Қара бала. Робот. Мұғалім һәм министр.

0
717

Өткен нөмірде Сарыағаштағы семинар туралы жазып едік. «Робототехника» көрмесі де естеріңізде болар?! Сол көрмеден робототехникаға қызығатын, робот дейтін ақылды «темірді» өзі жасауға талпынған, ауылда тұратын, жүздері күнге тотыққан, қазақтың қара балаларын көріп сүйсінгенбіз. Жанарларынан от көріп, ішімізден «көз тимесін» деп ырым еткенбіз. Қиын да күрделі «Робототехника» үйірмесін ашып, оқушыларды өз пәніне қызықтыра білген мұғалімнің жаңашылдығы мен ізденімпаздығына риза болғанбыз.

Қайтайын деп көлігімізге беттегенде жолымыз бір болған соң, жанымызға бір жігіт жайғасты. Жөн сұрассақ, осы ауданда мұғалім екен. Әңгімелесе келе, жақында жұмыстан шықпақ ойы барын, басқа салаға ауысқысы келетінін де жасырмады. Себебін сұрағанымызда, 30 км жерден қатынап жұмыс істеп жүргенін, төрт перзентінің бар екенін, үйге айлық апармақ түгілі мардымсыз жалақысының жүрген жолы мен түскі асынан артылмайтынын тілге тиек етті. Ойланып қалдық…

Мұғалімнің мәртебесі жөнінде көп айтамыз. Барлығымыз бұл туралы кеңінен толғаймыз. Алайда, мұғалімнің әлеуметтік жағдайы назарымыздан тыс қалып жатады. Мұғалімнің жалақысын өсіргеннен мұғалім мәртебесі өспейді деп пәлсапа соғатындар да жетіп артылады. Алайда, айлығы шайлығына жетпей, тұрмыс тауқіметі қажытқан мұғалім кімге «пір» болғандай?

Жарайды, айлығын көбейтпей-ақ қойсын. Барына қанағат. Бірақ, әлеуметтік жағдайын шешуге көмектессе болар еді ғой. Бұл ойды аспаннан алып, көсемсіп, ақыл айтып, көлгірсу үшін жазып жатқанымыз жоқ.

Полиция мен күштік құрылымдар (келісім-шартпен жұмыс жасайтын әскери қызметкерлер) қызметкерлеріне жанұядағы әр баласы үшін жәрдемақы және жалдап алған пәтерінің ақысын төлейтін жағдай жасалған. Біздің елде.

Білім саласында жасалған, жасалмақ болған, жасалатын реформа да сыннан көз ашпайды. Үнемі. Ылғи. Иә, елімізде реформа тек білім саласында ғана жасалып жатқан жоқ. Барлық салада дерлік реформалар жүргізілуде. Алайда, менің есімнен ішкі істер саласына Зауытбек Тұрысбековтың жасаған реформасы кетпейді. Өйткені, Зауытбек Қауысбекұлы бірінші кезекте қызметкерлерге, дәлірек айтсақ, полиция қызметкерлеріне жағдай жасап, айлық жалақысын көбейтіп, әлеуметтік жағдайын түзеуге назар аударды. Нәтижесіз де емес. Елімізде полиция мен әскер болуға құмар жеткіншектер де көбейді.

Ал, мұғалім боламын дейтін ұл балалар жоқтың қасы. Нәтижесін көріп те жүрміз. Мектепте ер мұғалімдер аз. Еңбек пен дене тәрбиесінің өзінен әйел мұғалімдер береді. Шыбық тимес шыңқ етер ұрпақтың да көбеюіне бірден-бір себеп осы.

Ал, министр болса, үштілділік пен сапасыз оқулықтарын қорғап әлек. «Мұғалімдердің жағдайына бас ауыртар пенде бар ма?» — деген ойға қаласың кейде.

Әрине, мұғалімдердің жалақысын көтереміз деп елдің алды болып сүйінші сұраған да осы министр. Алайда, соңғы сұхбатында: «Бюджет процесі қалай жұмыс істейтіні бәріңізге белгілі. Біз есептерімізді жасап, Қаржы министрлігіне ұсынамыз. Ол ұсыныстар бірнеше рет үкімет отырысында көтеріліп, талқыланады. Қаржы министрі өзінің пікірін айтады, біз өз пікірімізді айтамыз. Одан ұсыныстар мәжіліске өтеді. Депутаттар қолдаса, ақша бөлінеді. Біз жалақыны көтеру жөнінде 88 миллиард теңге қосымша ақша сұрап, ұсыныс бердік. Енді Қаржы министрлігі өз мүмкіндіктерін қарастырып жатыр» — деп жалғыз өзінің бұл мәселені шеше алмайтынын алға тартып, сиырқұйымшақтандырып жіберді. Министрдің мұнысы: «Шіркін май болғанда ғой. Ұн болса, бауырсақ пісіріп жейтін» — дейтін ақкөңіл жеңешеміздің аңғал арманын еске түсірді.

Министр Сағадиев ел есінде қалғысы келсе, бірінші кезекте мұғалімдердің жалақысын көтеруді, әлеуметтік жағдайларын түзеуді қолына алуы керек шығар дәә… «Мұғалім көп қой, оның бәріне қаржы қайда?» — деп дәйек келтірерсіз?! Бірақ, сіз біздің елде халық санына шаққанда полиция қызметкерлерінің айтарлықтай көп екенін білесіз бе?

Демек, ниет болса, мұғалімдердің де жағдайын түзеуге еліміздің мүмкіндігі жетеді деп ойлаймыз. Мұғалімнің жағдайы түзелсе, еліміздегі білім саласының да көші түзеледі. Ол дегеніміз – болашағымыз жарқын екендігін білдіреді.

Ал, менің ойымнан сол бір қара бала, робот, айлығы шайлығына жетпей жүрген мұғалім және… және «Өздерің қарамайсыңдар ма, барып. Алты айдан бері сайтта тұр ғой» — деп шапыраштанып, төбе шашы үрпиіп, депутаттармен салғыласып жатқан министр кетпей қойды.

Қара бала, робот, мұғалім һәм министр…   

 Айлығы аз, күйі жоқ,

Несиесі бар, үйі жоқ

Мұғалім қалай күн көрер?

Мақаланы жазып, соңғы нүктесін қоя бергенде депутаттардың айлығы 50 пайызға, яғни 600 мыңнан 900 мыңға көтерілгенін есіттім…

Еһ, бірі кем дүние…

Ержан Тәліп

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here