ҰЖЫМ МЕН БАСШЫНЫҢ ОЙ-ТІЛЕКТЕРІ, МАҚСАТТАРЫ БІР ЖЕРДЕН ШЫҚҚАН КЕЗДЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ОРНАЙДЫ

0
957

Газетіміздің әр санында білім мекемелері басшыларымен сұхбаттар жарияланып тұрады. Назарларыңызға Шымкент қалаcы білім бөлімі «№79 жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры Ақтолқын Ақжолқызы Жайлаубаевамен болған сұхбатты ұсынамыз.

— Сұрағымды мектебіңіздің тарихынан бастағым келіп отыр, себебі материалдық-техникалық базасы жеткілікті болғанмен, орналасқан ғимараты тым ескі секілді.

— Иә, кім келсе де сөзінің бісмілләсін осы сұрақты қоюдан бастайды, сондықтан бұл сұрағыңыз мен үшін таңсық емес. Бұл мектептің іргесі 1904 жылы қаланған. Бастапқы кезде бір бай-манаптың 5-6 жылқы сиятын ат қорасы болған екен. Кейін бір-екі бөлмені жапсарлас қосып, қыздарға арналған 4 сыныптық мектеп болып ашылған. Кеңес үкіметі кезінде бұл ғимаратты теміржол вокзалына жақын болғандықтан әскери госпиталь ретінде де пайдаланыпты. Осы маңдағы теміржолшылар балаларына білім ошағы керек болғандықтан ғимаратты үлкейтіп, 2 сынып бөлмелерін қосып 1934 жылы мектеп ретінде пайдалана бастады. 82 жыл іргетасы құламаған мектеп ғимаратының жағдайы басшыларымыздың назарынан тыс қалған жоқ. Жаңа мектептің іргесін қалау, құдай бұйыртса 2019 жылға жоспарланып отыр. Міне, сіз 82 жылдық бай тарихы бар білім ордасына келіп отырсыз.

— О, не деген керемет! Қаншама тарих, қаншама шежіре жатыр екен ғой бұл мектепте! Демек, өмірден өз орындарын тапқан қаншама тұлғалар тәрбиеленген деген сөз ғой бұл. Ал, осы тарихи мектепте сіз нешінші басшысыз?

— Осы сұрағыңызға мақтанышпен жауап бергім келеді. Себебі, мен бұл мекемеде 6-шы басшы екенмін. 82 жылдық мерзімде 6 ғана басшы болуы көп нәрсені аңғартып тұрған сияқты.

Ұжым мен басшының ой-тілектері, мақсаттары бір жерден шыққан кезде осындай тұрақтылық орнайтын болса керек. Азғана уақыт басшылық мерзімде түйген ойым — ұжымның әр мүшесіне өз отбасыңның мүшесіндей қарау керек. Осы әрекетіңді ұжым бағалап жатса, жігеріңе жігер қосылады екен.

— Сіздің басшы ретінде мұғалімге қоятын талабыңыз?

— Біріншіден мұғалім — өз мамандығын, балаларды сүю керек. Егер бала мұғалімнің сүйіспеншілігін сезбесе, ол сол пәнді жақсы көрмейді. Баланы баурап алу, пәнге деген қызығушылығын арттыру мұғалімнің мейірі мен сабақ беру шеберлігіне тікелей байланысты. Олай дейтінім, мұғалім он жерден білімді болып, мейірімді болмаса, оқушының жан-дүниесін түсінбесе, онда бала мұғалімді де, пәнді де мойындамайды. Демек, барлығы мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Жаман ұстаз болмайды, барлығының мақсаты — оқыту, тәрбие беру, білім беру. Өз балаларын тасада қалдырып, елдің балаларына күш-жігерін төгіп жатқан мұғалімдердің еңбегін еш етуге болмайды. Мәселен, үйіңіздегі балаларыңыздың сабағын бір мезгіл қадағалап, үй тапсырмасын дайындатып көріңізші. Осыдан-ақ мұғалім, алдындағы қанша балаға неше есе энергия жұмсайтынын бағамдай беріңіз. Әрине, «мұғалім сол үшін жалақы алып отыр» деп дауласатындар да табылады. Бірақ, ата-ана тарапынан жауапкершілік және қолдау болмаса, алған білімнің нәтижесі аз болады. Осыны бәріміз бірдей сезінбесек, болашағымызға немқұрайлы қарағанымыз деп білемін.

— Ата-аналар тарапынан қандай қолдау болғанын қалар едіңіз?

— Ата-ана – біріншіден өз баласына, оның сабағына жеткілікті көңіл бөлсе екен. Бұнымды бүкіл ата-аналарға жалпы үндеу деп қабылдаңыз! Күнделікті сабағын қадағалап, түсінбеген жағдайда сынып жетекшісіне, пән мұғалімдеріне хабарласып «мына жерін түсінбедік, көмегіңіз керек болып тұр»- десе, біз тек қуанамыз! Ал, біздің мектепте осындай тығыз байланыс орнатқан ата-аналар жетерлік! Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

— Қалай ойлайсыз, бала тәрбиесінде кімнің рөлі маңызды, ата-ананың ба, әлде мектептің бе?

— Екеуінің де рөлі маңызды. Алайда, мен ата-ананың рөліне басымдық берер едім. Қазағымыздың ғұлама жазушысы М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демеп пе еді?! Ендеше, әрбір ата-ана өз перзенттерінің тұлға болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлуі керек. Себебі, бала тәуліктің 5-6 сағатын ғана мектепте өткізеді, қалған уақыт ата-анасының еншісінде. Перзенттерінің мінезінің көркем болуына, тәрбиесіне, сөйлеген сөзі мен жүріс-тұрысына, киген киіміне, біліміне көңіл бөлу, тіпті талап ету – ата-ананың басты міндеті. Осыны әрбір ата-ана жан жүрегімен ұғынған кезде ғана, мектеп үшін балаға тәрбие мен білім беру нәтижелі болары анық. Бұдан, мектептің рөлі аз екен деген ой қалыптаспау керек. Себебі, ұстаздардың барлығы жан-тәнімен тек оқушы үшін жұмыс жасауда. Мектеп ұжымында 79 мұғалім еңбек етеді, барлығы жоғары білімді, оның 25-і үш айлық деңгейлік курстан өткен. Мұғалімдердің үнемі біліктіліктерін арттырып отыруын қадағалап отырамыз. Мектептің даму жоспары бойынша семинар мен коучингтер жүйелі түрде өткізіліп, сабақтарда жаңартылған білім берудің тиімді әдіс-тәсілдері қолданылып жатыр.

— Мектебіңіздегі қандай жетістіктермен мақтанар едіңіз?

— Біздің ұжымның үлкен жетістіктерінің бірі – жыл сайын бітіруші түлектер арасында «Алтын белгі», «Үздік куәлік» иегерлерінің тізбегі үзілген емес. Бұл біріншіден ұжымның тер төккен еңбегі, сол үшін біздің ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Мұғалімдердің осы еңбегін бағалап, жауапкершілікті сезінген оқушыларға, ата-аналарға алғысым шексіз. Республика, облыс, қала көлемінде білімдерін дәлелдеп, өнерлерін паш етіп, жетістікке жетіп жатқан балаларымыз көп. Олардың мерейін асқақтатып, шабыттарына шабыт қосып жүрміз. «Ерім дейтін елің болмаса, елім дейтін ерің қайдан болсын». Қорыта айтқанда, әрбір адам өз жұмысына беріліп, жауапкершілікпен атқарса, түбінде жемісін көреді. Менің үнемі айтып отыратын өмірлік ұстанымым: «Сайдағы адам сайдағыны ғана көреді, ал таудағы адам сайдағыны да, таудағыны да көреді».

— Газет оқырмандарына, редакция ұжымына тілегіңіз?

— Газет ұжымына айтарым, жаңадан қолға алып, бастап жатқан істеріңіз берекелі болсын! Газеттеріңіз оқырмандарын арттыра берсін. Болашақта әр ұстаздың қолынан табылатын басылым болсын дегім келеді. Шығармашылықтарыңыз шарықтай берсін. Ал, газет оқырмандарына тілерім, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Еліміз өркендей берсін. Білімді ұрпақтарымыз көбейе берсін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құтты болсын!

— Сұхбатыңызға рақмет! Қазақ елінің туын желбіретер ұрпақ тәрбиелеуде мектеп ұжымының әлі де болса атқарар еңбегі мол, атқара да береріне мен сенімдімін!

Сұхбаттасқан М. АБДАЛИЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here