Менің алғашқы ұстазым

0
1173

Мектепке 5 жасымнан бардым. Өзім жастайымнан тым әлжуаз едім. Сондықтан болар сыныптастарымның ішінде ең бойы кішкентайы мен едім. Алғашқы ұстазым Рыскүл апай еді. Мектепке алғаш барған күннен апай мені өзінің алдына ең бірінші партаға отырғызды. Оған бойымның бәкенелігі де сеп болған ұқсайды. Ұстазымыз ерінбей-жалықпай бізге сабақ үйретуден жалықпайтын. Мен апайымның айтқанын тез ұғып ала қойғаныммен жазуға келгенде ебім жоқ-ты. Жазу былай тұрсын, қаламсап ұстай алмайтынмын. Қаламсапты үш саусағыммен емес, уысыма қысып ұстап алатынмын. Жазуым жазу емес еді. Әлі күнге жазуым жаман. Бірақ, апайым бәрібір маған үйретуден жалықпайтын. Қарапайым қалам ұстаудың өзін осындай жаңа жылға таяу уақытта зорға үйрендім-ау деймін. Сонда да апай маған ешқандай ұрыспайтын.

Ол кезде бірінші сыныпта сабақ біткеннен соң, балаларды кешке дейін алып қалатын. Балабақша секілді. Сабақ біткен соң, түскі ас ішіп, ұйықтауға жататын балалар. Көкеме қылқылдап жүріп, мен сол түстен кейінге қалмай-ақ үйге қайта берейінші деп көндірдім. Қылқылдадым деп әсірелеп отырмын-ау деймін. Әйтпесе, көкеме бір айтқаннан тілегім орындалатын. Осылай сабағым біткен соң ешқайда бұрылмай үйге қайтатынмын. Бір күні апай мектепке комиссия келе жатқанын, балаларды түгендейтінін, сол үшін де маған сабақ біткен соң үйге қайтпай, бүгінше кешке дейін мектепте болуымды ескертті. Мен келістім. Бірақ түсте тіптен ұйықтай алмайтынмын. Балаларды жатын бөлмеге әкеліп, бәрімізді кереуетке жатқызды. Жата беріп ішім пысты. Бір кезде ойыма қулық сап ете қалды. Тәрбиешіден «далаға шығып келейінші» деп сұрандым да, далаға шыққан соң, терезенің астынан бұқпантайлап үйге тартып отырдым. Ертеңіне сабаққа барған кезімде апай маған үндеген жоқ. Күндегідей сабағын өтіп жатты. Апайдың маған ұрыспағанына қарап, білмеген екен ғой деп алаңсыз жүріп жатқанмын. Ол кезде қазіргідей ата-аналар жиналысы тек ақша жинайтын кезде ғана емес, жоспарлы түрде жиі өтіп тұратын еді ғой. Сондай жиналыстардың бәрінде мені мақтайтын апайым бұл жолы анама менің қашып кеткенімді айтып өзінің маған қатты ренжігенін айтыпты. Менің қаншама осындай еркелігімді көтере білетін апайымыз. Басқаларға ұрысса да, маған ешқашан ұрысқан емес-ті.

Ол кездері сенбілік, металлолом жинауға жоғары-төмен сынып демей, барлығы тартылатын еді ғой. Сондай кездері Ержанға көмектесіңдер деп ылғи өзгелерге айтып отыратын. Түс қайта кей кезде мектепке қоғамдық жұмыстарға шақыра қалса, біздің көшенің басында тұратын Айнұр, Жұлдыз, Индираға «Ержанды ала келіңдер» деп тапсырып жататын. Ол қыздар да апай айтқан соң маған қамқор болып, «жел ұшырып кетпесін» деп екі қолымнан екеуі екі жақтан тас қылып ұстап алатын. Мектепке жеткенше екі қыздың ортасында ұялып сызылып кетіп бара жататынмын. Біздің ана тіліміздің шұрайына қанып өсуіміз үшін де сол кездегі «Балдырған», «Қазақстан пионері» секілді газат-журналдарға жазылуымызды қадағалайтын.

Үшінші класта біз атамекенге Қожатоғайға көшетін болдық. Бұл жаңалықты анамнан естіген апайымыз сол күні көңілсіз жүрді. Ертеңіне апай сабақтағы оқушылардың барлығын бір-бірлеп шақырып, бір кітапқа өз аты-жөндерін жаздырып жатты. Тек мені ғана шақырмады. Қыздар шу ете қалды. — Ержан аты-жөнін жазбады ғой – деп. Апай маған қарап күлімсіреп: «Ержанның жазуы керемет қой. Ол жазбаса да болады» – деді. Мен мәз болып қалдым. Апайыма жазуым ұнаған екен ғой деп. Ертеңіне жүктерімізді машинаға салып, абыр-сабыр болып жатқанбыз. Көшенің басынан шуылдап менің сыныптастарым көрінді. Алдында апайымыз. Барлығы сап бойымен тәртіп бұзбай келе жатыр. Өзі сыныпта 19 оқушы едік. Барлығы келіпті. Келген соң сол он тоғызы да қарап тұрмай үйдегі әлі келетін заттарды бір-бірлеп таси бастады. Өздерінің бойы машинаның дөңгелегінен де аласа. Сонда да ұлы-қызы барлығы достық ниетін білдіріп көмектесіп еді сол жолы. Әрине, барлығы апайымыздың тәрбиесі ғой. Жүктерді тиеп болып, машина жүрейін деп тұрғанда, апай оқушыларын түгел қасына жинап алып, маған тілегін айтты. Мынау достарыңнан естелік деп «Тілашар» деген кітап пен бір сувенир чеханка ұсынды. Кітапқа деген құмарлығым дәл сол «Тілашармен» бірге оянды. Кітаптың ішкі бетіне де, чеханканың артына да сыныптастарым өз қолымен қолтаңбаларын қалдырыпты. Солай қалған сыныптастарым да өз тілегін жеткізді. Машина көрінбей кеткенше, ұстазымыз, сыныптас достарым бәрі қол бұлғап тұрып еді.

Қожатоғайға көшіп келген соң, сыныптас қыздардан хат алатынмын. Әрине, бәрін ұйымдастырып жүрген апайым екенін кеш білдім ғой. Жауап жазып, арадағы қатынас үзілмейтін. Хат сайын апайдың жаңалығын біліп тұратынмын. Жоғары кластарға көшкен соң апаймен жолықсам ғой деп армандайтынмын. Мектепте директордың орынбасары қызметіне тағайындалғанын да сыныптастарымның хатынан естіп қуанып қалғанмын. Кейін жұмысқа тұрған соң, бастығым өзінің туған аулы, менің де туған аулым Шіліктегі мектепке бір жұмыстармен баратын болды. Мені де ерте кететін болды. Сол кезде қуанғанымды көрсеңіз. Ырыс апайымды көретін болдым деген қуаныш еді ол. Барғаннан соң тіке апайымды сұрадым. Сөйтсем, ауданға есептермен іссапармен кеткен екен. Тағдыр бізге ол жолы да жолығуды жазбапты. Мектеп бітіргенімізге он жыл болғанда жолығармын деген үмітімді үзбейтінмін. Бірақ, бірақ, сол ауданда тұратын әпкем үйге бір келгенінде «Ержанның Ырыс апайы жол апатынан қайтыс болыпты» — деп естіртті. Анам екеуміздің ішіміз әлем-жәлем болып кетті.
Мен сізбен бір жолықсам деген арманда жүретінмін ылғи, Ырыс апай. Бірақ тағдыр бізге жолығуға жазбапты. Жаныңыз жәннатта болсын! Пейіште нұрыңыз шалқысын! Қабіріңізге барып топырақ сала алмадым. Мына әңгіме сізге деген бір құрметім болсын! Мен сізге мәңгілік қарыздармын, Ырыс апай!

 

Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here