ҰБТ-ның жаңа форматы бұрынғы тесттен оңайырақ

0
2997

№740 ҰБТ өткізу пунктінің жетекшісі Сыпабек Қасымхан Сайлаубекұлы

Қасымхан Сайлаубекұлы! Балалары мектеп бітіретін ата-аналардың көкейінде ең алдымен ҰБТ тұратыны бұлжымас заңдылыққа айналған бүгінде. Биыл ҰБТ өткізуге біршама өзгерістер енгізілгенін білеміз. Осы орайда, сол өзгерістерге кеңірек тоқталып өтсеңіз.

Ұлттық бірыңғай тест 2004 жылдан бері өтіп келеді. Биылдан бастап, ҰБТ-ның жаңа форматы енгізілді. ҰБТ-ке қатысу үшін өтініштерді біз мектеп бітірушілерден 10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылдадық. Қазіргі таңда біздің орталыққа өтініш бергендер саны – 2107. Бұған дейінгі жылдарда бізге 1600-1650-дей бітірушілер өтініш беретін. Көптеген мектеп бітірушілер ауылдық мектептерге ауысатын. Биыл соңғы тоқсанда ауылдық мектепке немесе басқа қаладағы мектепке ауысу жағдайы кем болды. Биылғы жылы өтініш білдіргендердің саны 450-ге артып отыр. Менің ойым, барлық өңірлерде ҰБТ тапсыру форматы бір деңгейде болғандықтан болар, мүмкін жаңа форматтың енгізілуі де әсер еткен болар, анығын білмеймін, бірақ, биыл ауылдық мектепке ауысқандар саны төмен болды. Жаңа форматтағы ҰБТ-ның бір ерекшелігі – бұрындары түлек қай тілде білім алса, сол тілде ҰБТ тапсыруы міндетті болатын. Ал, жаңа формат бойынша тест тапсыру тілін бітірушінің өзі таңдайды. Тағы бір өзгешелігі, бұрын бес пәннен тапсырса, биыл да бес пәннен білімін сынайды. Тек, Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, математика сауаттылығы пәндерінен міндетті, ал, екі пән бейіндік пән болып табылады. Ал, шығармашылық емтихан тапсыратындар тек оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихын ғана тапсырады. Айта кететін тағы бір нәрсе, бұрын әр пәннен 4 балл, бейіндік пәндерден кемі 7 балл жинауы тиіс болса, жаңа формат бойынша әр пәннен кемі 5 балл, бейіндік пәндерден кемі 15 балл жинауы керек. Мұны мен ҰБТ қиындады деп есептемеймін. Себебі, бұрын ЖОО-ға түсудің шекті балы 100 мүмкіндіктен 50 балл болса, биылғы жаңа формат бойынша 140 мүмкіндіктен 50 балл. Демек, ЖОО-ға түсу үшін жинаған ұпайы 50 пайыздан 35 пайызға түсті деген сөз. Бұл бітірушілер үшін үлкен жеңілдік.

Бұрын мектеп бітіргенде тапсыратын қорытынды тест пен ҰБТ бірге еді. Биылғы жаңа өзгеріс бойынша қайта бөлді. Мұның артықшылығы бар ма? Кемшілігі ше? Балаға кері әсерін тигізбей ме?

Мен жаңа форматты оң бағалаймын. Себебін түсіндіре кетсем, қазіргі жаңа формат бойынша бітірушінің білімін мектеп өзі бағалайды. Бұрын бітіруші білімін ҰБТ-дан жинаған ұпайы бойынша бағалайтын. ҰБТ кезінде оқушы сасады, моральдық тұрғыдан оқушыға қиын соғуының әсерінен оқушы өз мүмкіндігін толық пайдалана алмауы мүмкін. Ал, қазір мектепте бұрынғыдай тапсырады. Бастысы тест тапсырмасы емес, емтихан ауызша болуы мүмкін, эссе жазуы мүмкін. Эсседен қорқудың қажеті жоқ. 3-4 ай бұрын эссе тақырыптары оқушыларға алдын ала беріліп қойды. Қайталап айтамын, мектеп қабырғасындағы қорытынды аттестаттауды ҰБТ-мен шатастырмау керек. Қорытынды аттестаттаудың бағасы мектеп бітірушінің аттестатындағы бағаларға әсер етеді. Ал, ҰБТ-ға ешқандай әсері жоқ. Тек білім грантын бөлу кезінде аттестаттағы бағалары ескерілуі мүмкін. Мектептегі қорытынды аттестаттау мамыр айының соңында бітеді, одан соң бітіруші 20 күндей ҰБТ-ға дайындалады. 20 маусымнан бастап ҰБТ кешенді түрде өткізіледі.

Мұғалімдер биылғы ҰБТ-ның жаңа бағдарлама бойынша дайындалғанын, ал, биылғы түлектер ескі бағдарламамен оқығандығын, нәтижесінде көптеген түлектерге қиын соғатындығын айтып дабыл қағуда. Бұл туралы ойыңыз қандай?

Негізінде былтыр осы жаңа форматты Ұлттық тестілеу орталығы апробациядан өткізді. Оқыту тілдеріне қарамай барлық мектептерде дерлік апробациядан өткізілді. Жаңа формат енгізілгеннен бастап, Ұлттық тестілеу орталығында онлайн-тесттер өткізілді. Көптеген нұсқаулық-кітапшалар шығарылды. Оқушылар сол бойынша дайындалып жатыр. Бұрынғы форматтан өзгешелігі жоқ. Тіпті, жаңа формат бұрынғыдан оңайырақ деп ойлаймын. Оқушылардың тапсырған байқау-тесттеріне қарап, нәтижесіне қарап, оқушылардың дайындығы жақсы деп ой түюге болады.

Жаңа формат бойынша «Алтын белгі» иегерлеріне ешқандай жеңілдік қарастырылмайтын болды. Бұл туралы ойыңыз?

Мысалы, бұрын 88 балл жинаған «Алтын белгі» иегері білім грантын ұтып алатын. Ал, 100 балл жинаған қарапайым оқушы тегін оқудан қағылатын. Осы жағын ескерген болуы керек, биылдан бастап «Алтын белгі» иегерлеріне ешқандай жеңілдік қарастырылмайтын болды. Бірақ, екі талапкер 99 баллдан жинап, бір орынға үміткер болса, «Алтын белгі» иегеріне артықшылық берілетінін естен шығармауымыз керек.

Өзіңіз жетекшілік ететін №740 ҰБТ өткізу пунктінің жұмысын, міндетін оқырмандарға түсіндіре кетсеңіз, биылғы ҰБТ-ны ұйымдастыру шаралары қай деңгейде?

Біздің негізгі жұмысымыз – мектептегі техникалық хатшылармен жұмысты жолға қоюдан басталады. Техникалық хатшы дегеніміз – мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары. Солармен біз өте тығыз байланыста жұмыс істейміз. Министрліктен, Ұлттық тестілеу орталығынан келген ҰБТ-ға қатысты кез келген материалдарды біз бірінші кезекте сол техникалық хатшыларға жеткізіп отырамыз. Мектеп бітірушілердің ата-аналар жиналысына тұрақты түрде қатысамыз. Блогерлермен, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырамыз. Блогерлер арқылы жаңа форматтың артықшылығы мен өзгешелігін әлеуметтік желілерге салып, қоғамды хабардар етіп отырмыз. Осы жұмыстардың барлығына көмектесетін де сол техникалық хатшылар. Біздің пунктке 39 мектеп бекітілген.

ҰБТ өткізуге толық дайынбыз деп сенімді түрде айта аламын. 14 аудитория сақадай сай. Аудиториялар бейнекамераламен жабдықталған. Ол камералардың барлығы онлайн режимде жұмыс істейді. Ол – әрбір ата-ана баласы тест тапсырған аудиторияны үйінде отырып-ақ қадағалай алады деген сөз. Тағы бір айта кететін жайт, бұрын ұялы байланысты өшіретін жабдықтардың барлығы ескі еді. Биыл барлық тест орталықтарындағы ондай жабдықтар түгел жаңартылды. Біздің пункте сондай құрылғылардың 25-і орнатылды.

 №740 ҰБТӨП-де қай аймақтың мектептерінің түлектері тест тапсырады?

Менің бір қуанатыным, біздің пунктке қаладағы алдыңғы қатарлы мектептердің түлектері білімін сынайды. Атап айтар болсақ, «Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 лицей», «Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясы», «№7 Қ.Спатаев атындағы мектеп-лицей», «ОҚО мамандандырылған үш тілде оқытатын №1 мектеп-интернаты», «№2 мамандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаты», «Техникалық лицей» және т.б. Сол себепті де біздің орталыққа (пунктке) тапсырған түлектердің нәтижесі өзгелерге қарағанда жоғары болып жатады. Бұл мәліметке қарап, сіз ойлап қалмаңыз, кілең жақсы мектептерді осы орталыққа жинаған екен деп. Қалада бізден басқа да 3 орталық бар. Олардың да қатарында жақсы мектептер бар. Барлық орталықтың мүмкіндігі бір. Мысалы, біздің орталыққа қарайтын бір мектептің нәтижесі басында төмен болатын. Қазір сол мектеп оқушыларының нәтижесі жылдан жылға жақсарып келеді. Ол әрине мектеп басшыларының, мектеп мұғалімдерінің еңбегі, жұмыстың дұрыс жолға қойылғандығының нәтижесі.

Сөз соңында не айтар едіңіз?

Биыл ҰБТ тапсыратын барша түлектерге сәттілік тілеймін. Газетіңіздің оқырмандары көбейе берсін.

Сұқбатыңыз үшін рақмет!

 

Әңгімелескен М.Абдалиева

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here