Мұрат МАХАНОВ, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы: «ЕЛ МЕН ЖЕРДІ БІЛЕКТІҢ КҮШІ, НАЙЗАНЫҢ ҰШЫМЕН ҚОРҒАЙТЫН ЗАМАН ӨТКЕН»

0
2188

Қай заманда болсын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы  — дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал, біз өмір сүріп отырған ғасыр – білім кеңістігіндегі бәсеке ғасыры, «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қараң» екенін мойындап, өркениетке, ғылымға бет бұрған кезең. Бұл орайда ұстаздарға бәсекеге сай білімді ұрпақ даярлау дейтін үлкен міндет жүктеліп отыр. Осы міндет үдесінен шығуда Сарыағаш ауданында жуырда тың бастама қолға алынды. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Махановтың өзі айтсын…

— Елімізде білім сапасын жақсартуға қатысты бұған дейін де түрлі реформалар жасалып, бағдарламалар қабылданған. Ал, биылғы оқу жылынан бастап мектептер жаңартылған білім беру жүйесіне көшті. Жаңа стандартпен білім беруде қандай да бір қиындықтар, түсінбеушіліктерге тап болып жатқан жоқсыздар ма?

— Осы мәселені сөз еткенде біз көбіне 1-сынып оқушылары үшін аптасына бес күндік оқыту жүйесінің енгізілгені, жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілі тереңдетіліп оқытыла бастағаны, мұғалімдердің арнайы курстардан өткені туралы әңгімелерден әрісіне тереңдеп бара бермейміз. Әрине, білім беру жүйесіндегі реформаларды жүзеге асыру мұғалімнің біліміне, біліктілігіне  тікелей байланысты. Бастауыш сынып мұғалімдері даярлық курсынан өткізілді, алайда, жаңа бағдарламаны түгел меңгеріп шығу мүмкін емес. Міне, осы жағдайларды ескере келе мұғалімдерге көмек ретінде білім бөліміндегі әдістемелік кабинеттің ішінен тәжірибелік орталық құрдық.

Білім беру мазмұнын жаңарту жүйесінде бірқатар өзгерістер бар. Педагогикалық әдіс-тәсілдер өзгерген, критериалды бағалау енгізілді. Яғни, бұрыннан қолданылып келе жатқан дәстүрлі бағалау толықтай өзгеріске ұшырап, балдық жүйе пайда болды. Пәндерді оқытудың апталық сағатына өзгерістер енді.  Ал, мазмұнына келсек, зерттеуге негізделген дағды мәселесіне басымдық берілген. Мұндағы ерекшелік – сабақты жоспарлау барысында тапсырмаларды саралау. Яғни тапсырма оқушының деңгейіне қарай беріледі. Сарыағаштағы тәжірибелік орталық аудан мұғалімдеріне осындай әдіс-тәсілдермен жұмыс істеуді үйретіп, жаңаша жұмыс істеуге көмектесуде. Атап өтерлігі, облыс көлемінде бірде-бір ауданда мұндай орталық жоқ.

Тәжірибелік орталықтың жұмыс істеу тәсілі өзгеше. Аудандағы 138 мектеп 14 ресурстық орталыққа бөлініп, әрқайсысына 10 мектептен бір-біріне серіктес етіп белгіленген. Тәжірибелік орталықтың әдіскерлері аптаның төрт күнінде сол ресурстық орталықтарда жүріп,  жаңалықтарды түсіндіреді, мұғалімдердің жұмыстарын қадағалап, қажет болса серіктес мектептердің әрбіріне барып, кедергілерді жоюға көмектеседі. Тәжірибеміз нәтиже берсе, облыстық деңгейде насихаттауға дайынбыз.

— ҰБТ білім сапасының басты көрсеткіші саналады. Осы сынақтың қорытындысына жүгінсек,  облыс бойынша Сарыағаш ауданы биыл бесінші жыл қатарынан көштің соңында келеді. Бұл жақта балалар расымен білімсіз, ұстаздар біліксіз бе? Қызметке тағайындала  сала бірқатар мектеп директорларын қызметтен босатуыңызға осы ҰБТ көрсеткіштері себеп болған жоқ па?

—  Қызметке 3 маусым күні тағайындалдым. Мен келгенде ҰБТ жүріп жатқан, нәтижесін білесіздер, ең соңғы орыннан көріндік. Тестілеу біте салысымен  төмен көрсеткіштің себептерін іздей бастадық. Талдау нәтижесінде 15 шақты мектептің орташа балдық көрсеткіші бойынша  шектік балл (50-60 балл) жинай алмағаны анықталды. Білім бөлімі тарапынан шұғыл түрде мобильдік топ құрылып, төмен көрсеткіш көрсеткен мектептерге тексеру ұйымдастырдық. Нәтижесінде көптеген кемшіліктердің беті ашылды. Мектеп басшылығы  білім беру ісіне бақылауды осалдатқан, сөйтіп сабақтар өз деңгейінде өтілмеген. Директор да, оның орынбасарлары да мұғалімдердің сабағына кірмеген. Мәселен, директордың орынбасарлары нормативке сәйкес 100-120 сабаққа кіруі керек. ҰБТ-ға дайындық  дұрыс ұйымдастырылмаған, балалар  психологиялық тұрғыда дайын болмаған. Міне, осы жағдайдан кейін  бірқатар мектеп директорлары қызметтен кетті. Өз еріктерімен. Кейбірінің  қызметке жаңадан тағайындалғандығы ескерілді.  Алайда, дәл сол кезде мені кінәлап, жан-жаққа арыздар жіберілді, ауданға қайта-қайта тексерулер келді.

Осы жерде мынаны айта кету керек, директорларға рахмет, саналылық танытты, бірде-бірі ресми түрде арыз жазып, шағымданған жоқ. Кемшіліктерге жол берілгенін өздері де түсінді. Түсінгенім, жан-жаққа арыз жазып,  жұртты шулатып жүрген олар емес, сырттағы адамдар сияқты.

— Біздің жақта кез келген мәселе бармақ басты, көз қыстымен шешіледі. Ал, сіз мектеп директорларын таңдауға ашық конкурс ұйымдастырдыңыз…

— Ашық конкурс өткізудегі негізгі мақсатымыз — білім саласы басшыларын, әсіресе, мектеп директорларын тағайындауда барынша ашықтықты, мөлдірлікті қамтамасыз ету, осы арқылы білім сапасын арттыру. Иә, мектеп директорларының көбін қызметтерінен босатуға тура келді, жұмысын алып жүре алмағандары әлі де кете береді. Біздің негізгі миссиямыз — білім беру саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.  Ал, осы саясатты жүзеге асыруға жауапсыздық танытса, жұмысын дұрыс атқара алмаса, білім бөлімінің басшысы ретінде заңдылықтарға сәйкес мектеп директорларын жұмыстан босатуға құқық берілген. Қазір білімнің, ғылымның, инновацияның заманы. Кез келген ата-ана баласының болашағынан үлкен үміт күтіп отыр. Бүгінгі бала — мемлекеттің ертеңгі тіректері. Еліміздің, жеріміздің тағдыры ертең осы балалардың қолына беріледі. Ел мен жерді білектің күші, найзаның ұшымен қорғайтын заман өткен, ол үшін ғылымды меңгеру керек. Яғни, біздің басты міндет —  білімді, елін-жерін сүйетін азамат тәрбиелеу. Басты саясатымыз да осы болуы керек. Сондықтан, саладағы жұмысына жауапсыздықпен қарағандармен қош айтысып отырамыз. Ол орын ешкімнің атасынан қалған мұра емес, зейнетке шыққанша отыра тұрсын деген кепілдік хат та берілмеген. Мұның астарынан «саясат» іздеудің, трагедияға айналдырудың қажеті жоқ. Мен де бұл қызметке конкурс негізінде келдім, кету керек болған күні кетемін. Ал, жұмыс басталғалы көзім жеткені, ол қызметтерде лайықсыз адамдар отыр.

Ашық конкурсқа ОҚО әкімі аппараты Персоналды басқару бөлімінің басшысы, қоғамдық институт өкілдері, мектеп ұжымдары, бұқаралық ақпарат  құралдарының өкілдері қатысты. Конкурс онлайн режимде өтті, оны облыстық деңгейде бәрі бақылап отырды. Арнайы шақырылып әрі сауал беру құқына  ие болған сарапшылар конкурстың ашықтығына оң баға берді. Ауылдық жер ғой, алғашқыда ашық конкурс дегенге үрке қарағандар болды. Содан болар, бірінші рет өткізгенімізде үміткерлер саны аздау болды. Ал, екіншісінде  конкурсқа қатысушылар көп болды. Өйткені, олардың бұл қызметке ешқандай бармақ басты, көз қыстысыз, көке-жәкесіз баруға болатынына,  білімділер мен біліктілерге жол ашылғанына көздері жетті. Ал, осының нәтижесінде мектепке білікті азаматтар басшылыққа келді деп біз  үміттеніп отырмыз. Осындай ашықтықтың арқасында қызметке келген азаматтар қалай жұмыс істейтінін көрсете жатар. Білім саласы көктемде егіп, күзде жинап алатын бақшадағы көкөніс емес, оған жылдар керек. Жақын келешекте жақсы әсерін беріп қалады деп сенеміз.

—  Сіз аудандағы шағын жинақты мектептерді жабуға кірістіңіз. Бастауышта оқитын бала үшін көрші ауылға қатынау қиынға соқпай ма?

— Бүгінде ауданда 138 мектеп болса, соның 54-нің құрылысы Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген. Бүгінде ауданда 28 мемлекеттік және 162 жекеменшік балабақша өз деңгейінде жұмыс жасап, 2016 жылға аудан бойынша балаларды балабақшамен қамту 83,4%-ды құрап отыр. Ал, шағын жинақты мектептерді жабудың себептері бар. Олардың моделі бойынша 1-4 сынып аралығындағы бастауыш сынып оқушылары қосылып оқытылады, оларға бір ғана мұғалім сабақ береді.  Егер Қазақстанның солтүстік немесе батыс аймақтарындағыдай әр ауылдың арасы 250 шақырым болса, амал жоқ. Ал, әр ауылының арасы 3-5 шақырымдық Сарыағаш ауданында мұндай мектептердің қандай қажеттіліктен ашылғанына талдау жасасам, бір ауылдың ана шетінде бір, мына шетінде бір шағын жинақты мектеп, ортасында орта мектеп. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп отырмыз, 1-сыныптан бастап үш тілде білім беру қолға алынды. Өзін-өзі тану және дене тәрбиесі пәндерінен  арнайы сертификатталған мамандар сабақ беруі керек. Шағын мектептегі жалғыз мұғалім осының бәрін мойнына алып жүре ала ма? Біз соған орай шешім қабылдап, шағын жинақты мектептерді үлкен мектептерге қостық.  Ауданда осындай 12 мектеп бар еді. Үлкен мектеп жағдайына қарай оқушыларды өздеріне қабылдайды, қажет болса, сынып ашады. Үш шақырымнан асса тасымалдауды қолға алады, ал одан жақындау болса, балалар жаяу қатынайды. Егер үлкен мектептерде сынып ашуға мүмкіндік болмаса, бөлмелер жетіспесе, ағылшын және орыс тілінің мамандарын шағын мектептің ғимаратына жіберіп тұрады. Сөйтіп, қазір бізде бір ғана шағын жинақты мектеп қалды. Ол маңайдағы ауыл мектептерінен  алыстау екен. Келесі жылы бала саны жетсе, оны да орта мектепке айналдырмақпыз.

— ҚР «Білім туралы» Заңына сүйенсек,  мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын педагог қызметкерлердің нормативтік оқу жүктемесі аптасына 18 сағаттан кем болмауы керек. Ал, Сарыағаш жақта 9-10 сағатпен жұмыс істеп жүргендер бар. Бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөлінуде?

— Сарыағашқа келгенде осы проблема да алдымнан шықты.  Қазір мұғалімдердің орташа жүктемесі — 14,6 сағат. Мәселені жан-жақты талдай келе, бір оқу жылы бойына педагог кадрларды жұмысқа қабылдауға мораторий жарияладық. Жаңадан мұғалім қабылдамаймыз, бар мамандарды пайдаланамыз. Зейнеткерлік жасқа жеткен ұстаздарды жұмыстан босатуға тура келді. Ал, кадр жетпеген жағдайда оларды бір оқу жылына келісіммен қалдырдық. Сөйтіп, 121 зейнеткер жұмыстан кетті. Ағылшын тілінен маман жетпеген жағдайда осы пәннің біліктілігі жоғары мұғалімдерін ғана қалдыруға рұқсат берілді.  Осындай әрекеттің есебінен жоғары оқу орнын бітірген ағылшын тілі мамандарын жұмысқа алдық. Осы бір ғана шараның негізінде орташа жүктеме 14,6-дан 17,8-ге жетті. Жаңа жылда тағы біраз мұғалім зейнетке шығады, соның есебінен апталық оқу жүктемесі 18-ге жетеді деп болжап отырмыз. Міне, осындай әрекеттерден соң ғана ұстаздардан білім сапасын талап етуге болады. Біліктіліктерін көтеру курстарына барып келуде, сәйкесінше жалақылары да көбеюде. Білім бөлімінің әдіскерлеріне де талапты күшейттік. Олар енді ауданның бұрыш-бұрышындағы мектептерге барып, өз пәндері бойынша сабақтарға қатысып, мониторинг жасайды. Төрт күні мектептерде өтеді, бесінші күні ғана жұмыс орнынан табылады.

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжамал МҰСАЕВА.

Оңтүстік Қазақстан газеті

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here