Чехов атап көрсеткен ТӘРБИЕЛІ АДАМНЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ

0
594

Ұлы классиктің бағамдауынша, тәрбиелі адам келесі әдеттерге сай болуы тиіс екен:

  1. Адамды тұлға ретінде сыйлай біледі. Сондықтан үнемі жұмсақ, әдепті, кешірімшіл. Олар болмашыға бола дауыс көтермейді. Бірге тұрғаны үшін ешкімге міндетсінбейді. Ал кетіспек болса, сенімен өмір сүру мүмкін емес деп ешқашан айтпайды. Олар шуды да, салқындықты да, шикі піскен етті де, ащы бұрышты да, үйінде бөтен жандардың тұрғанын да көтере алады.
  2. Олардың жаны тек кедейлер мен мысықтарға ашымайды. Көзге көрінбейтін құндылықтар үшін де іші қан жылап тұрады.
  3. Олар өзгенің меншігін қатты бағалайды, сол үшін қарызын мерзімінде қайтарады.
  4. Олар шыншыл, өтіріктен өрттен шошығандай шоршиды. Тіпті майда-шүйдеге бола өтірік айтпайды. Тыңдаушы үшін өтірік айтқаның оны бетіне түкіргенің, айтушының көзқарасында ол түкке тұрғысыз болып шыға келеді. Олар көпшілікте дандайсымайды. Түзде де өзін үйдегідей ұстайды. Өзінен кішілердің алдында менмендікке бой бермейді. Өзгенің құлағын сыйлағандықтан көбіне үндемейді.
  5. Өзгенің аяушылығын ояту мақсатымен өзін аянышты ахуалға түсірмейді. Өзге жанның сезім пернесінде ойнамайды. Олардың мүшкіл халіне қарап басынан сипасыншы деген ниетті көздемейді. Олар мені ешкім түсінбейді дегенді аузына алмайды!
  6. Олар күйгелек емес. Атақты адамдармен таныстық, соны пайдасына жарату сияқты жалған әшекейді тақпайды.
  7. Егер бойында дарыны болса, соған бар ырқы мен ықтиярын жұмсайды. Сол үшін тыныштығын, әйелді, шарапты, өзге тіршілікті құрбан ете алады.
  8. Бойын эстетикаға баулиды. Олар киімшең ұйықтай алмайды. Қабырғада бүргені көріп тыныш таппайды. Лас ауамен тыныстамайды. Былғаныш еденмен жүрмейді. Жуылмаған ыдыспен тамақтанбайды. Өзінің нәпсісіне ие болып, ұлы сезімге құрметпен қарайды.

Әдепті адамның бәрі биік болады. Оларға әйелден төсек те, жалған бұртию мен көпе көрінеу алдаусырату керек емес. Оларға, әсіресе, суретшілерге, тазалық, көркемдік, биязылық, адамгершілік қажет.

Олар ішімдік ішпейді. Киімді иіскеп кимейді. Қолы боста ғана аздап ұрттауы мүмкін. Өйткені, олардың ара-тұра оқшаулану қажеттілігі бар.

Әдепті адамдар осындай. Осы деңгейге жету үшін өзіңді өзің тәрбиеле. Бұл деңгейге жету үшін Пиквикті оқып қоя салу, Фаусттың монологын жаттап алу жеткіліксіз. Күндіз-түні еңбек ету, тер төгу шарт. Үнемі кітап оқып, еркіңді шынықтыр. Әр сағатың қымбат. Шараптың бөтелкесін шағып, кітап оқы. Тым болмаса, Тургеневті оқы.

Аударған Шынар ӘБІЛДӘ.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here