Сайлаукүл БАРАҚОВА: БІЛІМДІ АДАМНЫҢ ӨЗІНЕН ЖАҚСЫ МҰҒАЛІМ ШЫҚПАУЫ МҮМКІН

0
796

Сайлаукүл Жаппарқызы Барақова 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген.

С.Ж.Барақова 1964 жылы Түркістан педагогика училищесін, 1972 жылы Шымкент педагогика институтын, 1987 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1964 жылы Сарыағаш ауданы Сырдария орта мектебінде мұғалім болып бастады. Кейінірек аудандық комсомол комитетінде мектеп бөлімінің хатшысы, екінші хатшы қызметін атқарды. 1972-1976 жылдары облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметінде болды. 1977-1989 жылдары Келес аудандық, Шымкент қалалық партия комитеттерінің хатшысы, 2-хатшысы қызметтерін атқарды. 1989-1991 жылдары Шымкент облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болды. 1991-1997 жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

С.Ж.Барақова 1997-2002 жылдары ҚР Парламенті сенатының депутаты болып сайланып, халық қалаулысы атанды.

2002-2007 жылдары облыстық білім беру департаментінің бастығы қызметтерін атқарды. 2007 жылдан бері «Ауыл» партиясының облыстық комитетінің төрайымы қызметін атқарып келеді.

С.Ж.Барақова комсомол, партия, совет қызметіндегі, тәуелсіздік жылдардағы қоғамдық және мемлекеттік қызметтердегі ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен ҚазКСР Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Газетіміздің бүгінгі санында Сайлаукүл Жаппарқызының редакция қызметкерлеріне берген сұхбатын ықшамдап, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

— Сайлаукүл Жаппарқызы, сіз талай жылдар лауазымды қызметтерде істедіңіз. Біраз жылдар білім саласында қызмет атқардыңыз. Бұл саланы жетік білесіз. Соңғы уақыттағы енгізілгелі жатқан реформаларға көзқарасыңыз қандай?

— Қазіргі реформаның кішкене көңілге қонатын тұсы – Назарбаев мектептерінде қолданылған әдістеме бойынша оқулық шығармақ. Бірақ, мұның көңілге күдік ұялататын тұсы да бар. Бұл оқулықтар қанша жерден тәжірибеден өткенімен де, дарынды балаларға лайықталған. Ал, енді оқушылардың барлығы бірдей дарынды емес қой. Дарынды балаларға арналған оқулық бөлек, қалған балаларға арналған оқулық бөлек болуы керек. Миын су қылып информацияны тықпалай беруге болмайды. Әр баланың өзінің өлшемі бар қабылдайтын. Оны бәрі біледі. Бірақ, ешкім айтпайды. Айтқанның аузы жаман. Мен жаман болып жүремін, әйтеуір (күлді). Мектеп директор болу үшін, ең алдымен оқу ісінің меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі орынбасар секілді қызметтік сатылардан өтуі тиіс. Ал, білім басқармасында жұмыс істеуі үшін әдіскер, оқу ісінің меңгерушісі секілді қызмет баспалдақтарын жүріп өткен маман болуы керек. Өйткені, осы лауазымдағы қызметкерлерге үйрететін, бағыт беретін өзі емес пе? Бұл талап қазір сақталмайды. Мысалы, кеше екі қыз конкурстан өтпек болып, сынақ тапсырған. Хал-қадарынша сұрақтарға жауап берген. Екі күннен соң нәтижесі шығуы керек еді. Ал, екі күннен соң конкурс өтпеді деп тұр. Осылай да мазақ етуге бола ма? Одан да жұмысын қоя қоймай ма?

Мен өзім қызмет атқарған жылдары бір адамды біреудің айтуымен, болмаса бір тиын-тебен алып қызметке алған емеспін. Осы қасиетіме бола халық әлі күнге дейін сыйлайды деп айтсам қателеспеймін. Әкем: «Ешкімнен ештеңе алма. Ашуға берілме. Ешкімді қарғаушы болма. Біздің әулеттің аузы дуалы. Бізді сақтайтын бір күш бар. Адал болсаң, әрдайым сені қорғап жүреді» деп кішкентайымыздан құлағымызға құйып отыратын. Әкеміздің бұл өсиетін жерге тастаған кезім болған емес, әрдайым орындап келемін. Соның да арқасы болар, осы күнге жеткеніміз.

— Қазір екінің бірі – мұғалім. Әсіресе, ауылдағы үй шаруасындағы келіндер жоғары оқу орнын сырттай оқып бітіріп алып, ұстаз болып жүр…

— Иә, менің де айтып отырғаным осы емес пе? Бұрын ерінбеген етікші болатын болса, қазір ерінбегеннің бәрі мұғалім. Олай болмайды ғой. Баланың жанын түсінетін, балаға жаны ашитын адам болмаса, ол мұғалім болып жарытпайды. Адамның қандай екенін ит пен бала біледі. Рас қой. Қазір шынайы мұғалімдер жоқтың қасы. Жоғары оқу орнына мұғалім мамандығына оқып жатқан студенттермен сөйлесіп, «Қайсың мұғалімдікті шын жүрегіңмен ұнатып, оқуға түстіңдер?» деп сұрақ қойсаң, бес-алты ғана студент қол көтереді. Қалғанының бәрі – басқа баратын жері болмағандықтан, ауылда басқа жұмыстың реті болмағандығынан амалсыз оқуға түскендер. Олардан қандай жақсы мұғалім шықпақ? Өте білімді адамның өзінен жақсы мұғалім шықпауы мүмкін. Балалармен тіл табысу оңай емес. Ұстаз болу үшін Алладан берілген бір қасиет болу керек.

— Сенатқа депутат болдыңыз. Депутаттық мерзіміңіз біткен соң, Шымкентке қайта оралып, облыстық Білім департаментін басқардыңыз…

— Иә, Шымкентке оралар кезімде, қаламыздағы №8 мектептің директоры: «Департамент баяғы сіз басқарған кездегі департамент емес. Өзгеріп кеткен. Иә, адамдар — сол баяғы адамдар. Бірақ, олар сіз білетін адамдар емес. Барлығы өзгерген. Шаршайсыз…» — деп айтып еді. Әрине, менде Сенатқа қайта сайланатын мүмкіндік те болған. Бірақ, тағы да 6 жылға сайлайтын еді. Ал, менің зейнетке шығуыма небары екі жарым-ақ жыл қалған-тын. Он екі жыл бойы — Астанада, елден жырақта жүрсем, өзімнің туып өскен өңірім мен туралы ұмытар еді. Ешкім танымас еді. Зейнет жасымды елде өткізейін деп шештім. Оның үстіне қарт анам бар. Солай, балаларым, Астанада қалды да, өзім елге оралдым. Балаларым: «Шымкентке не үшін кеттің?» — деп осы күнге дейін ренішін білдіріп жатады. Астанадан не үшін кеткенімді әлі күнге дейін түсінбей жүргендер де бар. «Сол кезде елге кетпегеніңізде министр орынбасары болатын едіңіз» — дейтіндер де табылды. Қартайған шағымда орынбасар болғанша, өзім білетін бір салаға басшылық жасайын, елге келейін» — деп ойлағанмын сол кез. Қазір оныма өкінбеймін. Осы әрекетімнің дұрыстығына осы күні көз жеткізіп жүрмін. Қайда барсам да бәрі танып, қолпаштап жатады. Ұлым мен қызым да қазір Астанада тұрады. Қызметтері бар. Бұл күнге жеткізген Құдайға тәуба.

— Газет оқырмандарына айтар тілегіңіз?

— Газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Халыққа қызмет етуден шаршамаңыздар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

— Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан М. АБДАЛИЕВА.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here