Әке рухымен сырласу

0
1537

Көке, ертең сіздің туған күніңіз екен. Егер сіз арамызда жүргенде сіздің 80 жасқа толған туған күніңізді бүкіл үрім-бұтағыңызбен бірге тойлап отырар едік-ау. Бірақ сіз осыдан 30 жылдай бұрын мәңгілік мекеніңізге аттанып кете бардыңыз.

Мен сіздің 3 ұл, 3 қызыңыздың кенжесі екенмін. Үйдің кенжесі болғандықтан да шығар тым ерке едім, сіз де қатты еркелететінсіз. Сіздің соңғы істеген жұмыс орныңыз балабақшаға жақын болатын-ды. Үнемі терезеге қарап отырады екенмін. Сіздің машинаңыз балабақша тұсынан өтсе үйге қайтамын деп қиғылықты салады екенмін. Сіз де соны білесіз бе, сезесіз бе, әйтеуір балабақша жаққа қарап өтеді екенсіз. Талай мәрте менің жылап отырғанымды көріп, балабақшадан ерте алып қайтқан кездеріңіз жиі болыпты. Дүкенге қандай жаңа ойыншық түссе менің қолымнан табылатын. Сіздің ешқашан балаларыңызға жекіп ұрысқаныңызды көрмеппін. Сіз анамның, аға-әпкелерімнің қарсы болғанына қарамай кенжетайыңызды 5 жасында мектепке беріпсіз. Cолай балабақшадағы күндерімді мектептегі күндерге айырбастап жүріп жаттық. Күздің соңғы айында үлкен ағам әскерден келді. Сол қуанышқа орай үйде үлкен дастархан жайылғаны есімде. Абыр-сабыр басылған соң, желтоқсан айының бас кезінде ағамды Шолаққорғандағы нағашыларымызға сәлемдестіру мақсатында жолға жиналдық. Сіз анам екеуіңіз бір жаққа барайын деп оқталсаңыздар, үйдегі кішкентайлар «Біз де барамыз» деп қиғылықты салатынбыз. Сіз ешқайсымыздың көңілімізді қимай, барлығымызды машинаңызға салып алатынсыз. Сонымен Шолаққорғанға аман-есен жетіп, нағашыларымыздың үйінде аунап-қунап, бір қонып, ертеңіне ауылға қайттық. Шолаққорғаннан шамалы аса бере-ақ, машинамыз шайқалақтап кетті. Мамам: «Дүйсебек, абайла» — деп ауыз жиғанша болмады, машинамыз жол шетіне аударылып, аунап кеткені есімде жатталып қалыпты. Бірақ сол кезде машинамен бірге менің де тағдырым аунап бара жатқанын сезбеппін (5 жасар бала ненің парқын айырсын). Машинамыз үш аунап барып, жол шетіндегі топыраққа барып, қайтадан тік тұра қалды. Машинадан қалай шыққанымыз есімде жоқ. Бірақ сізді анамның жұлқылап жатқаны есімде. Анам, ағаларым жылап, азан-қазан болдық та қалдық. Содан соң екі үлкен жүк көлігін тоқтатып, майда балаларды соның біріне мінгізіп, қайтадан нағашыларымның үйіне әкеліп тастады. Күн батқан уақытта аурухананың таблетка уазигімен ауылға қарай қайтадан жолға шықтық. Неге өз машинамызбен емес, аурухананың машинасымен, неге біздің арамызда сіздің жоқ екеніңізді ол кезде шамалай алмаппын. Менен бір жас үлкен әпкем екеумізді ортаншы ағамның қатты қысып құшақтап келгені есімде қалыпты. Түннің бір уағында келсек, құлыптап кеткен үйіміздің барлық бөлмелерінде жарық жағылғанын, адамдардың абыр-сабыр болып жүргенін көріп, тетелес әпкем екеуміз аң-таң қалғанымыз рас. Машинадан түсе сала тағы да азан-қазан болып, үлкендер дауыс салып жылай бастады. Үлкендердің жылағанын еш уақытта көрмеген басым, бір бұрышта қорқақтап елеусіз қалып қоя бердім. Бір кезде біреу үйге жетелеп кіргізді-ау деймін. Бір қарасам, анамды екі жағынан екі әйел қолтықтап, үйге кіргізіп жатыр екен. Анамның көп жылағаннан әл-дәрмені құрып, тізерлей отыра кеткенін көріп әпкем екеуміз шыңғырып жібердік. Сол кезде ғана үлкендердің есіне түстік-ау деймін. «Балаларды көрші үйге апарыңдар» — деген дауыс естіле салысымен бір еңгезердей біреу бауырына қатты қысып құшақтап, әпкем екеумізді көрші үйге әкеліп тастады. Ол түнді қалай өткізгенім есімде жоқ. Таң ата салысымен үйге қарай жүгіре жөнелдім. Есікке жете бере біреу: «бар, ойнап кел» деп, үйге жолатпай қуып жіберді. Амал жоқ, көшедегі достарыма қосылдым. Не ойнағанымыз есімде жоқ. Ауық-ауық үй жақтан дауыс салып жылаған дауыстар келеді. Үлкендердің не үшін жылап жатқаны мен үшін таңсық. Бір кезде жылау үдей түсті де, үй жақтан борты адам толы бір жүк машинасы, артынан жеңіл машиналар шыға бастады. Сол кезде бір досым: «Кетті, олар сенің көкеңді көміп келуге кетті» — дегенде машиналардың соңынан мәнсіз-мағынасыз көзқараспен қарап қалғаным есімде. Егер сол кезде, сіздің ешқашан келмейтініңізді, сізден мәңгілікке айрылғанымды білсем «Көөөөкеееее» деп бар даусыммен шыңғырып, машинаның соңынан жүгірер едім ғой, көкееу. Сізбен соңғы рет тілдесіп, қоштасып қала алмасам да, қабіріңізге бір уыс топырақ салар едім ғой, көке. Осы қылығым үшін, шектен асқан еркелігім үшін, өзімді ешқашан кешпеймін, көке.

Сонымен бізді тастап, мәңгілік мекеніңізге аттанып кете бардыңыз, көке. Артыңызда шиеттей 6 ұл-қызымен аңырап анамыз қалды. «Жетім қозы – тасбауыр, түңілер де отығар» дейді ғой атам қазақ. Сонымен бұл күнімізге де көндігіп, жүріп жаттық. Екінші сынып оқитын кезімде ұстазымыз бізден «Өскенде кім болғыларың келеді?» деп сұрады. Балаға әкесінен артық қандай ұлы тұлға болушы еді, көке. Кезек маған келгенде сіздің соңғы қызметіңіз ауыл советтің председателі екендігін білетін мен «Селсебет боламын» дедім. Ұстазымыз: «Ондай болса, ертең «Мен өскенде кім боламын?» — деген тақырыпта шығарма жазып келіңдер» — деді. Үйге келген соң «Не жазсам болады?» — деп анаммен ақылдастым. Ол кісі: «Сен кім боламын дедің?» — деп өзіме қарсы сұрақ қойды. «Селсебет» боламын деп айттым – дедім. «Сен селсебет болмайсың» — деді анам. «Сен ғалым боламын – деп жаз. Сені көкең ғалым болады деп айтып кеткен» — деді де үнсіз қалды. Менің ештеңеге де түсінбей тұрғанымды байқаған анам сөзін жалғап әкетті: «Ағаң әскерден келген соң туған-туыс, жолдас-жораларды шақырып дастархан жайғанбыз. Қонақтар тарқаған соң, көкең үлкен ұл-қыздарын жинап алып: «Егер мен олай-бұлай болып кетсем, мені өзімнің туып-өскен топырағым Қожатоғайға жерлеңдер»– деп айтыпты. (Ол кезде Шілік ауылында тұратынбыз). Оның бұл сөзінен шошынған ағамыз: «Қойыңызшы көке. Не айтып кеттіңіз?» — десе, «Нұрлан, сен азамат болдың, енді бала емессің, мына іні-қарындастарыңды жеткізу сенің парызың. Өлім бар жерде қаза бар. Менің қанша өмір сүретінімді кім біледі? Мен сені азамат деп айтып отырмын. Ана кішкентай інілеріңді жетелеңдер, ол – ғалым болады» — деп өсиеттеп кеткен деп анам жылап қалды. Анамның бұл сөзі маған үлкен ой салды. Сонымен шығарма жаздым. Ертеңіне апайымыз бүкіл сыныпқа көзіне жас ала отырып, менің шығармамды оқып берді. Сыныптағы барлық ұл-қыздардың маған қызыға да, қызғана қарағанын сезгендей едім. Әсіресе, өзім іштей ұнататын бір қыздың «Жарайсың, Ержан» дегенін естігенде төбемнің көкке екі елі жетпей қалғанын несіне жасырайын.

Кейін Қожатоғайға, атамекенге көшіп келген жылы (ол кезде мен үшінші оқимын) жазғы каникул кезінде Алматыдағы оқуынан демалысқа келген ортаншы ағам белсебетіне мінгізіп, мені тазалап жуындырып, сіздің бейітіңіздің басына алып барды. Оған дейін мазардың қандай болатынынан білмейтінмін. Көп төмпешіктің арасындағы бір сұр гранит құлпытастың қасына келдік. Ағамның істегенін қайталап, бір төмпешіктің топырағын уатып, сұр гранитке қарадым. Сұр граниттегі сіздің жансыз бейнеңізге көз алмай қарап қалдым, көке. Суретіңіздің астында үлкен ағамның жан толқынысынан шыққан үш шумақ өрнектеліпті. Ол шумақтар мынадай еді:

 

Асқар тауым жан әкем,

Сен барда әлі бала екем.

Аялап бізді өсірдің,

Үйімнің сәні сен екен.

 

Қалдырдың маған аманат,

Барады жүгім ауырлап.

Жеткіншек іні-бауырды

Жетелейім, әке боп қанат.

 

Үмітіңді ақтаймыз,

Боламыз, әке, көшірмең.

Тұтатып кеткен отыңды

Жағамыз, әке, өшірмей.

 

Осы шумақтарды үздіксіз қайталап күбірлей бергенім есімде.
Ағам құран оқып болған соң, маған қарап: «Ержан, кейін өскен кезде ешқашан жаман қылыққа үйір болма, ешқашан ішкілік атаулыны аузыңа алып көшеде теңселіп жүрме. Егер сен олай істесең, «Ержан ішіп алыпты, мас екен» деп ешкім айтпайды. «Дүйсебектің баласы ішіп алыпты» деп айтады. Сондықтан көкеміздің атына еш уақытта кір келтіруге тиісті емеспіз» деп еді жылап тұрып.

Бірақ, бірақ мен ғалым бола алмадым, көке. Сіздің үмітіңізді ақтай алмадым. Кішкентай кезімде журналист болғым келетін. Тіпті атағы дардай жазушы да. Бірақ алыс түкпірдегі ауылда тұратын маған бағыт сілтейтін адам болмады ма, жазғандарымды ешқандай баспасөз бетіне жариялау ойға да келмепті. Сонымен журналист болу арман күйінде қалып қойды. Мүмкін сіздің аманатыңыз бойынша ғалым да болар ма едім? (Қазір кім ғалым болмай жүр дейсіз?) Бірақ, ғылымда бір ересен жаңалық ашпаған соң, ғалымсымақтардың қатарын көбейтіп ғылымды қорлағым келмеді.

Сіз кеткен соң өмірдің асау толқыны бізді қайда апарып соқпады дейсіз, көке. Әйтеуір, әр жағаға соғылып, аман келемін, тырмысып. Әлі өз-өзімді таппай жүрген сияқтымын. Сіздің атыңызды асқақтата алмасам да, сіздің атыңызға кір келтірмеуге тырысып жүрмін. Жо-жоқ, бұл ақталғаным емес, көке. Қазір тегі Дүйсебек болып сіздің атыңызбен аталатын, сіз өзіңіз көрмеген, немерем деп құшырланып өзіңіз иіскей алмай кеткен бір қауым ұрпақ өсіп келеді, көке. Аллаға мұнысы үшін мың да бір шүкір. Солардың ішінен елге танымал, елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын бір азамат өсіп шықса, сіздің де, менің де арманымның орындалғаны деп білемін, көке. Солардың азамат болып өсіп шығуы жолында менің арманым құрбандық болуға жараса болғаны да…

 

Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here