Мектепті өз меншігіне айналдырған басшы…..

0
6024

немесе, мұғалімдерді мезі еткен мектеп директоры

Сарыағашта тағы да заңсыздық орын алды…  БАҚ өкілдерінен араша сұраған № 73  Ө. Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздарының мектеп директорына деген ашу-ызасы  қара қазандай. Заңсыздықты белден басқан білім ошағының басшысы осы күнге дейін  өз әрекеттеріне ақталатындай кейіп танытпайтын көрінеді. Аталмыш білім мекемесіне  шағым бойынша барған түрлі сала  өкілдеріне мектеп басшылығы  шапан жауып құрметтеп, пара беріп үрметпен шығарып салатын көрінеді….

«Балық басынан шіриді»- демекші, № 73  Ө. Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясы  басшысының негізсіз әрекеттері ондағы ұстаздар қауымының шарасыздығына  әкеліп соғып отырған сыңайлы. 21 жылдан бері мектеп басшылығын өз тізгінінде ұстап келген Қожагельдиева Увайда Арыстанқызына қарамағындағылар «өзінің лауазымын асыра пайдаланып, мектепті өз жеке меншігіндей басқаруды әдетке айналдырды» — деген айып тағып отыр. ҚР Еңбек кодексінің 23-бап, 2-1-6-тармақтарын өрескел бұзғандығын, оған қоса жұмыс беруші тұлға ретінде қарамағындағы қызметкерлерге тең дәрежеде қарамай, кемсіту мен оларды өксіту, оған қоса балағаттау сияқты сұмдық жәйттар орын алып жатқандығын аталмыш мектеп  ұстаздары растап отыр.   Ө. Жәнібеков мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының осы жағдайға немқұрайлы қарай алмай, ақиқат іздеп шаршағаны, шымбайға бататын шындығы жарты жолда шиеленісіп қалып кетіп жатқан көрінеді. Өзі он  бес жылға жуық аталмыш мектепте дәріс беріп келе жатқанымен, көзімен көріп тұрған заңсыз әрекеттерді мектеп  басшысына айтқанымен, таяқтың бір ұшы өзіне тиіп бүгінде мектеп басшыларының тарапынан теперіш көріп жатқанын айтады…

Айгүл  Тұрбекова, №73 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: 

Мен Турбекова Айгуль Паримбайқызы жоғарыда көрсетілген мектеп-гимназияда 2002 жылдан  география пәнінің мұғалімі болып, 2012 жылдың 03 қыркүйек  айынан  директордың  оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеп келемін.

Менің арыз беру себебім, жоғарыда аталған  мектеп-гимназия директоры Қожагельдиева Увайда Арыстанқызы 21 жылдан бері мектеп басқарып келу барысында   өзінің лауазымдық қызметін асыра пайдалана отырып, мектепті өз  жеке меншігіндей  басқаруды әдетке айналдырған. ҚР Еңбек  Кодексінің 23-бап 2-тармақ 1-ші, 9-шы  тармақшаларын, 25-бап 1-ші тармағын және  ҚР «Білім туралы» Заңының  3-тармақ  1-ші, 3-ші, 6-шы тамақшаларын  өрескел бұза отырып, жұмыс беруші  тұлға ретінде қарамағындағы қызметкерлерді тең дәрежеде қарамай, еңбек саласындағы  кемсітушілікке  және  азаматтардың  құқықтары  мен  мүмкіндіктері  теңдігінің  шектелуіне жол береді. Атап  айтқанда, мектеп  директоры  орынбасарларының  функционалдық міндеттемелерін  бұрмалаушылықпен  өз  қалауынша  бұйрықтарды  неше түрлі  өзгерте  отырып  міндеттейді, бұйрықтар   өз  уақытында  шығарылмайды, сондықтан да  менің   2012 жылы  03 қыркүйекте   директордың орынбасары болып тағайындалғандығыма қарамастан  2012 жылғы   01 қыркүйектегі  бұйрықтарда  менің атыма   жүктемелер жүктелген.(бұйрықтарды  тексеру  барысында сараптама  (экспертиза)  тағайындауыңызды сұранамын).

Мектеп директорының  оқу-тәрбие  ісі  жөніндегі орынбасары  болғандықтан  мұғалімдердің  апталық  жүктемесі  толымдығын  қамтамасыз  ету  мақсатында  мектеп  басшысының  төмендегі атап  өтілген іс- әрекеттеріне, яғни  кадрларды  бей-берекет  қабылдауына  қарсылық  білдіруіме  байланысты  мектеп  басшысы  У.Қожагельдиева  тарапынан  мені моральдық  және   психикалық   қысым  жасау  әдістерін  қолдана   отырып    қудалауда.  Бір жақты  үстемдікпен    бұйрық  шығара  отырып, әр  түрлі  іс-әрекеттерімен өзінің  лауазымдық  қызметін  асыра  пайдаланады     (мысалы  19.04.2017 жылғы  № 127  бұйрықта   жұмыс көлемі  ескерілмей  және де  сол  уақыт  аралағындағы басқа  міндеттерім  ешкімге жүктелместен,  1 күн ішінде аяқтап келуді  талап етті), (бұйрық көшірмесі қоса тіркеледі)).

       Кадрларды    қабылдау   мен  босату  туралы   бұйрық  журналында  бір қызметтен басқа қызметке тағайындау, тоғыстырылған  ұшы-қиыры  жоқ  бұйрықтар, кадрларды  қалай  болса  солай  ауыстыру, яғни  енді  ғана  мұғалімнің  методикасына  үйренген  оқушылардың  тағдыры   мүлдем  ескерілмей  жылдың ортасы мен аяғына  қарамастан   қабылданып, ауыстырылып  отырады. Осындай бей-берекет  кадр  қабылдаудың  нәтижесінде, ҚР  Еңбек  Кодексінің  23-бап 2-ші тармақ, 1-ші тармақшасында  көрсетілген міндеттерін орындамай, «Ұжымдық шарттың»  І бөлім  1.8 бөлімшесінде   көрсетілген  келісімді бұзып, ауданымыз  бойынша  біздің  мектебімізде  ғана  жұмыс орындарының қысқарылуына  мектеп  басшысының  кінәсімен  жол беріледі.

Мектеп  басшысы  кадр  қабылдауда  және  басқа  жұмысқа  ауыстыру  кезінде  ҚР  Еңбек  Кодексінің  33-бабы 2-ші және  3-ші  тармақтарында  көсетілгендей  жұмыс  беруші ретінде  қызметкерді  бұйрықпен  таныстырып,  қол  қойдыру, еңбек  шартымен  және  ұжымдық  шартпен  таныстыруды  және  еңбек кітапшасына  рәсімдеуді  әдетке  айналдырмаған  (дәлел  ретінде кадрларды  қабылдау, босату,  ауыстыру  бұйрық  кітабын тексеру  барысында сараптама(экспертиза) тағайындауыңызды сұранамын),  сонымен  жұмысқа  қабылданған  кадр  бұйрықпен  танысып  қол  қоймағандақтан   көп  жағдайларда  мұғалімдер  уақытша  қабылданғанын  білмей  қысқартуға  ұшырап  отырады.

У.Қожагельдиева   әр түрлі   іс-әрекеттерімен  өзінің  орынбасарлары   Р.Табылдиева, К.Асилбековалармен  сыбайласа  отырып,  ұйымдасқан  түрде   кадрларды   бей-берекет  артығымен  қабылдайды, атап  айтсақ:Мұғалімдердің  жүктілік пен бала күту  үшін  демаласқа кетуіне (Ш.Атабекованың босану мен  декреттік  демалысқа шығуына байланысты  02.09.2011 жылғы №17 бұйрықпен Сарсенбаева  Мадина жұмысқа  қабылданып, 02.09.2013 жылғы №39 бұйрықпен қысқаруға  ұшыраға Г.Баубековаға    Ш.Атабекованың уақытша  міндетін  атқару  тапсырылады,ал Ш.Атабекованың  орнына  қабылданған   М.Сарсенбаеваның орнына 02.09.2013 жылы №40 бұйрықпен қысқаруға  ұшыраған Ж.Бакирова  уақытша  міндетін  атқарады) кезекті еңбек демалысына(04.06.2012 жылы №23 бұйрықпен  және  24.06.2012 жылы №27 бұйрықпен  Б.Ағабекованың  кезекті еңбек демалысына шығуына байланысты  екі кадр қабылданған)  және  уақытша  денсаулығының  болмауына  байланысты(29.11.2010 жылы  №60 бұйрықпен Ш.Зиминова қабылданған) сонымен қатар  мұғалімдердің  3 айлық курсқа кетуіне  байланысты   кадрлар  артығымен қабылданады (03.04.2012 жылы №130  бұйрықпен  М.Кенжекулованың орнына  Г.Аширалиева;   18.04.2012 жылы №62 бұйрықпен   орыс сыныптарындағы математика  пәнінің  мұғалімі  М.Тажиеваның орнына  қазақ сыныптарына сабақ беретін  А.Тлепбаеваны ауыстырып, А.Тлепбаеваның орнына  информатика пәнінің мұғалімі  Ш.Орынбаеваны, яғни оқу жылының соңы  болуына  және  орыс  сыныптарына  сабақ  беретін   математиктердің   болуына   қарамайды   және  оқушы  тағдырын   мүлдем   ескермейді; 30.10.2012 жылы № 76 бұйрықпен  Н.Құлманова   және  13.11.2012 жылы №78 бұйрықпен  Г.Бейсбаевалар  Ж.Джумабаеваның  уақытша  ағылшын  тілі  пәні  мұғалімі  болып  ауысуына   байланысты,  осылайша  2 кадр  қабылданған, яғни осындай былық-шылық  бұйрықтар өте көп);

У.Қожагельдиева  «Абайтану» үйірмесінің жетекшісі  Г.Баубекованың  жүктілік пен босану үшін демалысқа кетуіне байланысты,  2014 жылдың  14  қарашасында  №38   бұйрықпен  мамандығы  сәйкес  келмегеніне  қарамастан   Ж.Райымбекованы қабылдау  барысында(бұйрықтарының  көшірмесі  қоса  тіркеледі),мектеп  басшысы  үйірме жетекшілігіне басшылық жасайтын  орынбасар  К.Асилбековамен сыбайласып,     ҚР Білім және  ғылым  министрінің  2013 жылғы   17  қыркүйектегі   №375  бұйрығының  3 тармақ  58 тармақшасындағы   әр  гимназия  сыныбына  берілген  0,25 ставка  үйірмені  (яғни  І оқу  жылына  жоспарланған  және І  тоқсан бойы өткен «Абайтану» үйірмесін жауып тастап,  «Ботаникалық бақ» үйірмесін  Ж.Райымбековаға  ашып береді)  білім  алушылардың  тағдыры  ескерілместен, қабылданған  кадрды  қалай  болмасын  жайғастыру   мақсатында  жүргізген.

        Мұғалімдердің  сыйыспай  жатқандығына   қарамастан   кадр  қабылдау  барысында   «қажеттіліктен»  немесе «бос орынға» деген сияқты   жалған  негіздемемен  қабылданады( 09.09.2013  жылы № 62 бұйрықпен « бос тұрған орынға» деп, апталық жүктемесі  бұйрықта  көрсетілмей  М.Алтаеваны    «Дархан» елді мекенінен келіп  оқитын  1-ші сыныптың    үйде  оқытылытын  оқушысы  Тангирберген Дастанға сабақ беу  мақсатында  бар- жоғы   8 сағатпен  жұмысқа қабылдап, арада  екі  ай  өткенде   №33  ж.о.м. директоры  Қ.Табылдиев  мекен- жайына  байланысты   оқушыны аталған мектепке  шақыртқандықтан   М.Алтаева  жұмыссыз   қалды, сол  кездегі   директордың   уақытша  міндетін  атқарушы  Р.Табылдиева  У.Қожагельдиевадан  алған  тәрбиесі  бойынша  аталған  мұғалімді   11.11.2013 жылы   №116  бұйрықпен  амал  жоқ  сағат  болмағандықтан, «мұғалімге бұл  уақытша, сағат  табылғанға  дейін»,-деп  көндіре  отырып, «отбасылық  жағдайымен» деген   жалған   негіздемемен  ақысыз  демалысқа  жібереді  , яғни  аз  уақыт  ішінде  директордың  міндетін  уақытша  атқару  кезінде   өзінің   уақытша   лауазымдық  қызметін   асыра  пайдаланып, әр  түрлі  сылтаулармен   №33  ж.о. мектебінің  директоры  өзінің  бауыры  болғандықтан   Тангирберген  Дастанды (8 сағат үшін)ауылына  қайтарды,сондықтан мектеп   басшысының  М.Алтаеваны  «бос  тұрған  орынға» деп жұмысқа  қабылдау  негізсіз ).

         Р.Табылдиева   мектеп-гимназия директорының   міндетін уақытша атқару барысында  ҚР  Еңбек  Кодексінің  23-бап  2-ші тармақ  11-ші  тармақшасын өрескел  бұза  отырып,  01.11.2013 жылғы № 31 бұйрықпен  А.Абдуалиевті;  02.10.2013 жылғы  №29  бұйрықпен  Б.Садиеваны;  01.11.2013 жылғы  № 32  бұйрықпен  Илибаевты  жұмыспен қамту орталығының  жолдамасынсыз жұмысқа қабылдаған;

У.Қожагельдиева  кадр  көптігінің мәселесінен (проблемасынан) құтылу мақсатында әрбір пед.кеңестерде  «ұжымдағы  біраз мұғалімдермен  қоштасатыны  жайлы»  айтып,  қорқытып, үркітіп, ескертіп отырады(дәлел ретінде  үнтаспа  дискісін  көрсете  аламын). Кей  жағдайларда  мұғалімдерді  қудалап, сабақтарына мұғалімдерді  қорқыту  мақсатында   еніп, әдістемелік  көмек  көрсетуге қолдау көрсетудің  орнынакемшілік  іздеп жұмыстан  кетіруге  сылтау  іздейді де,өз  еркімен  жұмыстан  кетуге мәжбүрлейді, ал  бірақ   кадрларды  қабылдау  кезінде  білімі  тексеріліп,  іріктеп  қабылдаған  емес. Сонымен қатар апталық  жүктемесі  толмаған  мұғалімдердің  сыртынан  толымсыз  апталық  жүктемеге  келісім  беруі  жөнінде  мектеп  директорының  атына  жазылған  жалған  өтінішті  туырлап(өтініш  көшірмелері  қоса  тіркеледі,  тексеру  барысында сараптама(экспертиза) тағайындауыңызды сұранамын) тарификациядан   өткізеді.        Осындай  келеңсіз  жағдайлардың  салдарынан    мектеп   ұжымында  моральдық- психологиялық  ахуал  өте  ауыр. Ең сорақысы   мұғалімдер  қысқаруға   ұшырағанымен    олардың   60%-ы  қайта жұмысқа  қабылданып(дәлел  ретінде  02.09.2013 жылғы  №35  бұйрықпен Мусаева  қысқаруға  ұшырап,23.09.2013 жылғы №65 бұйрықпен уақытша  жұмысқа  қабылданады, бұйрықпен  таныстырылмайды,осы сияқты 02.09.2013жылғы №38,40,  46, 47, 52, 53, 54 және  01.09.2016 жылғы №14, 15, 16 бұйрықтар ), 40 %- ның орнына   мүлдем   басқа   кадрлар  (02.09.2013 жылғы №36 ,37,49, 51 бұйрықтармен,сонымен  қатар 01.09,2014 жылғы №19 бұйрықпен кадрлар  мектеп басшысының  кадрларды  бей-берекет  қабылдау  салдарының  кінәсінен   босатылған  және  17.02.2014 жылғы №04 бұйрықпен Ұ.Мушкалова   босатылып, 13.03.2014 жылы №06 бұйрықпен шағын  орталыққа  А.Конкакова  жұмысқа  қабылданады)   қабылданып жатады, У.Қожагельдиеваның   бұл  саясатының   астарында  үлкен  сыр жатыр.

Осындай  кадрларды  қысқарту  мен  қайта  қабылдау  барысында   У.Қожагельдиева  01.09.2016 жылғы  №14  бұйрықпен  қысқарған   Бибінур  Айбекованы  02.02.2017  жылғы  №08  бұйрықпен өз  мамандығымен  емес өзін-өзі  тану пәні  мамандығы  бойынша  жұмысқа  қабылдау  барысында 06.02-18.02.2017 жылы аралығында  (бұл  уақыт  аралығында  Б.Айбековаға  курсқа  кетуі  жөнінде  ешқандай  бұйрық  шығарылмаған және де  бұл  кадр  мектепте  5а,6ә,7а,10а,10ә,11а,11ә,5ә,5б,6а,6б,7ә,7б сыныптарында  сабақ  өткен, дәлел  ретінде  сынып  журналдары) өзін-өзі  тану  пәні  бойынша  курстан  өтті деген 0199777 номерлі сертификатты  заңсыз курстан  өтпеген  мұғалімге  мектеп  басшысы  өзі  алдырып, уақытша  қайта  жұмысқа  қабылдаған. (сертификат көшірмесі  қоса тіркеледі)

2012 жылы АББ-нің 31.08.2012 жылғы №286 бұйрығына  сәйкес мектеп-гимназия  жанынан шағын  орталық  ашылды. Құжат бойынша  шағын орталықтағы  бала саны 75, бірақ іс жүзінде  2012-2017 жылдар  аралығында  ешқашан 75 бала  болған емес, әр күні 20-25 бала ғана қамтылады,соған  қарамастан мектеп  басшысы  бала  саны бойынша   1 топтың  орнына  3 топтың  кадрын  қабылдап, мемлекет  қаржысын  талан-тараж жасап отыр, 2012 жылдан  осы  уақытқа  дейін  тек  шағын орталықтың  өзіне  ғана 39  кадр қабылданған. 

Мектеп  басшысы  информатика  пәні  мұғалімі  Г.Шаматаеваны   11.09.2012 жылы  жұмысқа  қабылдау  барысында ,  қызыл  дипломмен   ІІ санат  бола  алатындығын  айтып  ұсыныс  жасап ,бұйрықтар  өз  уақытында  шығарылмайтындықтан  мектеп  басшысының Г.Шаматаеваны  11.09.2012 ж  қабылданғаны  есінде  болмай  01.09.2012 жылғы  №112  бұйрықпен ІІ санат  берілген. Өзінің  өрескел  қателікпен  шығарған   бұйрығын   жоққа  шығарып, 2017 жылдың сәуір  айында  ІІ санатты   санатсызға   қайта түсіріп  ҚР  Еңбек Кодексінің 115-бап  2-ші  тармақ  5-ші  тармақшасын  өрескел  бұза  отырып  айлығынан   заңсыз  ұстау  үшін  бұйрық  шығарған  У.Қожагельдиева  өзінің  лауазымдық  қызметін  асыра  пайдалана  отырып  өзінің  қалауымен  санатты  біресе  көтеріп, біресе  түсірген. Мектеп  басшысының  осылайша  мемлекеттік  мекемені  жеке меншігіндей  іс-әрекеттер  жасауының салдарынан,яғни  мектеп  басшысының  кінәсінен Г.Шаматаева  айлық  жалақысынан  заңсыз  зардап  шеккелі  тұр.

У.Қожагельдиева  кадрлардың   бірін алып, бірін салып  қабылдауды  жақсы  көретіні  соншалық, 2017 жылы  28 қаңтар  күнгі   №35   бұйрықпен  3 айлық  курсқа  кеткен  К.Айткулованың   келісімінсіз  сағаттарын  алып   және   математика  пәнінің  мұғалімі  З.Артыгалинаның  денсаулығы  болмай    емделіп  жүрген   уақытында  негізсіз  «зейнеткерлікке   шығуына  байланысты» деп  , ҚР  Еңбек   Кодексінің  33-бабы  2- тармағын   және 54- бап 1-ші тармағын өрескел  бұза  отырып,  05.04.2017 жылы № 107  бұйрықпен  физика  және   математика  пәні  мұғалімдерінің   апталық  жүктемелеріне  өзгерістер  ендіріліп ( мектеп басшысы оқу  жылы  аяғында   тарифтік  өзгерістер  мен  сабақ  кестесінің  өзгерістерін  қайта  жасау  жұмыстарын  тудыруда)жаңа  кадр  физика  пәнінің   мұғалімі   А.Аукенованы  жұмысқа  қабылдады, орыс  сыныптарындағы  физика  пәні  бойынша  апталық  жүктеме  бар  болғаны  24 сағат, бұл  сағаттарға   2 физик  мұғалімдері   болғандықтан,  бұл  кадрды  қабылдау  еш  негізсіз еді.Осындай  оқу  жылының  аяғында  санаттарды  түсіру,  кадрлар  қабылдау  сияқты  іс-әрекеттердің   тарификациясын  АББ-нің  экономика бөліміне  тапсыру  кешеуілдеуінің  нәтижесінде,  мектеп  басшысының  кінәсінен

 ҚР   Еңбек  Кодексінің  113-бап 1-ші, 2-ші,3-ші  тармақтары   заң  аясында  орындалмады,  яғни    2017 жылдың  сәуір  айында  мектеп  ұжымы   мектеп  басшысының   кінәсінен  айлық   жалақысын   ала  алмады.

Осылайша тоқтаусыз  кадр қозғалысы  болғандықтан,  жыл бойы тарификацияға  және  сабақ   кестесіне  өзгерістер  енгізу  жұмыстары  білім алушылардың  тәрбиесі  мен  білім сапасын  қадағалауға  кедергілер келтіреді, яғни  бала  тәрбиесімен  айналысуға қарағанда  кадрларды    жайғастыру  жұмыстарына  көбірек  уақыт  кетеді.

У.Қожагельдиева  мемлекеттік мекемені өз меншігіндей қалаған уақытында АББ-нің бұйрығынсыз  өз-өзіне  бұйрық шығара  отырып,  кете береді(дәлел ретінде 14.04.2012 жылғы №30 және 30.05.2012 жылғы №35 бұйрықтардың  көшірмесі)

       Сізден осылайша мектепті жеке меншігіне айналдырған сыбайлас топтың  заңсыз іс әрекеттеріне, тексерушілер   комиссиясын  құрып, заң  аясында  тиісті шара қолдануыңызды сұранамын.

 

Тоқтаусыз кадр қозғалысы әлі де жалғасын тауып келе жатқан көрінеді. Кейде, «сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, мектеп басшысы  мұғалімдерге тектен-текке тиісіп, алдағы уақытта жұмыстан босатылатынын алдын-ала айтып, ескертіп  отырады екен. 2002 жылдан бері аталмыш білім ошағы    гимназия статусына ие болған.  Сонда өскелең ұрпақ мектептегі ұстаздар қауымынан  білім алуға келе ме… ? немесе, ұстаздар шайқасының куәгерлері болып қала бермек пе…?  Ондағы қызметкерлердің айтуынша, мектеп басшысы У. Қожагельдиева  гимназия сыныптарын оқушыларға тереңдетіп, бейімдетіп, саралап оқытуды қарастыру мақсатында  емес, өзінің жеке басының қамы үшін аштырған дегенді алға тартып отыр. Тіпті, білім ошағының басшысы ретінде  ондағы оқушылардың тәрбиесі мен білім сапасына мүлдем көңіл бөлмейтін көрінеді. Керісінше, гимназия сыныптарына  берілетін сағаттарды кадр қабылдау мақсатында пайдаланады дейді – ондағы ұстаздар қауымы. Оған қоса, гимназия сыныптарының тоқсан сайынғы білім сапасы педагогикалық кеңестерде мүлдем қарастырылмай, қадағаланбайтын көрінеді. Мұндай жауапты міндеттемелерді мектеп басшысы өзінің қарамағында қызмет ететін  құрбысы, толығырақ сыбайласы Р.Табылдиеваға жүктеп отырады екен. Шығыс хаттар мен кіріс хаттар болсын, мектепке қатысты құжаттардың көбісі заңды түрде тіркеліп, ауыс-түйіс болған жәйттарда да қандай  құжат түрлері  болсын   заңсыз  түрлендіріліп отырады екен.

 

Бүгінде аталмыш мектеп ұжымының жағдайы мүшкіл. Мектеп ұжымында моральдық-психологиялық ауыр жағдай орын алып отыр. Онда ең сорақысы мұғалімдер қысқаруға ұшырағанымен олардың 60 пайызы қайта жұмысқа қабылданып, 40пайызының орнына мүлдем басқа кадрлар қабылданып жатады екен. У. Қожагельдиеваның бұл саясаты сырт көзге сын болғанымен, өзіне үлкен мін екеніне оның өзі де бас қатырып жатпайтын сыңайлы. Мектепте тоқтаусыз кадр саясаты болғандықтан, жыл бойы тарификацияға және сабақ кестесіне өзгерістер енгізу жұмыстары білім алушылардың тәрбиесі мен білім сапасын қадағалауға кедергілер келтіріп, яғни бала тәрбиесімен айналысудан бұрын кадр мәселелерінің жәйін күйттегені мектептің бас ханымына өте тиімді екені айтпаса да түсінікті…

Ал, директор ханымның жан құрбылары мен жандайшаптары  Р. Табылдиева мен К.Асилбековалар тоғыз сағаттан апталық жүктемені алып, басшы тарапынан келетін жылулықты ұтымды пайдаланған екеуі білім ошағында мүлдем сабақ өтпей өзімшілдікке бет бұратын көрінеді.  Тіпті, өздері сыныптарға кіріп сабақ өтпегендіктен оқушылар  мұғалімді, мұғалімдер оқушыны танымайтын хәлге жеткен. Масқара…  Одан да сорақысы, баға қоятын журналдарын да толтыруға жалқаулық танытып, тек журналдың екінші бетін ғана шимайлап, баға қоятын парақшаны басқа мұғалімге тәптіштеп, табыстап қоятын жағдайлар өте жиілеп кеткен екен.

Болып жатқан жәйттарды мектеп ұжымы бірнеше тиісті орындарға да құлағдар етіпті. Еңбек инспекциясы мен ОҚО бақылау департаменті тексеріп кеткен білім ошағын тек айыппұлмен ғана шектеген. ОҚО білім басқармасының мәлімдеуінше мектеп-гимназияның сынып журналдарын жүргізуде «Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2007 жылғы 23 қазандағы №502 бұйрығының талаптары орындалмағанын анықтаған. Оған қоса тексеру барысында арызда жазылған бірқатар заңсыз әрекеттердің орын алғандығы да расталған. Сондай-ақ, бақылау департаменті білім нысандарындағы заңсыздық пен өзге де оқиғалардың алдын алуда немесе, білім саласындағы сан қилы бұрмалаушылықтарды болдырмау  үшін күресетін нүкте екендігі баршамызға мәлім. Алайда, аталмыш білім мекемесіне он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салып кеткендігіне көңілі толмаған  ондағы ұстаздар қауымы Оңтүстіктің қай түкпірінде де сыбайластықтың сыры жатқандығына таң қала алмады. Ал, еңбек инспекциясы біздің редакциямызға жауап беруден бас тартты.  «Осы мәселеге қатысты сұрақтарымыз бар еді, тексеру нәтижесінен хабардар етсеңіздер…» — деген өтінішімізге пысқырып та қарамады. «БАҚ өкілдерімен бірлесіп тексеру сатысын жүргізейік» — деген пкірімізді де қолдамаған еңбек инспекциясы да өз білгендерінше қимылдап бақты. Жарайды…., «біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» демекші, өз қарақан бастарының шаруасын күйттеп кеткен  Сарыағаш аудандық еңбек инспекциясының өкілдеріне не айтуға болады, телефон арқылы соққан қоңырауымызға әупіріммен әрең жауап беріп, тіпті мектеп бойынша қойып жатқан сұрақтарымызды соңына дейін тыңдамай телефон тұтқасын коя салады, мына жақта шыр–шыр еткен біздер үздік-создық  дыңылдап тұрған ұялы телефон дыбысын тыңдап қала береміз….

Жалпы, ұзын сөздің қысқасы мектеп ұжымы бақылау департменті мен еңбек инспекциясының тексеру нәтижелеріне көңілі толмай отыр. Ақиқат пен шындықтың ауылы алыс екенін білсе де әрекеттерін әрі қарай жалғастырмақ ниетте. Директордың дөрекі сөздеріне еті үйреніп қалса да адамда ар, абырой ождан деген сатылар бар екенін ондағы ұстаздар ұмытпаған. Ар сатысы мен намысты биікке қоюға дағдыланған мұғалімдер ендігі жерде қарап отырмасы айдан анық. Ашынған апайлардың жан-айқайы облыс аумағында заң шеңберінде  шешілмесе,  бас қаламыз Астанада билік тұтқаларын ұстап отырған билік өкілдерінің назарына паш етуді алдағы күндердің еншісіне қалдырып отыр.     

P.S. «Мақалада айтылғандарға не дер екен, қарсы уәжі болса оны да жазалық» — деген ниетпен жоғарыда аталған мектеп директоры У.Қожагельдиеваға хабарласқанымызда, жиналыста жүргенін, түскі үзілістен соң өзі  хабарласатынын айтқан болатын. Біз күттік. Алайда, тырс еткен жауап болмады. Алдағы уақытта У.Қожагельдиеваның мақалаға қарсы айтары болса, біз оны газет бетінде жариялауға дайынбыз.

 

М.Абдалиева

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here