Ағылшындар балаларын қалай тәрбиелейді?

0
1626

Британдықтар өзгедерден бала тәрбиесіндегі өзіндік тәсілдерімен ерекшеленеді. Қазақ әйелдері баласы үшін өзінің жеке қызығушылығы мен құндылықтарын, тіпті өмірін құрбан етуге бар болса, ағылшын әйелдері балаларын прагматикалық (өмір шындығына нақты нәтиже тұрғысынан қарау) мәнерде тәрбиелеуге тырысады.

Ұлыбритания жанұясындағы баланың орны

Жанұяда алдыңғы орынға ағылшындық ана өзі мен күйеуін қояды. Ал, бала одан кейінгі кезекте. Иә, бала – жанұяның бір бөлшегі және толыққанды мүшесі, алайда, ағылшын отбасында бірінші кезекте ата-анасы мен олардың қызығушылығы тұрады. Бала тәрбиелеу процесінде ағылшын әйелі өзінің күші мен уақытын үнемдеуге тырысады. Көптеген қазақ әйелдері: «Балаларымыз өзімізден жақсы тұруы керек. Бар жақсымыз – балаларға» деген ұстанымды қолдайтыны анық. Жақсы деген – ол әрине ең қымбаты және ең сапалысы екендігі түсінікті. Ал, ағылшындар баланың қолында қымбат әрі сапалылар ғана болуы керек деп тіпті де санамайды. Ағылшындар бала үшін алынатын заттардан мүмкіндігінше үнемдеуге тырысады. Ағылшындық ана баласы үшін киімді «секонд-хэндтен» алуға және баласының сыймай қалған  киімдерін қайта сатуға  арланбайды. Үнемшілдік пен прагматизм (іс жүзінде пайдалы нәтиже беретінді ғана ақиқат деп білетін философиялық бағыт) – Ұлыбриятаниялықтардың, соның ішінде балалардың да өмірінде жиі көрініс табады.

Белгілі ағылшын жазушы-әйелі аналарға көмекші құрал ретінде шығарған өз кітабында балаларға тек белгілі бір түстегі (мысалы: көк немесе жасыл түсті) киімдерді алуға кеңес береді. Не үшін дейсіз бе? Бір түсті заттарды бірге жуа беру үшін. Осы арқылы кір жууға кететін уақытты үнемдеуге болады деп есептейді. Сонымен қатар, қыз балалардың шаштарын иығынан асыра өсірмеу керектігін алға тартады. Ұзын шашпен әлек болып, бұрымын өріп отыруды артық жұмыс деп санайды.

Англиядағы балалар мен олардың ата-аналарының әлеуметтік жағдайы

Ағылшындық аналар өмірде белсенділігін жоғалтпайды. Жаңа босанған жас аналар «жарыққа» тым ерте-ақ шығады. Кей кезде тіпті баласын босанғаннан кейін, іле-шала көшеге, көпшілік орындарға шыға береді. Сондықтан да қоғамдық көліктерде, кафелерде туғанына бір-екі күн ғана болған шақалақтарын көтеріп жүрген аналарды жиі кездестіресіз. Перзентханада әйелдерді босанғаннан кейін бір күн ғана жатқызады. Кейт Миддлтонның кішкентай Джорджын көтеріп бақытты, бірақ шаршаңқы түрде түскен фотосуреті естеріңізде шығар?! Ол сурет тақ мұрагерінің дүниеге келгеніне небәрі екінші күн болғанда түсірілген еді. Тіпті әлеуметтік жоғары статусыңыз да перзентханада артық жатуыңызға көмектесе алмайды.

Балалардың денсаулығы жөнінде аз-кем ақпарат

Біздің елімізде қорқынышпен айтатын бактериялар, жұқпалы вирустар туралы ағылшындар аса уайымдай бермейді. Бұл елде балалардың емізіктері мен ойыншықтарын зарарсыздандырып әуре болмайды. Тіпті аналардың көпшілігі балаларының киімін үтіктемейді де. Неге? Өйткені, ағылшындар өз елін таза санайды: олар үйінде көшеге киетін аяқ киімімен жүре береді, ал егер баланың қолынан күлшесі жерге түсіп қалса, ағылшын ана оны жерден көтеріп, баласының аузына қайтадан тосады. Есеңгіреп қалдыңыз ба? Бұл сіз үшін есеңгірейтіндей оқиға шығар, бірақ ағылшын-ана мұны қалыпты деп есептейді.

Ағылшындардың балаларын киіндіргені де қызық. Көшеде 5 градус қана жылылықты көрсетіп тұрған кезде баласының үстіне жеңіл әрі ықшам киімдер кигізіп, ал аяғын жалаңаяқ қалдырған, өзі жылы күртеше немесе тон киген аналарды жиі кездестіруіңіз мүмкін. Ұлыбританияда баланы қымтап, орауды жөн көрмейді, мұнысын олар «баланы шынықтырып жатырмыз» — деп түсіндіреді. Тіпті қыстың күндері көптеген ұл балалар шортимен, кейбір қыз балалар колготкисіз, тек юбкамен жүреді. Мектепте дене шынықтыру сабағында оқушыларды жылдың суық мезгілдерінде асфальтқа отырғызып қоюы да бек мүмкін.  Бұл да проблема немесе денсаулыққа қауіп ретінде саналмайды. Ағылшындар осылайша баланың иммунитетін күшейту арқылы өскен кезде көп ауырмайды деп есептейді. Айналаңдағы тұмауратып немесе жиірек жөтеліп отырған үлкен адамдарды көргенде бұл формуланың үнемі іске аса бермейтініне көз жеткізесің.

Ағылшындардың бала еркелігіне көзқарасы

Баланың еркелігіне – алдарқату арқылы баланың назарын өзгеге бұру әдісі жиі қолданады. Баланы бетінен қақпау түсінігі – Ұлыбританияда қолдана бермейді. Бала жастайынан шектеулерге үйрене бергені дұрыс. Көпшілік ортада өзін өзі ұстауды және есіріп кетпеуді балаға тым ерте кезден үйретеді. Өйткені, ата-ана үшін ең қорқынышты әрі ұятты жағдай – баласының көпшілік орындарда шыңғырып жылауы, айқайлап-шулауы. Ағылшындық ата-ана үшін бұдан асқан сорақылық, бұдан асқан масқаралық жоқ. Кейбір жанұялар «crying out» әдісін қолдануды жөн көреді. Бұл әдістің негізі – жылап отырған баланы белгілі бір уақыт аралығында жалғыз тастап кету. Яғни, жылаған бала өзді-өзі шыңғырып-бақырып барып тынышталады. Балалар жылауының нәтижесіз екенін түсінгеннен соң, бара-бара еркелігін азайта бастайды.

Ағылшындық балалардың үлкен өмірге қадам басуы

Балалар тым ерте үлкен өмірге қадам басады. Мектеп бітіргеннен соң-ақ, балалар өз бетімен өмір сүре бастайды және осы кезден бастап ата-аналарының алдындағы қаржылық тәуелділіктен де құтылады. Бұл барлық балаларға ұнай бермейді. Әсіресе, оқуын жалғастырамын деген балаларға. Олар оқуы мен өммірне қажетті қаржыны табу үшін талай қиындықтарға тап болады. Үлкен балаларға қамқорлық жасау, оның үстіне бір шатырдың астында тұру – ағылшындар үшін ақылға сыймайтын дүние. Ересек балаларына ағылшын ата-аналары қаржылық қолдау көрсетпейді және жиі кездеспейді де. Жанұялық байланысты ұстап тұру үшін – жылына бір рет Рождество мейрамында кездесу жеткілікті.

Тәрбиелеу жүйесінің қаталдығына қарамастан, ағылшын балалардан өзін ортада жақсы ұстайтын сабырлы адамдар шығады. Бірақ, барлық балалар дерлік тамақ дайындай алмайды, тіпті дайындауға тырыспайды да.

http://www.ru-uk.net

 Аударған Ержан Тәліп

Суретте: Ханзада  Уильям мен Кейт Миддлтон ханзада Джорджбен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here