ОҚО — ДА 10 ОҚУШЫ ҰБТ-ДАН 137 БАЛЛ ЖИНАДЫ

0
1431
Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталып, қорытындысы бойынша облыстың орта балы 76,8 балды құрады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашова мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыс бойынша барлық аудан, қаладан 829 мектептен 21323 бітіруші ҰБТ тапсырған. Ал, сынақ тапсыруға ниет білдірген 21668 оқушының 312-сі өз өтінішімен, 29-ы денсаулығына байланысты, 4 оқушы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен (халықаралық олимпиада және ғылыми жоба жеңімпазы) ҰБТ-дан босатылғандар. Сондай-ақ, тестілеуге кірген 3 оқушы ҰБТ ережесін бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, тестілеу қорытындылары жойылды.
«2017 жылғы ҰБТ қорытындысымен облыстың орта балы – 76,8 балды құрады. Атап айтсақ, Кентау 90,6, Шымкент 86,6, Отырар 84,6, Қазығұрт 81, Арыс 78,9, Түркістан 76, Түлкібас 75,9, Төлеби 75,3, Сайрам 72,5, Шардара 72,4, Созақ 72, Сарыағаш 71,9, Мақтарал 71,2, Бәйдібек 70,2, Ордабасы 64,3балды құрады»,- деді Р.Ергашова.
Сынақ тапсырған түлектердің ішінде 100 балдан жоғары жинағандар 4113 болса, 120 балға дейін жинағандар саны 3004 оқушы, ал, 1109 бала 121-140 бал аралығында жинағандар.
Айта кетейік, сынақ кезінде ең жоғары 138 баллды Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №8 гимназиясының оқушысы Жанабаева Әсел Маратқызы жинаса,  137 балды 10 оқушы, 136 балды 15 оқушы жинаған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here