МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ҚАЙТСЕ АРТАДЫ ?

0
1394

Мұғалім мәртебесі туралы сөз қозғалғанда Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» деген сөзі еске түседі. Осыған қарап-ақ мұғалімнің қоғамдағы орнының қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Бірақ, қазіргі қым-қуыт заманда мұғалім өз бағасын лайықты алып жүр ме? Мұғалімнің бүгінгі бет-бейнесіне қарап олай айта алмасақ керек-ті. Жасырын емес, кешегі Кеңес Үкіметі кезеңіндегі мұғалім мен бүгінгі мұғалімнің арасы жер мен көктей.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында ұлттық білімнің сапасын арттыруда, орта білім беру саласына жаңа стандарттар енгізу бойынша нақты тапсырмаларды белгілеп берді. Осы орайда, ұрпақ тәрбиесімен тікелей бетпе-бет келетін ұстаздар жайлы, олардың әлеуметтік әл-ауқаты, қоғамдағы мәртебелеріне қатысты кейбір түйткілді мәселелерді алға тартпақ ниеттеміз.

Әрине, білім саласына жеткілікті көңіл бөлінбей отыр деп тағы да айта алмаймыз. Дағдарысқа қарамай, 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, мұғалімдердің жалақысының 29 пайызға артуы, жаңа типтік мектептердің көптеп салынуы, білім беру мекемелерінің оқу-материалдық базалары соңғы технологиялармен жабдықталуы, «Дипломмен ауылға» жобасымен жас мамандардың ауылдық жерлерге көптеп тартылуы осы сөзімізге айқын дәлел. Десек те, әлі де шешімін таппаған түйткілді мәселелер аз емес.

Бірінші мәселе, әлде де мұғалім жалақысының аздығы. Мұғалімдердің жалақысы еліміздегі орташа айлық жалақы мөлшерінен 25 пайыздай төмен. Бұл – мұғалімдердің еңбегі әлде де лайықты бағаланбай отырғанының көрінісі десек те болатын шығар?! Ал, лайықты бағаланбаған еңбекке сапа талап етудің өзі күлкілі. Әрине, мынадай қос өкпеден қысқан экономикалық дағдарыс уақытында бұлай талап ету дұрыс та емес шығар. Десек те, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде ұстаздың еңбегінің лайықты бағалануы сапаға тікелей әсер ететінін ескерсек, мұғалімнің жалақысын көбейту кезек күттірмес мәселе деп ойлаймыз. Мұғалімдердің еңбегін ынталандыру мақсатында да қаражат көздерінің қаралуы тиіс.

Осы орайда, ҚР Парламент Мәжілісінің 21 қыркүйек күнгі отырысы барысында депутат Ирина Смирнова білім беру саласын қаржыландыру мәселесін көтеріп, қазақстандық мұғалімдердің жалақысы тым аз екенін жеткізгенін айта кетейік. Халық қалаулысы соның бәрін депутаттық сауалда көрсетіп, оны Үкімет басшысының атына жолдаған болатын.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Дания, Исландия және тағы басқа Еуропа мемлекеттерінде білім беру саласын қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызды құрап отыр. Соның нәтижесінде Германия сияқты елде мұғалімдердің жалақысы 4 мың еуроға дейін жетеді. Көрші Қытайда мектеп мұғалімдері, кем дегенде, 1 мың АҚШ долларын алады.

«Бізде болса, мұғалімдердің еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Класс жетекшілігі үшін 5-ақ мың қосады. Ондай жүйемен білім беру саласын дамыту қиын. Қазақстан да білім беру саласын қаржыландыру көлемін ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызға дейін жеткізуі тиіс», — деп атап көрсеткен-ді депутат Смирнова.

Екінші мәселе, еліміздегі мұғалімдердің 60 пайызының ғана баспанасы бар екендігін ескерсек, бұл мәселенің де мұғалімнің мәртебесін төмендетуде айрықша рөл ойнап тұрғандығын айта кетуіміз керек. Баспанасы жоқ мұғалімнен, яғни әлеуметтік мәселелері шешімін таппаған ұстаздан қандай сапалы білім күтеміз? Сондықтан әр елді мекенде, әр қалада жас мұғалімдерге арналған мемлекеттік баспаналар салуды қолға алса дейміз. Экономикасы дамыған елдерде білім беру ұйымының қызметкерлері әлеуметтік тұрмысы жағынан орташалар қатарына жатады. Ал, біздің елде мұғалімдер туралы олай айтуға әлі ерте.

Елімізде жыл сайын республикалық бюджеттен педагогикалық мамандықтар бойынша мамандар дайындауға миллиардтаған қаражат бөлінеді. 2015-2016 оқу жылында жалпы саны 32 168 гранттың 3 689-ы педа­гогикалық мамандыққа берілсе, биылғы 2016-2017 оқу жылына бөлінген 31 700 гранттың 5000-і аталған мамандықтарға тиесілі болды. Яғни, елімізде педагогикалық білімі бар жастар жеткілікті деңгейде. Алайда, сол жас мамандар өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істеуге құлықсыз. Себебі, жас мамандардың айлық жалақысы 50 мың теңге мөлшерінде. Ал, ондай жалақыға жастардың бара қоюы екіталай. Құр энтузиазмнің заманы емес қазір. Ол жалақыға қалай күн көреді, қалай баспана алады, қалай отбасын асырайды? Сондықтан да оларды мамандығы бойынша жұмыс істемеді деп жазғыру тағы орынсыз болар еді.

Одан кейінгі бір мәселе, білім беру орындарындағы қызметкерлердің гендерлік сәйкессіздігі. Соңғы зерттеулерге қарағанда, еліміздегі педагогикалық қызметкерлердің 86 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Ер адамдар мұғалімдік қызмет атқаруға құлықсыз. Оларды да түсінуге болады. Бұрын оқушы бұзықтық танытса, мұғалімі «Әке-шешеңе айтамын» десе, ол бала бұзықтығын тыя қоятын. Ал, қазір ше? Сол бұзық оқушы «Әке-шешеме айтамын» деп мұғалімін қорқытатын заман бүгін. Қай ер адам, жүйкесін тоздырып әр ата-анамен салғыласып жатқысы келеді дейсіз? Оның үстіне мұғалімнің мардымсыз жалақысына отбасын қалай асырайды? Сондықтан да ер адамдар мұғалім болғанша, басқа жұмыс қарастырғанды жөн көреді. Бұл да өз кезегінде мұғалімнің мәртебесінің төмендеуіне өз әсерін тигізбей қоймайтыны сөзсіз.

Жоғарыда ауылдарға жас мамандар жұмыс істеуге бармайтынын айтып өттік. Алайда, ауыл мектептерінде мамандар, мұғалімдер жеткілікті деңгейде. Сонда олар маман жеткіліксіздігін қалай шешті? Оп-оңай. Ауылда еңбек жолын мектепте еден жуушы болып бастаған жеңгелеріміз қазір «ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығын сырттай оқып бітіріп, халықаралық қатынас тіліне ауыл балаларының тілдерін сындыруда. Шындығына келсек, сол жеңгеміздің өзінің ағылшын тілін жетік білетініне күмәнім бар. Сол секілді, жастай сол ауылға тұрмысқа шығып, оқи алмай қалған келіндер де інілеріміздің арқасында жеке меншік жоғары оқу орындарын сырттан оқып бітіріп, «мұғалім» деген мәртебелі атқа ие болып жүр. Ал, солар өз оқытатын пәнін жетік біледі деп айта аламыз ба? Олай айта алмасақ керек-ті. Сонда біліксіз мұғалімнен қандай білімді шәкіртті күте аламыз.

Медициналық мамандықтарды сырттан оқытпайды. Ал, дәрігер – адамның тәнін емдесе, мұғалім – жаны сау ұрпақты тәрбиелейтін асыл мамандық иесі емес пе? Сондықтан да алғашқы мамандық алу үшін мұғалімдікті сырттан оқытуға жол берілмесе дейміз. Осыны арнайы Заңмен бекітсе, мұғалім беделінің артуына бұл да өз ықпалын тигізері анық.

Сонан соң, мұғалімдердің денсаулығын емдеу-сауықтыру үшін бөлінетін, ел аузында «он үшінші айлық жалақы» аталып кеткен жәрдемақы деңгейі де жеткіліксіз мөлшерде. Еліміздің емдеу-сауықтыру орындарында демалып жатқан мұғалімді көрдіңіз бе? Көрсеңіз де, санаулы ғана. Яғни, мұғалімдер ол жәрдемақыға санаторийлерде ем алғанша, бала-шағасының иығын бүтіндеуді жөн көреді. Сондықтан да көбі денсаулығына мән бермейді. Ал, денсаулығы жоқ мұғалім қандай жаны да, тәні де сау ұрпақ тәрбиелей алсын?!

Біздің айтқанымыз – бүгінгі мұғалім басындағы түйткілді проблемалардың санаулысы ғана. Сондықтан да бірінші кезекте мемлекетіміз жоғарыдағы мәселелердің шешімін табуы керек деп есептейміз. Сонда ғана қоғамда мұғалімнің мәртебесі артады. Ал, мұғалімнің мәртебесі артты дегеніңіз – білімді ұрпақ тәрбиелеу жолға қойылды деген сөз.

Е. ТӘЛІП

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here