ТӘРБИЕ – ОТБАСЫНАН БАСТАУ АЛАДЫ

0
490

«Баланы – жастан, әйелді – бастан» дегенді бекер айтпаған болар ата-бабамыз. Қазіргі таңда бәрі балапан басымен, тұрымтай тұсымен қу тіршілік қамын күйттеп жүрген заманда балаға тәрбие беру процесін ақсатып алғанымыз өтірік емес. Қазіргі қоғамда қылмыс түрлерінің, тіпті ата-бабамыздың ойы түгіл түсіне де кірмеген небір сұмдықтар: жезөкшелік, лаңкестік секілді небір бәлелер үйреншікті жағдайға айналып барады. Біздің қоғамда салдарымен күресуге көңіл бөліп, ал, алдын алуға немқұрайлы қарайтынымыз да рас.

Бүгінгі қоғамда жат ағымның жетегіне ерген қаракөздеріміз көбейіп, қысқа балақ, ұзын сақалды өрендерімізді көшеде кездестіру де қалыпты жағдайға айналғалы қашан? «Дина апамыз да хиджап киген» — деп кимешек киген Дина апамыздың суретін көрсетіп дәлел айтып, хиджап жамылған қаракөз қарындастарымызды да көрдік. Күні кеше Ақтөбеде болған лаңкестік әрекетке де әркім әртүрлі баға беруде. Тағы да бір-бірімізді айыптап жатырмыз. Билік сыртқы күштер мен жат ағымға ерген жастарды, ал, қара халық билікті айыптап жатыр. Әйтеуір, кінәні өз бойымыздан іздемеу қанымызға сіңіп кеткен дағды секілді. Өзімізді сүттен ақ, судан таза қылудың амалы.

Ал, осы салафи секілді жат ағым өкілдерін, жезөкшелік жолына түскендер аспаннан түскен жоқ, жерден шыққан жоқ. Барлығы да өз бауырларымыз бен қарындастарымыз емес пе? Ал, олар бұл жолға қалай түсті? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелікші.

Бүгінгі таңда балаларымызға жөн тәрбие бере алып жүрміз бе?

Мынадай алмағайып заманда бәріміз де қу құлқынның қамын қамдаймын деп ұлттық тәрбиеге, идеологияға мән бермей жүрміз. Балаларымды ештеңеден тарықтырмасам деп, таңның атқанынан күннің батқанына дейін титықтап жұмыс істейміз. Үйге барған соң, баламызға назар да аудармай ұйқыға кетеміз. Таңертең тағы да осы цикл қайталанады. Ау, балаларды бақытты ету деген – олардың иығын жылтыратып киім тауып берумен, оқуға түсіріп, диплом әперумен шектелмейді ғой. Бала тәрбиесін ананың құрсағына біткен сәттен бастау керектігін есімізден шығарып алдық.

Балаларымызбен дастархан басында шүйіркелесуді де қойдық бірауық. Үйге келсең әр балаң әр бөлмеде «тілипөнін»  шұқылап отырады. Оның қандай әлеуметтік желіде тіркелгенін, кімдермен, қандай тақырыпта әңгіме қозғайтынына бас ауыртпаймыз. Мүмкін, ұлың лаңкестердің ашқан тобында әңгімесі жарасып жүрген шығар? Мүмкін, қызың сол желідегі хит болған суицид тақырыбын зерттеп жүрген болар? Оған басымызды ауыртпаймыз.

Баламыз намазға жығылса, «тура жолға түсті, арақ ішпейтін болды» деп қуанамыз. Ал, оның жұма намаздарда қандай мешітке барып, қандай «ұстаздардан» тәлім алып жүргеніне тағы да немқұрайлы қараймыз. Бір күні ұрпағымыздың сақалы өсіп, балағы қысқарған кезінде бір-ақ біліп, аһ ұрып жатамыз. Ұлыңның бес тал «сақалы» кеудесіне түскен кезде ақылы қысқарып, ата-анасын тыңдамай, қарсы шығатынын көріп жүрміз.

Мектебін бітіріп, жоғары оқу орнына түскен соң баламызды бақылауды біржола қоямыз. Оқуға түсіріп, сертификатын қолға алып, қалаға келген соң пәтерге орналастырумен бітті шаруа.

Ол бала кімдермен бірге тұрады пәтерде? Араласатын ортасы қандай, достары қандай? Сабақтан соң ұлың немен айналысады? Ауылда тұрғысы келмей оқуға түсе алмаса да қалада қалып қойған ұлымыздың жаңа жылда әкеп берген 5-10 теңгелік «пәдәркісіне» мәз боламыз. Ал, оның қандай «еңбекпен» тапқан ақшасына алғанына алаңдап жатқан тағы ешкім жоқ.

Яғни, бүгінгі ұрпақ ойына не келсе соны істеуде. Кешегі лаңкестер де сол балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары «көше тәрбиесімен» өскен немесе сол жылдары дүниеге келгендер. Осының бәрі тәрбиенің әлсіздігінен екендігінің тағы бір айғағы осы емес пе? Ендеше, кеш болмау үшін бәрін бүгіннен өзімізден бастауымыз керек. Жұмыстан үйге келген соң, балаңның сабағын қадағала. Кімдермен дос екендігіне, араласатын ортасына талдау жаса. Біреудің «Ұялысын» тексеру ұят деп ұялып қалмай, ұлыңның, қызыңның қолындағы телефонын тексер. Қандай әлеуметтік желіге тіркелгенін, қандай топтарда әңгіме-дүкен құратынын зертте. Жат ағымға еріп адаспауын қадағала. Оңай ақшаға қызықпауын ескерт. Қалада пәтерде тұратын студент ұл-қыздарыңның үйіне барып, аптасына бір рет болса да қадағалап тұр. Пәтердің иесі кім? Көршілері қандай кісілер. Оған да мән бер. Әркім осылай отбасындағы тәрбиені, тәртіпті күшейтсе, адасушылар қатары азаяды деп ойлаймын. Ал, сіздің ойыңыз қандай? Оқыңыз, ой қосыңыз, әлеумет!

Ержан ТӘЛІП

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here