Немістер балаларын қалай тәрбиелейді?

0
1734

Неміс тәрбиесінің өзге ұлттан айырмашылығы неде? Бүгін біз осы сұраққа жауап іздеп көрмекпіз. Әрине, біз бұл жерде «дәл осылай тәрбиеле» деп пәлсапа соғу ойымызда жоқ. Жақсысынан үйреніңіз, жаманнан жиреніңіз. Керегін алыңыз, керексізін тастаңыз.

 Немістер өздерінің ұқыптылығымен, мұқияттылығымен ерекшеленеді. Баланың бойына алғашқы кезекте дәл осы қасиеттерді сіңдіруге тырысады.

Немістер жанұяны 30 жасына дейін құруға тырысады. Алайда, балалы болуға асықпайды. Бала тәрбиелеудің өте үлкен жауапкершілік қажет екенін түсінгендіктен, олар балаға қажетті материалдық база жасақтауды бірінші кезекке қояды. Германияда балабақшалар жұмыс күні толық істемегендіктен, ата-аналар бала бағушының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал, бала бағушы аз жалақы алмайды. Қазақтың аналарындай емес, неміс әжелері немерелерін бағуға уақытын шығындамайды. Олар өмірін немерелеріне емес, өздеріне арнағанды жөн көреді. Алайда, мерекелерде немерелеріне сыйлық жасауды ұмытпайды.

Одан өзге, неміс әйелдері қызметтік өсуді алдыңғы қатарға қояды. Ал, бала – анасының бұл мақсатына елеулі кедергі келтіруі мүмкін. Осы себепті де, Германияда жасанды түсік жасатуға  тосқауыл қойылса да, туу көрсеткіші өте төмен деңгейде.

Немістер баланы өте ыждағаттылықпен жоспарлайды. Бала туылғанға дейін бала бағушыны, педиатрды іздей бастайды. Егер, қажеттілік туындаса пәтерін кең де ыңғайлы баспанаға ауыстырады. Бала туылған кезден бастап, режим сақтауын қатаң қадағалай бастайды. Балалар сағат 20-00-де ұйқыға жатады. Себебі, немістер өте ерте оянады. Ата-аналар балаларына күнделік жазуды үйретеді. Бұл арқылы бала бір күнді жоспарлауды, туыстарының, достарының туған күндерін ұмытпауды үйренеді. Бұдан өзге, немістің «титтей» балаларының өзі азын-аулақ ақша ұстайды. Өздерінің «копилкасы» болады және осылайша өз бюджетін басқаруға бала жастан дағдыланады. Балабақшаға бармас бұрын, бүлдіршіндер өздерінің аналарымен ойын топтарына барады. Бұл жерде балалар өзінің қатарластарымен уақытын өткізуді, сұхбат құрып, әңгімелесуді үйренсе, ал, аналары өздерінің бала тәрбиесінде қолданатын іс-тәжірибелерімен бөліседі.

Балалар бақшасында оқуға және жазуға үйретпейді. Оның орнына топ болып жұмыс істеуге, ережемен ойын ойнауға, тәртіпке бағынуға дағдыландырады. Бақшада бала өзінің жаны қалайтын сабақты таңдауға мүмкіндік береді. Бала жанға жайлы баяу муызка ойнап тұрған арнайы демалыс бөлмесінде жалғыз тыныға алады немесе велосипед тебуіне болады. Біздің елдегі балабақшаларда балалар тәрбиешінің қалауы бойынша әрекет ететіні жасырын емес. Ал, неміс балабақшасында – бала не істейтінін, немен айналысатынын өзі шешеді.

Оқу мен жазуды бала бастауыш мектепте үйренеді. Сонымен қатар, мектебін сүюді, сабақтан ләззат алуды да осы кезде санасына тоқиды. Бастауыш сыныпта сабақтардың көбі ойын түрінде өтеді. Баланың жеткен жетістіктері құпия сақталады, тіпті баланың бақылау жұмысынан алған бағасы бүкіл сыныптың көзінше жария етілмейді, бұл баланың ар-намысына тиюі мүмкін. Тек жақын досымен шектеліп қалмай, сыныптастарымен де жақсы қарым-қатынас орнатуы үшін балалардың отырған орнын үнемі ауыстырып отырады.

Неміс тәрбиесінің бес ерекшелігі

  1. Бәрінен бұрын Германияда балалар құқығын қорғауға жете мән береді. Балалар өз құқығымен балабақшада таныса бастайды. Бұл елде бала өзінің ата-анасын сотқа беруі ешқандай да әзіл емес, шындыққа айналғанына көп болған. Ата-ана өз баласын ұрғаны, ренжіткені, жазалағаны үшін өздері мемлекеттен тиісті жазасын алады.
  2. Германияда балаларын тым қатты еркелетеді. Неміс ата-аналарының жұмысы тым қауырт болуы мүмкін немесе балаларын тәрбиелегеннен көрі өздеріне қызықты іспен айналысқанды тәуір көреді. Мысалға, олар балаларын бала бағушыға қалдырып, киноға, театрға, дискотекаға жиі барып тұрады. Балалар егер осы бала бағушысы болмағанда, ата-аналары өзімен жиі уақытын өткізетіндігіне сенгендіктен, өздерінің тәрбиешісімен жиі сөзге келіп, қақтығысып қалады.
  3. Неміс мамандары балалардың теледидар қарауы өте зиян деп санайды. Сондықтан да көп ата-аналар арнайы балалар телеарнасының болуына қарамастан, балаларын экран алдына көп маңайлата бермейді. Үлкендер ешқашан теледидар қарамайды (тіпті көп үйлерде теледидар болмайды да) немесе балалар ұйықтаған уақытта ғана бірауық тамашалайды. Киноға да балаларын ертіп апармайды. Осы себепті де балалар күні бойы ойынмен, сурет салумен, музыкамен айналысумен немесе үйірмелерде уақыт өткізумен шұғылданады. Балаларды эстетикалық тәрбиелеудің де маңызы осында.
  4. Кез келген бақуат неміс отбасында (өздерінің жеке үйінде тұратын) арнайы ойын алаңы, мини-бассейн болуы міндетті. Ал, көппәтерлі тұрғын үйде тұратындар өздері арнайы қаржы жинап, ауладан ойын алаңдарын салдырады. Ойын алаңында ойнап жатқан балаларды ата-аналар кезекпен қарауылдайды.
  5. Балаларға осыншалықты жағдай жасалғанына қарамастан, психолог көмегіне жүгінетін ата-аналардың саны жылдан жылға артпаса, кеміген емес. Оларды баласының тұйықтығы, ешкіммен араласпайтындығы мазалайды. Бұл мәселелерді шешумен көптеген психологтар, невропатологтар, балалар және жасөспірімдер психотерапевттері айналысады.

Дереккөз: Vospitaj.com

 Аударған Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here