін,  «Сарыағаштағы кәсіподақ қамқоршы ма, әлде қансорғыш па?» атты мақаламызда жазған болатынбыз. Бейсенәлі мырзаға ұқсап, ай сайын үсті-үстіне лақылдап түсіп жатқан көп ақшаны жаратып үлгере алмай жатсақ қой деп, армандап та алған едік! Сөйтсек онымыз әшейін бергі жағы екен. Сегіз қырлы Бейсекеңді ол мақалада  «профсоюзный босс» қырынан танысақ, бүгін құдай қаласа «коммерсант» қырынан таниын деп отырмыз. Қырғызалиев  Бейсекең  2006 жылы салық комитетінен, қазақша «ерене» дейміз ғой,  580610357768 салыққа тіркеу нөмірімен жеке кәсіпкер болып тіркеліп, Каспий банкінен есеп шот ашып, бір күнде «коммерсант» болып шыға келеді. Сосын «компьютерлік қызмет үшін» деп,  әлгі «еренесімен» ашылған коммерциялық есеп шотына, өзінің кәсіподағына қарасты 50-ге жуық мектептерден  ай-сайын 5000 теңгеден аудартып тұрады. Кәсіподақтың есеп шотымен шатастырып алмауларыңызды өтінем, себебі Бейсекең 30 жылдан бері кәсіподақтың әбден «жілігін шағып, майын езіп ішкен», сондықтан  ол қызық емес. Енді Бейсекеңе «коммерсант» болған қызық болып тұр. Бизнес кетті  шарықтап! Әрине, егер сонша мектеп конвейерге ұқсап, ай сайын 5000 теңгеден сартылдатып аударып тұрса?!   Аудармай көрсінші ол директорлар,  әкелерін танытып жіберсін, Бейсекең әшейін «коммерсант» емес «профсоюзный босс» екенін де естен шығармайық.  Қысқасы «коммерсант»  Бейсекең 4 жылдың ішінде 4 000 000 теңгені қылғытып жібереді ғой. Ол қылғытқаны да «ничё»,  Бейсекең салыққа тіркелмей-ақ, ешқандай «еренесіз» сол компьютерлік қызметі үшін 2000-шы жылдан 2006-шы жылға дейін, кәдімгі «лицевой счет» дейміз ғой, бет есебі арқылы  6 000 000 теңгені қылғытып үлгерген, оның жанында 4 000 000 теңге не болыпты!  Бейсекеңнің заңға түкіргені бар, әйтпесе мынандай «деловойлық», «мемлекеттік сатып алу» заңынының ешқандай бабында көзделмеген. Заңдылықты қадағалау, прокуратураның құзырында болғандықтан, жауапты сол жақтан күтейік.

Ал енді мемлекеттің қаржысына келейік. Мектеп директорлары «коммерсант» Бейсекеңмен сыбайласып жатыр екен мақұл, сонда аудандық білім бөлімінің бастығы немене торғай аулап отыр ма екен? Мектептерде, 2000 жылдары ағаштан жонылған болса да компьютерлер, құдайға шүкір, көбейіп қалған болатын. Сондықтан аудандық білім бөлім бастығы «ол қандай компьютерлік қызмет өзі?» деп заңдылығын тексермей ме екен? Білім саласына бөлінген мемлекеттің қаржысын, тура бір әкесі қалдырып кеткен ақшадай, «коммерсант» Бейсекеңе заңсыз аударылуына жол берген сол кездегі жауапты басшы  кім екен?  Ол, баяғы өзіміздің Сапекең екен, мақұл десеңіз. Рыспаев Ерланға дейін ауданымыздың білім бөлімін басқарған, бірақ оңдырмаған Сапарәлі Селтанов.   Сол кезде білім бөлімін басқарған Сапарәлі Селтанов  қол қоймаса, мемлекеттің ол екеуіне емес, білім сапасын жоғарылату үшін бөлген 10 000 000 теңгесін  Бейсекең «супер коммерсант» болып кетсе де, қылғыта алмас еді ғой. Демек, прокуратура осы факт бойынша тексеру амалдарын жүргізіп, нәтижесінде қылмыстың құрамы анықталса, Сапекең мен Бейсекеңе  10 000 000 теңгені қыл үстінен бөліп тұрып, бюджетке қайтару керек болады.» — деген екенбіз.

P.S. Облыстық прокурордың білдей орынбасары болып тағайындалған Хали Маматаев мемлекеттің заңсыз жаратылған 10 000 000 теңге қаржысына енді үнсіз қалмайтын шығар, көрейікші әуселесін?!

Амангелді Батырбеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here