Ұстаздардың ұстазы – Рахманберді Анарбайұлы Ешімов!

0
349

Әр адамның балабақшадағы, мектептегі ұстаздарынан бөлек, өмір мектебіне үйреткен ұстаздары да болады емес пе? Бүгінгі мына мақала да менің өмірлік ұстаздарымның бірі жайындағы толғанысым еді.

Менің Рахман (Рахманберді) ағаймен таныстығым 2003 жылдан бастау алады. Мен ол шақта Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне (қазіргі Жол-көлік колледжі) жаңадан жұмысқа қабылданған кезім еді. Алғашында жаңа ортаны тосырқап, онша ешкімді тани бермейсің ғой. Бірақ колледжде мекеме туралы, қызметкерлер туралы екеуара-үшеуара басымыз қосылып әңгімелесе қалсақ, міндетті түрде Рахман ағай деген есім қоса аталатын. Әсірелеу емес, шыны осы.

Бір күні есік алдына шықсам, Рахман ағай мен Мақсұт ағай тұр екен. Мені көріп, Рахаң: «Ержантай, «Совхоз-техникумнан» (Қазіргі Шымкент аграрлық колледжі, менің алдын жұмыс атқарған орным) айлығыңды алып па едің? Жүр, Мақсұт ағайың үшеуміз барып алып қайтайық» — деп, Мәкеңнің 06 Жигулиіне салып алды. Жолда Рахаң: «Керекең (Керімжан Сейтжанов – сол кездегі колледж директоры) сені айтып еді: «Мына жас жігітті тәрбиелесеңдер жақсы маман шығатын секілді. Тәрбиесі де дұрыс сияқты» — деп. Біздің жанымызда жүріп жақсымызды алып, жаманымызды ысыра алсаң, жаман болмайсың» — деп ағынан жарылған еді сол күні. Содан кейін-ақ осы Рахаңның қасынан шықпауға, айтқанын екі етпеуге тырысатынмын.

2004 жыл болу керек. «Біздің колледждің ғимаратын жекеменшік бір университеттің балансына береді екен. Бізді басқа колледжге қосады екен» деген сыбыс шыға бастады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» емес пе? Әлгі сыбыс рас болып шықты. Сол уақыттағы Әкімнің міндетін атқарушы, негізгі лауазымы – Облыс әкімі орынбасарының  бұйрығымен таныстыруға облыстық Білім департаментінің басшылары келді. Шыны керек, барлығымыздың ұнжырғамыз түсіп, бұйрыққа мойынсұнғандай отырып қалдық. Өйтпегенде ше, әкімнің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрса. Бір кезде Рахман ағай орнынан көтерілді. Келген басшылардың бірі орыс ұлтынан еді. Сол себепті де Рахаң сөзін орысша бастады: «Акимы, депутаты ездят на джипах, мерседесах, летают на самолетах, а мы — бедные учители ходим на порванных ботинках. И то и этих порванных ботинок хотят отбирать. Мы так сложа руки не сидим. Мы воюем» — деп саңқ ете қалды. Осы кезде бастары салбырап отырғандар орындарынан қозғалып, күбір-сыбыр көбейе бастады. Ары қарай да көп бірдеңелер айтты Рахман ағай. Бірақ, оны мына пақырыңыз естімеді. Құлағым шуылдап, алдыңғы айтылған сөйлем құлағымда жаңғырып, қайталанып тұрды сол сәтте. Кейін басшылардан әлгі өзге ұлт өкілі сөйледі. Сөздерінен ұққаным,  «Бәріміз де бұл оқу орнының жабылғанын қаламаймыз. Бірақ, қолымыздан не келеді? Бұйрық шығып қойған. Ал, егер сіздердің қарсылықтарыңыздан бірдеңе шығатын болса, онда мен сіздерге шампан қоюға әзірмін» дегені есте. Әлде шын ниетімен, әлде кекесінмен…

Содан кейін-ақ аласапыран күндер басталып кеткен-тін. Күнде құзырлы органдарға Рақаң бастап хат жазады. Қолмен. Біз Маржан екеуміз компьютерге түсіреміз. Колледждің болашағына сенбей, басқа жұмысқа ауысқандар да болды. Жұмыстан шығамын деген лаборанттың арызына қол қойып тұрып, Керімжан ағайдың айтқаны да есімнен кетпейді: «Первая крыса сбежавшая от утонувшейся корабля». Иә, біздің де колледждің орнында қалатынына сеніміміз шамалы. Бұл құдіреті күшті бұйрық жойылмайтындай көрінген. Бірақ, «Осы кісілердің қасында жүрсем өлмеспін, бір мәнісі болар» деген оймен, айтқандарын екі етпей түннің бір уағына дейін компьютерде теріп, қатесін мың түзеп, қайта шығарып, қайта түзеп отыратынбыз. Біздің округтен сайланған депутаттың алдынан шығып, хат тапсырған да еді бастамашы топ.  Ол кісі де қолынан келгенше көмектесетінін айтқанымен, нәтиже шыға қоймады-ау деймін. Рақаң бұнымен де тоқтап қалмай, Алматыға барып, баспасөз мәслихатын өткізіп қайтатын болды. Жанына Күнтуған ағай мен Зиядаш апай ілесті. Артынша республиканың бар телеарнасы «Тарихы терең білім ордасын жабуға болмайды» деп дабыл қағып, репортаждар таратып жатты. Осыдан кейін, аталмыш бұйрық күшін жойып, колледжіміз орнында қалған еді. Қазіргі таңда Жол-көлік колледжі аталған іргелі оқу орнының сақталып қалуына Рахман ағайдың еңбегі зор. Ол еңбегін қазір біреу білсе, екеу білмейді.

Реті келгенде мына бір оқиғаны да айта кетейін.

Жұмыста отырыңқырап қалған бойдақтардың тізіміне әне-міне қосылайын деп жүрген кезім еді. Рахман көкеммен есіктің алдында таза ауамен тыныстап тұрғанбыз. Әйтеуір, кез келген өзімнен үлкен кісілермен әңгімелесе қалсам, әңгіменің «үйлену» мәселесіне бір соғуы айнымас дәстүр болып қалған-ды. Бұл жолы да дәстүрден аттамай көкеміз:

— Ау, Ержан-ау, қашан үйленесің? Жүре бересің бе, өстіп?

Мың-сан сылтауды жаудырамын ғой.

— Үй алып алайын, машина алып алайын, жағдайымды дұрыстап сонан соң…- деп күмілжіп аяқтаймын сөзімді.

Сонда Рахаң:

— Әй, Ержан. Мен сені ақылды жігіт екен ғой деп жүрсем, сен де қияйы екенсің ғой. Ата-анаң сені өсірді, оқытты-тоқытты, мамандық әперді. Енді үйлендіріп қызығыңды көремін деп отырса, сен үйлене салып, қатыныңды алып тайып тұрмақсың ба? Анаңа көрсетер қызығың қайда қалды? Сенің адам болуыңа сіңірген еңбегін бір-ақ күнде осылай тәрк етпексің бе? Бірінші үйленіп ал, «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Келін екеуің бірлесіп жинасаң берекесі болады. Үй де, машина да сонан соң бола береді – деген-ді. Жетеме жеткізген осы сөзден кейін, көзқарасымды өзгертіп, келін болар қыз іздеуге белсене кіріскенімді айтпай-ақ қойсам да болады…

Одан кейін де Рахман көкем маған моральдық қолдауды аяған емес. Бір жылдай жұмыссыз жүріп қалған кезім бар еді. Бұрын Ерекелеп жанымнан шықпайтын көп адам осы кезде теріс айналды. Теріс айналмаған екі адам болса, бірі, жалғыз болса, соның өзі – осы Рақаң еді. Тіпті, маған жұмыс іздеп бір-екі танысына телефон шалғаны да бар. Шын ниеттес, тілектестігін үнемі білдіріп жүруден танған емес осылай.

Екеуміздің тағдырымызда да ұқсас жерлер көп. Менің туған күнім үшеу болса, бұл кісінікі екеу. 1955 жылдың 9 мамыр күні, дәл Жеңістің он жылдығы қарсаңында туыпсыз, Рахман көке. Анарбай атамыз бен Мастура әжеміздің балалары тұрмай, үміттерін үзген шақта дүниеге келіпсіз. Ата-әжеміз бұл қуанышқа қанша қуанайын десе де, «бұ бала да алдыңғыларына ұқсап, шетінеп кетер» деп ешкімге көрсетпей бағыпты. Сізге құжат та рәсімдемепті. Өлімнен аузы әбден күйген әке-шеше өйтпегенде қайтсін-ай?! Тек сіз бір жастан шамалы асқанда ғана ауылдық кеңеске барып, туған күніңіз деп сол күнді, яғни, 1956 жылдың 19 мамырын белгілепті.

Иә, Рахман көке. Өміріңізде талай қиындықтарды бастан кештіңіз. Шүкір, ол күндер ұмытылды. Бүгін бір мәуелі бәйтеректейсіз. Тәуба. Қызыңыз бір әулеттің анасы, ұлдарыңыз бір-бір отбасының отағасы. Немерелеріңіз шауып жүр. Сөзіңізде әзілдеп балаларыңызды «байдың балалары» деп көтермелеп отырасыз. Қалтасын емес, әке-шешесі барын меңзегеніңіз. Басқаны қайдам, сіз екеумізге әке-шешеден артық байлық жоқ. Ұл-қыздарыңыз, немерелеріңіз «байдың балалары» статусынан ешқашан түспесін, көке! Мың жасаңыз!

Бұл тілек өткен жылы жазылуы тиіс еді. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен жүріп, мүмкіндігім болмады. Кеш те болса, шынайы жүрегімнен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыз, аға! Той тойға ұлассын!

Ізгі ниетпен шәкіртіңіз, ініңіз Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here