2017 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕТІН БАСТЫ ШАРАЛАР

0
898

28-ШІ ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА

Шамамен бір айдан кейін Алматы қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары басталады. Бүкіләлемдік студенттер ойынына 2 мыңға жуық спортшы қатысады және 3 мыңға жуық ерікті жұмыс істемек. Еріктілер арасында шетелдіктер де бар.

Универсиада бағдарламасына мəнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шайбалы хоккей (ерлер, əйелдер), сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру, фристайл секілді 12 спорт түрі енеді. Қазақстан атынан Денис Тен, Абзал Рақымғалиев, Айза Иманбек, Галина Вишневская сынды белгілі спортшылар сынға түседі.

Универсиадаға 30 мың отандық жəне шетелдік турист келеді деп жоспарланған және әлемнің 80 елінен 1 млрд көрермен телетрансляция арқылы көре алады.

 

ЭКСПО-2017 КӨРМЕСІ

«Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі 2017 жылдың 10 маусым — 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Көрмеге 5 миллион турист келеді деп күтілуде.

Көрме билеттерінің құны 6 мың теңгеден басталады. Барлық Қазақстан бойынша оффлайн-кассалар 2016 жылы 1 қыркүйекте ашылды. Көрме арқылы елімізге ірі инвестициялар тарту және республикамыздың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыру мүмкіндігі артады.

ЭКСПО қалашығы мен түрлі жоба нысандары көрме аяқталғаннан кейін де, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет ететін болады. Жоба барысында қонақ үй ретінде соғылған көпқабатты ғимараттар қала әкімдігіне өтіп, тұрғын үйлердің қатарын толықтырады. Сол арқылы қалалық әкімдік тұрғын үй мәселесін оңтайландыруды көздеп отыр.

 

ШЫҰ-ҒА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТУІ

2016 жылдың 24 маусымнан 2017 жылдың 8-9 маусымына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан төрағалық етеді және маусым айында ШЫҰ-ның кезекті саммиті Астана қаласында өтеді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық қарым-қатынасты нығайту, көліктік-транзиттік әлеуетті кеңейту және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты алға жылжыту мәселелерін Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басымдықтары ретінде атап өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы алты мемлекеттің бастамасымен құрылды. Келер жылы Астанада өтетін саммитте Үндістан мен Пәкістанды ұйым мүшелігіне қабылдау мәселесі талқыланады.

 

БҰҰ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ

Биыл маусым айының 28-інде Қазақстан Азия тобы мемлекеттерінің атынан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі — Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген еді.

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 15 мемлекет мүше болады. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы екі жылдық мерзімге сайланып отырады. Қазақстан бұған дейін Азия елдері тобынан сайланған Малайзияны алмастыратын болады.

Келер жылы Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) 55-ші конвенциясы Қазақстанда өтеді деп күтілуде. Ал 7-22 шілде күндері «Жібек жолы» халықаралық ралли-рейді қазақ даласынан өтеді.

Сондай-ақ, 1917 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары құрған Алашорда үкіметінің 100 жылдығы келе жатыр. Қазақтың тұңғыш ұлттық-бейресми басылымдары «Серке» және «Қазақ» газеттеріне биыл 110 жыл толмақ. Сонымен бірге, Нәзипа Құлжанованың 130 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы, Асанәлі Әшімов (80 жас), Нұрғали Нүсіпжанов (80 жас), Смағұл Елубаев (70 жас), Лаки Кесоглу (70 жас), Роза Рымбаева (60 жас) секілді біртуар қазақ тұлғалары мерейлі жасқа толады.

 

 

«БҮГІНГІ ЖАС МАМАН – ЕРТЕҢГІ ҚҰЗЫРЕТТІ ҰСТАЗ» тақырыбында семинар-практикум өтті

XXI ғасыр – білімділер ғасыры. Елімізде болып жатқан түбірлі жаңартулар білім беру жүйесіне де өз әсерін тигізіп, білім мазмұнын, оқыту әдістемесін жетілдіру, педагогикалық жаңаша ойлау, тың ізденістерге жол ашу сияқты мәселелерге ерекше мән беріп отыр. Осы орайда барша ұстаздарға, оның ішінде жас мамандарға қойылар талап ерекше екені сөзсіз. Ең алғаш ұстаздық мамандыққа келген кезде жас маман көптеген қиыншылықтарға тап болады. Олардың алдында сабақ беруден бастап оқушымен қарым-қатынас, жаңа технологияларға байланысты көптеген сұрақтар туындауы мүмкін. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық әдістемелік кабинетінің «Оқу үдерісін ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің әдіскерлері Шымкент қаласы №93 В.Терешкова атындағы жалпы орта мектеп базасында «Бүгінгі жас маман – ертеңгі құзыретті ұстаз» тақырыбында жас мамандарға арналған семинар-практикум ұйымдастырды. Семинар-практикумның мақсаты – жас мамандардың кәсіптік шеберлігін жетілдіріп, ақпараттық технологияны қолдануда тың ізденістер мен әдіс-тәсілдерді үйрету. Шараға аудандардан 40-қа жуық математика, физика, информатика пәндерінің жас мамандары қатысты.

Семинардың басында қатысушылар «Мектеп тынысының айнасы» деп аталатын көрмемен танысып, «Біліммен қаруланған жас маман – мәңгілік елдің тірегі» тақырыбындағы жас мамандарға арналған монологты тыңдады. Мектептің математика пәнінің майталман мамандары Г.Оралбаева «Жаңа форматтағы ҰБТ-да кездесетін логикалық есептерді шығару», Д.Ахметова «Жай бөлшектерді салыстыру», Р.Жолдасова «Квадрат теңдеулер тақырыбына есептер шығару» тақырыптарында ашық сабақтар өткізсе, физика пәнінің мұғалімі Н.Абдуллаева 7 сыныпта «Гук заңы. Деформация» тақырыбына ағылшын тілін кіріктіре отырып сабақ өтті. Сондай-ақ мектеп директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Г.Култасова мен қазақ тілі пәнінің жоғары санатты ұстазы Г. Мусреповалардың «Практикалық қолданыста тиімді біліктер мен дағдылар» тақырыбындағы тренингі жас мамандарға ерекше шабыт пен құлшыныс сыйлады.

Әдістемелік кабинет әдіскерлері ұйымдастырған «Физика сабақтарында пәнаралық байланыстың қолданылуы» шебер-сыныбы мен «Эрудит» деп аталатын сыныптан тыс іс-шара да қатысушылар тарапынан оң бағаға ие болды.

Жиын барысында жас мамандар сабақтың құрылымына байланысты ұғымдарды анықтап, постер қорғады, ситуациялық сұрақтарға және өз бейімділіктерін анықтау бойынша сауалнама сұрақтарына жауап берді. Семинар-практикум жоғары деңгейде өтті.

Гаухар Есенбекқызы ДУЙСЕМБЕКОВА,

ОҚО ББ ӘК физика әдіскері.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here