ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІНДЕ НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ТАНЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

0
944

«Отан отбасынан басталады» дегенді бекер айтпаған болар дана бабаларымыз. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасы тәрбиесінің маңызы ерекше. Алайда, бүгін әр отбасында балаға лайықты тәрбие беріліп жүр ме? Бұл сұраққа сенімді түрде жауап бере алмасақ керек.

Бұрын аналарымыз бұзықтық жасасақ «әкең келе жатыр» немесе «әкеңе айтамын» деген бір-ақ ауыз сөзімен тыятын.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегенді де айтқан ата-бабамыз. Бұл жерде ұл тәрбиесінде – әкенің, қыз тәрбиесінде – шешенің орны айрықша екендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Ал, бүгінде көп жанұяда отбасы тәрбиесі ақсап тұрған секілді.

Бұрын аналарымыз бұзықтық жасасақ «әкең келе жатыр» немесе «әкеңе айтамын» деген бір-ақ ауыз сөзімен тыятын. Кешке әкеміз жұмыстан келсе, ол туралы тіпті де сөз болмайтын. Өзіміздің кінәмізді біліп, тәртіпті болып, анамызға қолғанат болып жүгіріп жүретінбіз. Есесіне, әкеміздің бізге қатты ұрысқанын, болмаса қатты жекіргенін көрмей өстік.

 

АЛ, ҚАЗІР ШЕ?

Қазір мүлде басқа. Отағасы кешке жұмыстан шаршап-шалдығып, мұрнынан сүрлігіп үйге жете бере құлайды. Сол кезде күнұзақ үйде іші пысып отырған ұлы бір бұзықтық жасайды. Жүйкесі жұқарған анасы ұлына ақылын айтып, ұрса жөнеледі. Тыңдамаған соң, күйеуіне «Мына балаңды қарашы. Тыңдамайды» деп мұң шағады. Күйеуін айтақтаса «арс» ете қалатын қарғылы төбет көріп тұрғанымен жұмысы жоқ. Жұмыстан шаршап, жүйкесі жұқарып отырған отағасы мұндайда не істейді? Әрине, «арс» ете қалады. Барлық отбасында бұндай болмағанмен, ішінара болса да кездесіп жататынын жоққа шығара алмаспыз. Мұндай отбасында әкесінің қандай тәрбиелік шара қолданатынын жатқа білетін бала дандайсымағанда қайтсін? Жекіре берген соң, әкесін жек көріп кетуі де әбден мүмкін.

 

ТОЛЫҚ ОТБАСЫНДА ӨСПЕГЕНДІКТЕН ҚЫЗ СЕКІЛДІ ЖІГІТТЕР КӨБЕЙДІ

Екінші бір мәселе, қазіргі қоғамда ажырасу өте көп. Статистикаға сенсек, отбасын құрған әрбір үшінші жанұя ажырасып кетеді екен. Бұл дегеніңіз – әрбір үшінші жанұяның балалары әке тәрбиесінсіз өседі деген сөз.

Оның үстіне ажыраса салысымен-ақ баланы әкесіне қарсы қойып өсіретін де аналардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

Бұндай отбасыларда өскен ұлдардан ер-азаматқа лайықты игі қасиеттерді бойға сіңірген тұлға қалыптасады деп және айта алмасақ керек-ті.

Бір мысал келтіре кетейік:

Мен негізінде ұсақ әңгімелерді жаза бермеймін. Осы жолы болмайын деп тұр. Айтайын дегенім, астыңғы қабатта, күйеуі жоқ, жасы келіп қалған, өте дәулетті бір келіншек тұрады. Дардай жігіт болған, қолы балғадай студент баласы бар. Астында әппақ сороковка тойотасы бар. Ол келіншек менің үй шаруасына пысық екенімді жақсы біледі. Бір кездері подъезде кезігіп қалғанымызда маған, перфоратормен қабырғаны тесіп, бірнеше шеге қағып беруін сұрады. Мен оған: «Керек құралдардың бәрін ұлыңызға берейін. Сол жұмысты өзі де істей алады ғой. Еркек емес пе!» — деп едім. «Жалғыз ұлым ғой. Қолын ұрып алып, бір жерін ауыртып алса не болады?! Соған уайымдаймын ғой» — дегені бар емес пе. Мен аң-таң болып: «Бұл не дегеніңіз? Керісінше ұлыңызды осындай қара жұмыстарға салып, шынықтырмайсыз ба? Бұлай тым қатты еркелеуге болмайды ғой! Егер білмесе, үйретейін» — деп едім, «Жарайды. Хабарландыру арқылы біреулерді жалдармын!» — деп пәтеріне кіріп кетті. Осындай мамочкин сыноктардан Құдай сақтасын!!!

(Ерлан Декелбаевтың фейсбуктегі парақшасынан)

 

Міне, осы жалғыз мысалдың өзі көп нәрсені аңғартып тұр емес пе?

Одан қалса, мектептегі мұғалімдердің 80 пайызы әйелдер қауымы. Бұрындары ең болмаса, еңбек, бейнелеу, дене тәрбиесі пәндерін ер мұғалімдер жүргізетін еді. Осы күні дене тәрбиесі пәнін де әйел мұғалімдер жүргізіп жүргенін көріп те, естіп те, біліп те жүрміз.

Теледидарыңды қоссаң да бет-аузын, шаштарын бояған ер әншілер. Осыдан кейін қыз қылықты ерлер көбеймегенде қайтсін?!

 

ҚАЗІРГІ ҚЫЗДАР, ЖІБЕККЕ ЕМЕС, АНАНДИГЕ ЕЛІКТЕЙДІ

Мойындау керек, қазір идеология бар жерде ақсап тұр. Тағы да сол телеарнаны қоссаңыз, үнді, түрік сериалдарынан көз ашпайсыз. Балаларымыз қазақтың салт-дәстүрін білмесе де, үндінің салт-дәстүрін білетін жағдайға жетуге шақ қалдық. Қазір қыздарымыз шолпы таққаннан көрі, үндінің сариін бір киіп көруге қызығады. Әйтпесе, қарапайым ғана шолпының өзінің тәрбиелік мәні өте зор емес пе білген адамға. Осы жерде шашбаудың да, шолпының да әшекей бұйымнан бөлек, өзіндік ерекше мақсаты болғанын айта кетейік. Бұларды оқи отырып, қазақтың даналығына еріксіз тәнті боласың.

  • Қоңыраулы шолпы таққан қыздар қатты күлсе, шолпы сыңғырлап, оқыс қимылдарға тосқауыл болған.
  • Шолпы арқаны түзу ұстап, сәнді жүруді үйрететін модель мектебінің рөлін атқарған.
  • Шолпының ауыр салмағы басты ауыртпай, емдік қасиетке ие болған.
  • Шолпы, шашбау сыңғыры қыз баланың үйге қарай келе жатқанынан хабар беріп, үлкендер жинақтала бастаған.
  • Шолпы салмағының әсерінен шаш ұзын боп өскен.
  • Шолпыны да, шашбауды да бұрым тарқатылмай жинақы болып тұру үшін таққан.

Ұзын шаш қазақ түсінігінде айрықша киелі нәрсе болған. Сондықтан шаш өруге де айрықша дайындықпен келген. Шашқа тағылатын әшекей сыйлағанда бір-біріне «Шашың ұзын, қалың болсын!» деген тілек айтқан.

 

ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІНДЕ НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ТАНЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

Тәрбие мәселесінің қаншалықты маңызды екенін Абдолла Аблонидің тәрбиеге байланысты айтқан: “Тәрбие – біз үшін не өмір, не өлім, не құтылу, не бақыт, не қайғы мәселесі”, — сөзінен белгілі.

Ал бала тәрбиесінде — отбасы ең үлкен мықты тәрбие ошағы. Баланың адамдық қасиеттері мен әдептілігі, оның болашақта қандай адам болуы өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты. Өйткені ата-ана — басты ұстаз. Баланың заманына лайық азамат болып өсуі – алдымен ананың ақ сүтімен, абзал тәрбиесінің жемісі.

Ұрпақ – болашақ, яғни ол адамзаттың болашағы, ал отбасы кішкене мемлекет. Отбасында ынтымақ болмауынан, ерлі-зайыптылар арасындағы алауыздықтан, бірінің сөзін екіншісі тыңдамауы, бала тәрбиесін тым қиындатып жібереді сондықтан ата-ана беделден, тіл алғызу ықпалынан айырылады. Кей ата-аналар өздерінің міндеттерін тек балалардың қарнын ашырмау, киімдерін бүтіндеу деп те ойлайды. Балаларының білімін мектепте алған бағаларымен ғана бағалайды. «2» алса жаман, «5» алса жақсы. Оқу жылы ішінде бірде-бір рет балаларының сабағына қатыспайтын ата-ана, баласы бұзық болса, тәртіпсіз болса ұстаздар қауымына тіл тигізіп, қаралап жататын кездері де аз болмайды. Міне, сондықтан отбасындағы білім беру бағытындағы тәрбиесі жайына қалады. Отбасының аса маңызды міндеттерінің бірі – баланы жарқын істерге, нұрлы мұраттарға тәрбиелеу екендігін естен шығарып алған қаншама ата-ана бар десеңізші. Халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлындай жұмса, одан соң өзіңе ақылшы дос сана» деген өмірлік қағидасы бар емес пе!

Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отының басындағы, ата-ана тәрбиесі. «Баланың бас ұстазы ата-анасы» демекші отбасындағы таным, түсінік қалай қалыптасса, адамның бойында қалатын сол қасиет солай қалыптасады. «Болса тәртіп, бала өседі сомданып, қатаң ұста, бос жүрмесін сандалып» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы шектен тыс шолжаңдатпай, байсалды, ұғымтал, тілалғыш етіп баулу ата-ананың басты міндеттерінің бірі.

Отбасында бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторлардан ата-ана әрқашан аулақ болуы керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жалпы отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің орны ерекше. «Қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол», «Ұл туса елдің қорғаны, Қыз туса елдің көркі» деп халқымыз бекер айтпаған шығар. Мұның бәрі әке-шешенің бала тәрбиелеудегі өздерінің үлгі-өнегесіне де тікелей байланысты болмақ.

Сонымен, ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің ірге тасы. «Тәрбие – табалдырықтан басталады» нақылы өмірден алынған шындық. Бала тәрбиесі – нәзік те күрделі, әрі қоғамдық жауапкершілікке жатады. Бала – өмірдің гүлі, сол әлеуметтің болашағы. Баланы тәрбиелі де, саналы азамат етіп өсіргіміз келсе, ең алдымен өзіміз кіршіксіз таза, тәрбиелі адам болуымыз керек. Адамгершілік пен саналықтың бастапқы қарапайым белгілерін өнегелі отбасында дарытқан баланың болашағы жарқын, өмірі мәнді болмақ. «Біздің балалар – біздің қарттығымыз, жаман тәрбие – болашақтағы қайғымыз, бұл біздің көз жасымыз, бұл басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәміз» демекші кең байтақ елімізде ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып, ұяттылық, әдептілік, көргенділік, мейірімділік, шарапаттылық салтанат құрып үйлесімділік тауып жатса, сол қымбат қасиеттердің бәрі отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаятынын естен шығармауымыз керек.

Е.ТӘЛІП.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here