Қытайлар балаларын қалай тәрбиелейді?

0
1267

Бұл мәтіннің авторы – Америкада тұратын қытай әйелі Эми Чуа, Иель университетінің профессоры, «Жолбарыс-ананың жауынгерлік ұраны» («Battle Hymn of the Tiger Mother») кітабының авторы. Бұл кітаптың қазақша нұсқасы қашан жарық көретіні белгісіз болғандықтан, http://www.psychologos.ru сайтында жарық көрген орысша үзіндісін тәржімалауды жөн көрдім. Сіздерге ұнайды деп үміттенемін.

Көп адамдар қытайлардың табысты балаларды тәрбиелеуге қалай қол жеткізетіндігіне таң қала қарайды. Қытайлық ата-аналар ақылды математиктер мен өнерлі музыканттарды тәрбиелеп шығаруда қандай әдіс-тәсілдер қолданады? Мен бұған өзім осындай нәтижеге жете алғандықтан жауап бере аламын.

Мен қыздарым София мен Луизаға мыналарға тыйым салғанмын:

  • Отырыстарға, көңілді кештерге барып, қонып қалуға;
  • Ер балалармен достасуға;
  • Мектеп сахнасында қойылымдарда ойнауға;
  • Мектеп сахнасына шықпадым деп шағымдануына;
  • Теледидар қарауға және компьютерлік ойындар ойнауға;
  • Өз бетінше қосымша дәрістерді таңдауына;
  • «Бестіктен» төмен баға алуына;
  • «Дене шынықтыру» және «Драмадан» басқа пәндерден «нөмірі бірінші оқушы» болуына;
  • Пианино мен скрипкадан басқа аспаптарда ойнауына;
  • Пианино мен скрипкада ойнамауына.

Мен «қытай анасы» деген терминді кездейсоқ қолданып отырған жоқпын. Мен осы категорияға жататын бірқатар кәріс, үнді, жамай, ирланд, ган ата-аналарын білемін. Керісінше, өз қалауы бойынша немесе басқа да себептермен бұл категорияға жатпайтын батыста туған қытай ұлтынан шыққан аналарды да білемін. Сонымен қатар «батыстық ата-аналар» терминін де жалпылама қолданамын. Себебі, батыстық ата-аналар да әртүрлі болады.

Қалай болғанда да, батыстық ата-аналар өздерін қанша жерден қатал санаса да «қытайлық анадан» ауылы әлдеқайда алыс екендігі анық. Мысалыға, өздерін «қатал ата-анамыз» деп санайтын, баласына күніне жарты сағат музыкамен айналысуын мәжбүрлейтін достарымды білемін. Жарайды, ең ары кеткенде бір сағат дейік. Ал, қытайлық ана үшін баланың бір сағат музыкамен айналысуы – өте оңай. Ал, музыкамен шынайы айналысу – екінші, үшінші сағаттардан басталмақ.

Әбден таптаурын болған әдіс-тәсілдермен біз қанша күрескенімізбен, көптеген зерттеулерге қарап, батыс елдері мен қытайлардың бала тәрбиесіндегі әдіс-тәсілдерінің арасы жер мен көктей екеніне көз жеткіземіз.

Америкалық 50 ана мен Қытайдан келген 48 иммигрант-әйел қатысқан зерттеуде, батыс әйелдерінің 70 пайызы «Оқуда балалардан зор табыс талап ету жақсы емес» деп санап, «ата-аналар оқуды ұнамды һәм жағымды ету үшін тырысу керектігін» айтқан.

Ал, қытай аналары болса, мұндай идеяларға түбегейлі қарсы шыққан. Олар балаларының «үздік оқушы» болғандықтарын қалайтынын, сонымен қатар «баланың жақсы оқуы — берілген тәрбиенің дұрыс екендігінің айғағы» — деп кесіп айтқан. Ал, егер оқу балаға қиындық тудырса, бағынбаса, онда ол «өз жұмысын істемейтін» ата-ананың кінәсі.

Сонымен қатар тағы бір зерттеу қытайлық ата-аналардың баласының оқуына арнаған уақыты батыстық ата-аналардан он есе көп екендігін дәлелдеген. Бірақ, батыстық балалар оның орнына спортпен айналысуға көбірек уақыт жұмсайды.

Қытайлық ата-аналар мына бір қарапайым қағиданы: Егер,  жақсы игермейінше, ешқандай пән перзентіне жағымды болмайтындығын жақсы түсінеді. Кез келген істің шыңына жету үшін жұмыс істеу керек. Ал, балалар болса еш уақытта өздігінен жұмыс істеуді қаламайды. Міне, сол себепті де баланың ыңғайына жығылып, әуеніне төңкерілмеу керек деп санайды қытайлықтар. Бұл ата-ананың табандылығын қажет етеді. Өйткені, бала бұған қарсы болады. Әрине, басында бәрі қиын болады. Осы себептен де батыстық ата-аналар бұл қиындықтарға төзбей, тез беріледі. Ал, егер берілмей, табандылық танытсаң, қытай әдісінің дөңгелегі зырғи жөнелмек. Қажырлы еңбек қана нәтижеге жеткізеді. «Қайталау – білімнің анасы» екендігін америкалықтар ескере бермейді.

Бала қандай да болсын, мысалы: математика, музыка, балет сияқты салаларда жетістікке жете бастаған кезде, бұған жауап ретінде масаттану, рақаттану секілді сезімдерді бастан кешіп, өзгелердің өзін мойындағанын сезе бастайды. Баланың өзіне деген сенімділігі оянады. Осылайша, бұрынырақ қолайсыздық тудыратын істер қуаныш әкеле бастайды. Ал, бұл өз кезегінде мұнан да қажырлы еңбектенуге ынталандыра түседі.

Қытай ата-аналары батыстық «әріптестерін» тұйыққа тірейтін тығырықтардан оңай жол таба алады. Осы орайда, бала кезімде анама дұрыс қарым-қатынас жасамағаным үшін әкемнің мені өз тілімде «қоқыс» деп күстаналағаны есімнен кетпейді. Әкемнің бұл әдісі далаға кетпеді. Мен өзімнің дұрыс емес іс-әрекетім үшін ата-анамнан қатты ұялдым. Бірақ, бұл менің өзімді бағалауыма кері әсер етпеді. Әкемнің мені қатты жақсы көретінін сезетінмін. Мен де өзімді «қоқыс» сезінген жоқпын.

Кейін мен өзім де ана болған кезімде өз қызым София маған қарата өзін өте жаман ұстағаны үшін, оны ағылшынша «қоқыс» деп балағаттап, әкемнің «әдісін» қолдандым. Кейін осы оқиғаны мен өз қонақтарымның алдында еске түсіріп, әңгімелегенімде сынның астында қалдым. Тіпті Марси деген құрбым қатты қапа болып, өкіріп жылап жіберді. Кейінірек біздің компаниядан да кетіп тынды. Ал, екінші бір құрбым үй шаруасындағы әйел – Сюзанна  мені қонақтарымның  алдында ақтап алуға тырысты.

Қытай ата-аналары батыстық ата-аналар үшін мүмкін еместі жасай алады. Бұл – факт. Қытай-ана өз қызына: «Ей, табақ! Тезірек салмақ тастап, арықта!» — деп кез келген уақытта айта алады. Ал, батыстық ата-аналар болса, мұндай жағдайда мәселені «сипай қамшылап», сыпайылап, «денсаулығы – өз қолында екендігін» айтып, алыстан орағытып жеткізер еді.  Ал, олардың балалары өз кезегінде өзін-өзі жағымсыз бағалағаны үшін психотерапевттің алдын тоздырып жүретінін де жоққа шығара алмайсыз. Мен бірде батыстық әкенің өз қызын «асқан сұлу, асқан ақылды» деп көрінеу көзге өтірік мақтап жатқанына куә болдым. Ал, кейінірек әлгі қыз әкесі өтірік мақтаған кезде өзін «қоқыс» сезінгендігін айтып сыр шертіп еді.

Қытайлық ата-аналар баласына тек «бестікпен» оқуына бұйрық бере алады. Ал, батыстық ата-аналар баласының жақсы оқуға тырысу керектігін, ол оның қолынан келетіндігін айтумен шектелуі мүмкін. Қытай-ана: «Сен жалқаусың. Барлық сыныптастарың сенен озып кетті» — деп ұрысса, ал, батыстық ана баласының кемшілігі үшін ренжімейтіндігін айтып сендіруге тырысады. Мен бұл туралы көп ойландым. Осы орайда қытайлық пен батыстық ата-аналардың бала тәрбиесіндегі үш айырмашылыққа тоқталып өткім келеді.

Біріншіден, батыстық ата-аналар балаларының өз-өздерін бағалауына тым көп алаңдайтындығын байқадым. Баласының сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қандай күй кешетінін олар көп уайымдайды. Сондықтан да олар балаларының тесттен төмен бал алып, емтиханнан сүрінсе де, мұңаймауын, қандай жағдайда да ата-анасы баласын сүйетінін айтып сендіруге тырысады. Жалпы айтқанда, бастыстықтар баласының психикасына көп мән береді. Ал, қытайлықтар ондай емес. Олар баласын осалдыққа емес, күштілікке, мықты болуға тәрбиелейді. Нәтижесінде, олар өздерін мүлде басқа қырынан танытады.

Мысалыға, баласы сабақтан «бес минусымен» алып келген жағдайда, батыстық ата-ана оны мақтауы мүмкін. Ал, қытайлық ана мұндай жағдайда «зәресі ұшып», баласынан не болғанын тәптіштеп сұрайды.

Егер баласы «төрттік баға» алып келген жағдайда да, батыстық ата-ана оны мақтауы мүмкін.

Ал, қытайлық бала мектептен «төрттік» әкелген жағдайда, құдай басқа салмасын, отбасында айғай мен шу орнап, бір-бірінің «шаштарын жұлу» жағдайына алып келуі мүмкін. Нәтижесінде, анасы әлгі пәннен ондаған тіптен жүздеген тапсырманы  баласы қашан «бестік» алғанша бірге орындайды.

Қытайлық ата-ана баласының жақсы баға алатындығына сенгендіктен де осындай қатал қадамға барады. Ал, баласы жетістікке жеткен кезде, үй ішін ата-анасының мейіріміне толтырып қоймақ.

Екіншіден, қытайлық ата-аналар баласын өздерінің алдында мәңгі қарыздар деп есептейді. Қытай-ана баласының оқуына күніне сағаттап уақыт жұмсайды. Баласы жақсы азамат болып, үлкен жетістіктерге жеткенде ғана ата-ана алдындағы өтеуінен құтылмақ.

Ал, батыстықтар болса, бұған мүлде қарама-қарсы пікірде. Тіпті менің жолдасым Джек те. Бірде ол маған: «Балалардың ата-анасын таңдай алмайтындығын», — айтты. – Олар тіпті қашан туылатындығын да білмейді, – деп жалғастырды ол.  – Ата-аналар баласына өмір сыйлайды. Сондықтан да ата-ана баласына әрдайым көмектесуі тиіс. Ал, бала ата-анасына ештеңе қарыз емес. Ол – өз балаларының алдында жауапты – деп сөзін аяқтаған еді. Бұл маған батыстық ойлаудың сұмдық көрінісіндей әсер еткенін жасыра алмаймын.

Үшіншіден, баласына не қажет екенін тек ата-анасы білетіндігіне қытайлар кәміл сенеді. Сол үшін де баласының өзіндік қалауы мен қызығушылығын үнемі жоққа шығарып отырады. Сол үшін де қытай қыздарына жоғары сыныптарда ұл балалармен достасуына, түнемелігімен табиғат аясына жорыққа шығуына тыйым салынады. Сол үшін де қытай баласы анасына: «Мен мектептегі қойылымда мынадай роль алдым. Енді, сабақтан соң репетицияға қалатын боламын. Тіпті демалыс күндері де дайындыққа барамын» — деп еш уақытта айта алмайды.

Мені дұрыс түсінбей қалмаңыздар. Мұндай қарым-қатынас – қытай ата-аналарының балаларына немқұрайлы қарайтынын білдірмейді. Керісінше. Олар баласы үшін жанын қиюға бар. Бұл жәй ғана – ата-аналық қарым-қатынастың өзгеше түрі.

Эми Чуа,

Иель университетінің профессоры, Америка Құрама Штаттары.  

http://www.psychologos.ru

Орысшадан аударған Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here