ПАЛАУ ҚАЙДА ?

0
522

Оқырман қауымға «Қажымұқан» кітабымен жақсы таныс жазушы Қалмақан Әбдіқадыров (1903-1964) өзбек тағамдарын жасауға келгенде алдына жан салмайтын шебер болыпты. Көркем әдебиет баспасында істеп жүрген кезінде ол кісі бірде ақын інісі Сырбай Мәуленовті үйіне қонаққа шақырады:

– Жеңешең үйде жоқ еді… Сенің талантыңа тәнті боп жүрген ағаң едім, үйге барайық, саған өз қолымнан дәмдеп ас істеп берейін, – дейді.

Сырбай «ас істеймін дегені несі екен?» – деп бір ойлайды да, соңынан еріп, Қалекеңнің үйіне барады.

– Сен кітап қарай тұр, мен ас істеп, палау баса қояйын, – деп, Қалмақан ас үйге шығып кетеді.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде:

– Қалеке, палау қайда? – дейді қарны аша бастаған Сырбай.

– Палауды баптап жатырмын, күте тұр, – дейді Қалекең ас үйден дауыстап.

Арада тағы бір сағат өтеді. Сырбай тықыршып, қарнын сипап:

– Палау не болды, Қалеке? – дейді.

– Баптап жатырмын… аздан соң әзір болады, – дейді Қалекең.

Сырбай тағы да бір сағаттай күтеді. Палау келмейді.

– Қалеке, палауыңызға не болды? – дейді Сырбай шыдамсызданып, ас үйге қарай жақындап.

– Нағыз бабына енді келейін деді… Сәл күте тұр! – дейді Қалекең бүлк етпей. Үш сағат бойы күттірген палаудың мұндай «қорлығына» төзе алмаған Сырбай сол жерде:

– Қазаннан ас түскенше, Сіздің палау піскенше, Шыдар едім мен пақыр, Әттең, соған іш көнсе, – депті де амалы құрып, сылқ етіп отыра кетіпті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here