Табысқа жетпейтін адам өзін ақтап алатын сылтау тауып алады

0
3132

Аятжан Ахметжанұлы

 Мұғалім мәртебесі, мұғалім мұңы туралы мұғалімнен артық ешкім айтпайтын шығар-ау. Осы ұстанымды ұстанып танымал ұстаз, ақын, журналист, блогер, «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанмен аз-кем сұхбаттасқан едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз

 Айеке, 25 жылдыққа тарту ретінде 3 кітап ұсыныпсыз. Құтты болсын. Сол үш кітаптың тұсаукесерін өткізген соң атбайларыңыз дүниеге келіп, ақ түйенің қарны жарылып жатыр екен. Бауы берік болсын!

— Әумин, рахмет, сізбен бізді қауыштырған осы тәуелсіздіктің арқасы ғой. Тәуелсіздік біздің елге оралуымызға, осы елде көгеріп көктеуімізге себеп болды. Оны жүрекпен сүю азаматтық парызымыз. Бірақ, біз тәуелсіз елге өз үлесімізді қоссақ деп келдік, елден енші алсақ деп келгеніміз жоқ. Сол елге келгеніме 10 жыл толуына және өзімнің 30 жасқа толуыма байланысты өзіме бір есеп, еліме бір есеп бергім келді. Бір жыл бойы жазған-сызғанымды реттедім. О бастағы мақсатым 5 кітап болған, бірақ кейбір себепберге байланысты амалсыз үшеуін ғана шығардық, қалғаны алдағы уақыттың еншісінде. Ал, осы қуанышқа қатар келген атұстарымның өмір есігін ашуы Алланың бір берген сыйы деп білем.

Сізді таныстырғанда журналист, ақын, блогер, ұстаз деп таныстырып жатады. Осы мамандықтардың ішінде қайсысы жаныңызға жақын?

— Мен ең алдымен ұстазбын, ұстаздық жаныма сонша жақын болмағанда, қазақ баласына деген махаббатым терең болмағанда мен мүлдем басқа салада еңбек етер едім. Жұрт мені басқа салаға қанша тартса да, тіпті тізгінділер бұл саладан қуса да мен өзімді мектепсіз, баласыз елестете алмаймын. Ал, ақындық Алладан туа бітті сый, өлең жазылмайды, туады. Келген «толғақты» қайтара алмайсың, өлең сәби өмірге келеді. Ал, журналистік, блогерлік ұрпақ тәрибиесі мен білім саласының қатпарын ашу үшін қалам тербеу керек болды. Көре-көре көсем болды дегендей жаза-жаза, айта-айта сол кәсіп екінші қырымыз болып кетті. Ол шыны керек, жанашырлықтан туған «дерт» еді. Енді одан жазылмақ та мүмкін емес.

Мұғалім мәртебесін арттыру үшін не істеу керек?

— Бұл тек бір жақтың ғана тірлігімен шешілмейді, төрттік біріккенде ғана мұғалім мәртебесі артады. Ол төрттік — билік, ақпарат, ата-ана және мұғалімнің өзі. Билікке яғни, жергілікті әкімшіліктен бастап білім министрлігіне дейін мұғалімді артық қағазбастылықтан, артық қолбала жұмыстардан арылту керек. Мұғалімнің мектепте таза шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек. Қазір құқықтық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бала құқығы, ата-ана құқығы туралы заңдар бар кезде, міндетті түрде мұғалімнің міндеті, парызы, қарызы, жауапкершілігі және өзін дамытуы, бала алдындағы норма бәрі-бәрі қамтылған мұғалімдердің құқын қорғайтын заң керек: Олай болмаған күнде талай дарынды мұғалімдеріміз әумесер әкімшілік пен тексіз тентек баланың құрбанына айналып кеткенін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.

Ақпарат дейтініміз, қазір ақпарат саласын аштық пен талғамсыздық жайлаған, рейтингінің құлы болып — тек жамандық іздеп қоқысты түртпектеп кететін бір жағымсыз үрдіс жаулап алды. Сол ақпаратқа білім саласындағы жамандықты тере бермей, әлемдік ғылым бәсекелерінде атой салған оқушылар мен олардың бапкерлері туралы, елдегі қағазбен емес, бала тәрбиелеуде жетістікке жеткен үздік ұстаздар туралы көптеп жазу керек. Тек жақсы ақпарат қана өскелең ұрпақтың осы салаға қызығушылығын арттырады.

Ал, ата-анаға «балаңа жаның ашыса, ұстазын сыйла» дегім келеді. Қазақта «сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» деген даналық бар. Ата-анасы сыйласа ғана, баласы ұстазын сыйлайды. Ал, әркім тек өзі сыйлайтын адамнан тәлім алады, өзі сыйламайтын адам мың айтса да құлақтарына ештеңе кіріп шықпайды. Тіпті кері әсер береді. Сол үшін әр ата-анаға «балам адам болсын десең, ұстазын сыйласын» дегенді тағы да ескерткім келеді, бұған тарихтан мыңдаған мысал табуға да болады.

Ал, ұстаздар үшін ең басты мәселе — біліктілік болмаған жерде мәртебе күтпей-ақ қойса да болады. Ең алдымен әр ұстаз өз ісінің шебері болуы шарт, онсыз ештеңе мүмкін емес. Өмірде табысқа жете алмайтын адам ғана кез келген уақытта өзін ақтап алатын сылтау табады. Біз ұстаз ретінде өте үлкен жауапкершілік мойнымызда екендігін, алдымыздағы баланың тағдыры қолымызда екенін сезініп, беруге тиісті білім мен тәрбиені беруіміз керек. Біз оны бере алмасақ, дарынды бала тәрбиелей алмасақ қоғамды кінәлап жыламаған абзал.

Қазір мектепте жұмыс істемейсіз. Мектепті сағынасыз ба?

Мен мектептен кеткеніммен баланың алдынан кеткенім жоқ, тіпті мектептен алыс емеспін, азырақ сағатым да бар, мектептердің ұсынысымен барып, оқушылар мен ұстаздарға арналған мастер кластар, тренингтер өткізіп тұрамын. Тіпті Республиканың түкпір-түкпірінен ұсыныстар түссе, барып шеберлік курс өткізіп жатырмыз, сондықтан ішінде жүрміз деп айта аламын. Бір жағынан еркіндіктің өзі шығармашылық табыс сыйлап жатыр, тың идеялар сыйлап жатыр. Қазір жеке өзімде жүзге жуық бала тәлім алады бұл да мектеп, бұл да жауапкершілік.

Ерлан Сағадиевпен кездескен блогерлер қатарында болғаныңызды білеміз. Сол кездегі айтқан бір пікіріңіз біраз талқылауға түсіп еді…

— Иә, Ерлан Кенжеғалиұлымен екі мәрте блогер ретінде кездестім, екі ретінде де айтқан біраз ұсынысымызды қоғам әр түрлі қабылдады. Бірақ, мен осы қазанда қайнап жүрген, осы саланы зерттеп, зерделеп 90-нан астам мақала жазған адам ретінде, өзім ұстаз ретінде айтамын. Білмей, зерттемей асылық сөйлеу азаматтығыма сын, сол үшін де ең алдымен қазақ айтқан «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген тәмсілге жүгінген дұрыс. Жалпы ұсынысымыз аз да болса ескеріліп жатыр, бірақ, көрпеге қарай көсілмейтін реформалар шаршатты. Бұны әлі де айтамыз, көтереміз.

Жаңартылған білім беру мазмұнына көзқарасыңыз қандай?

— Білім саласына реформа керек, оған дауым жоқ. Бірақ қалай жаңартуда ғой мәселенің бәрі! Жаңартылған білім мазмұны қазір бірінші сыныпқа ғана қолданылуда. Біраз ақтарып көріп шықтық, артықшылығы да бар, бірақ кемшілігі де жоқ емес. Мен кез келген жерде идеологиясы мен мүмкіндігіне жүгінемін, ол жақтан бізде ақсап тұрған, буыны сықырлап тұрған тұс жетерлік, әттең…

Ал жаңартылыған білім мазмұндағы әріп танымайтын балаға үш тіл үйрету әумесерлік, баяғының 100 қойдан 120 қозы аламыз дейтін жағдайы секілді дүние…

Ұлттық идеологияны сіңіруді мектептен бастау керек деп санайсыз ба? Қазіргі таңда Қазақстанның ұлттық идеологиясы ретінде қандай идеологияны алуға болады?

— Ұлттық идеологияны мектептен емес бесіктен бастап сіңіру керек, одан кейін балабақша, одан кейін барып мектеп, ең соңында қоғам…

Шыны керек, бізде бүгін идеология мәселесінде ұраншылдық басып кетті. Тәрбие мен ұранды шатастырып алдық, мектепте де, қоғамда да тәрбие десе шоу мен шу, бос сөз басып кетті. Идеология сөзбен емес, іспен болмақ керек. Біз «жақсы бол, отанды сүй» деп мың рет айғайлағанша отанды сүйген адамның, қоғамға масыл болмаған адамның тірлігін істейік. Адам адамнан тәлім, ағаш ағаштан мәуе алатынын ұмытпайық. Сөзден іске ауыспай тәрбиенің бәрі далбаса.

Бір ғұламадан «Қандай адам бақытты?» деп сұрағанда, «өз ісінің шебері болған адам бақытты» деп жауап берген екен. Сіз де бір сөзіңізде «мен туралы бұрынғы директорым «Ол мұғалім емес, ол фанат еді» деп бағалағанын айтып қалдыңыз. Жалпы фанат болу үшін, өзі сүйген іспен айналысу үшін не істеу керек?

— Өзі сүймеген салада жүру — өмірді босқа өткізу деп ойлаймын, онсыз да қысқа ғұмырды қоршылықта өткізу. Адамда ең алдымен өз ісіне деген адалдық болу керек, сен қай істі істесең де одан нәпақа тауып күн көріп, отбасыңды асырап отырсың ба, онда сол іске деген адалдық пен жауапкершілік керек. Мен жалпы жаны қаламаған істі істеп жүре беретін адамды түсіне алмай кететін шығармын. Ал, ұстаздықта жаны қаламаған адам тіптен жүрмеу керек.

Ал шынайы фанат болу үшін сол істеген ісіңіз үшін отпен суға түсуге дайын болуыңыз керек. Сонда ғана ол істің шынайы жемісін көріп рахатына батасыз, ал істеген ісінен жеңіс көру ол іске деген махабатыңды он есе арттырады. Сол махаббаттан кейін сол істің нағыз шеберіне айналасыз, шеберіне айналған соң ләзаттанып істейтін боласыз.

Көбі мұғалімдікті жаны қаласа да, айлығы аз деп басқа салаға кетіп жатады. Осы туралы ойыңыз қалай?

— Мен осы нәрсені қабылдай алмаймын, мен жоғарыда айттым ғой, табысқа жетпейтін адам өзін ақтап алатын сылтау тауып алады деп, бұл да сол кәдімгі сылтау. Бүгінгі күнде ауылдық жерді білмеймін, қалалы жерде білікті маманға сұраныс жеткілікті. Білікті ұстаздардың табысының тіпті жоғары екенін көз көріп жүр. Бастысы біліктілік пен ізденісте, ал қарекетке берекет деген секілді, еңбекке қарай табыс бізде бар. Ұстаздық пен күн көруге де, баюға да болады, тек бәсекеге қабілетті һәм қарымды болмақ керек, заманға бейімделмек керек.

Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here