«Мектепті өз жеке меншігіндей басқаруды әдетке айналдырған басшыны» кім ауыздықтайды?

0
536

Оңтүстік Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы И.Сағындықовтың,

Сарыағаш ауданының әкімі Қ.Әбдуәлиевтің назарына!

 Газетіміздің 15.06.2017 жылғы №23 санында «Мектепті өз меншігіне айналдырған басшы… немесе мұғалімдерді мезі еткен мектеп директоры» деген тақырыппен мақала жарияланған болатын. Мақалада Сарыағаш ауданындағы №73 Ө.Жәнібеков мектебіндегі былықтар жайында жазып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Турбекованың арызын толық берген едік. Кеше редакциямызға Айгүл Турбекованың өзі келіп, Сарыағаш ауданының Білім бөлімінің аталған арыз бойынша тексеру қорытындысымен таныстырды.

Мұның алдында белгілі болғандай А.Турбекованың арызы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының Білім саласындағы бақылау департаменті тарапынан тексеру жүргізіліп, шара қолданылған. Бірақ департамент тарапынан арызда көрсетілген уәждер толық қамтылмағаны себепті Сарыағаш аудандық білім бөлімі тарапынан арыз бойынша қайта тексеру тағайындалған. Атап айтар болсақ, департамент тарапынан кадрларды қабылдау мен босату туралы бұйрықтар, шағын орталық жұмысы назардан тыс қалғанға ұқсайды.

Ал енді аудандық білім бөлімінің тексеру анықтамасынан үзінді келтірейік:

…Ұжымдық шарттың І бөлім 1,8 бөлімшесінде «Жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу» туралы міндеттер нақтыланған. Алайда, бұл мектепте арызда көрсетілген мәліметтер өз дәлелін тапқан. Яғни, кадрларды қабылдау және босату туралы жеке құрам бойынша шығарылған бұйрықтардың ешқайсысына жұмысқа қабылданғаны немесе босатылғаны, сондай-ақ қызметтері ауысқаны немесе тәртіптік шара көрілгені туралы бұйрықтарға таныстырылып, қолдары қойылмаған. Жеке құрам бойынша шығарылған бұйрықтар қызметкерлердің еңбек кітапшаларына міндетті түрде жазылуы ескерусіз қалған және бұйрықпен сәйкес толтырылмаған.

Сонымен қатар, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ш.Атабекованың бала күту үшін ақысыз демалысқа шығуына байланысты оның орнына мектеп директоры У.Қожагельдиеваның 02.09.2011 жылғы №17 бұйрығымен ҚР Еңбек Кодексінің 38-бабы 2-тармақшасына сәйкес өз мамандығы бойынша Сарсенбаева Мадинаны жұмысқа қабылдаған. Бұл жерде мектеп директоры заң бұзушылыққа жол беріп, бала күту демалысына шыққан Ш.Атабекованың орнына М.Сарсенбаеваны уақытша емес, тұрақты етіп жұмысқа қабылдағаны анықталған.

02.09.2013 жылғы №40 бұйрығының І бөлігімен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бакирова Жазираны жұмыстан босатып, осы бұйрықтың ІІ бөлігімен 2011-2012 оқу жылында бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан М.Сарсенбаеваның жұмысқа түскенге дейінгі міндетін уақытша атқару Ж.Бакироваға тапсырған. Яғни, осы бұйрықты шығару барысында да мектеп басшысы заң бұзушылыққа жол беріп, жұмыстан босаған Ж.Бакированың қайта жұмысқа қабылдану бұйрығы болмаса да 2011-2012 оқу жылында бала күтімі бойынша демалысқа шыққан М.Сарсенбаеваның орнына 2013 жылы Ж.Бакироваға жүктеген. Ал, Ж.Бакироваға алдыңғы бір жылда жұмыс істеген мұғалімге жүктеу туралы бұйрығының күші жойылмаған. Сонда Ж.Бакироваға қандай апталық жүктеме тауып бергені белгісіз күйінде қалған.

Жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына шыққан мектеп-гимназия шағын орталығының тәрбиешісі Ағабекова Баянның орнына 2 адамды жұмысқа қабылдап, өрескел заң бұзушылықтарға жол берген. Біріншіден, кезекті еңбек демалысына шыққан адамның орнына сырттан адам қабылдауға жол берілмейді және қатаң тыйым салынады. Екіншіден, сынақ мерзімімен М.Рапитованы жұмысқа қабылдаған, одан кейін жиырма күннің ішінде осы орынға екінші адам Р.Дадаметованы тұрақты жұмысқа қабылдаған. Үшіншіден, осы екі адамды жұмысқа бос орны болмаса да оларды жұмысқа қабылдау мүмкіндігін қарастырып, ауданның халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып келуіне жағдай жасап, аталған мекемеге сұраныс хаттар жолдаған. Төртіншіден, ең сорақысы кезекті еңбек демалысына шыққан шағын орталықтың тәрбиешісі Б.Ағабекованың орны сақталмаған.

(У.Қожагельдиеваның кадрларды судай сапырыстырып, қойыртпақ жасауы мұнымен тоқталмайды)

Мектеп жанындағы шағын орталықтың тәрбиешісі Ж.Джумабаеваны ағылшын тілі пәнінің мұғалімі етіп уақытша ауыстырып, оның орнына екі адамды жұмысқа қабылдап, өрескел заң бұзған. Біріншіден, уақытша ауыстырылған адамның жұмыс орнын бос тұрған орын /вакант/ деп қарастыруға мүлдем болмайды. Екіншіден, уақытша ауыстырылған Ж.Джумабаева 1 штат бірлігінде тәрбиеші болып жұмыс атқарған. Ал, оның орнына Н.Кулманованы 1 штат бірлігінде, Г.Бейсованы 0,5 штат бірлігінде уақытша етіп жұмысқа қабылдаған. Үшіншіден, уақытша ауыстырылған Ж.Джумабаеваның орны сақталмай, оның орнына тұрақты етіп Н.Кулманованы қабылдаған. Төртіншіден, уақытша ауыстырылған бір ғана адамның орнына қалай бірнеше рет ауданның жұмыспен қамту орталығына кадрға қажеттілік туралы сұраныс хат жолданғаны белгісіз.

01.09.2016 жылғы №14 бұйрықпен қысқарған Бибінұр Айбекованы 02.02.2017 жылғы №08 бұйрықпен өз мамандығымен емес өзін-өзі тану пәні мамандығы бойынша жұмысқа қабылдаған. Сонымен қатар 06.02. – 18.02.2017 жылы аралығында өзін-өзі тану пәні бойынша курстан өтті деген 0199777 номерлі сертификаты бар екендігі анықталған. Алайда, бұл уақыт аралығында Б.Айбековаға білім жетілдіру курсына баруы туралы ешқандай бұйрық шығарылмаған. бұл уақытта Б.Айбекова мектепте сабақ өтіп, жалақысын алып отырған.

№73 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясы жанындағы шағын орталық 75 орынға деп ашылып, жұмыс жасап келген. Шағын орталық әдіскері мен тәрбиешілер ұсынған мектеп директоры бекіткен топтар бойынша балалар тізімі қай мерзімге екені көрсетілмеген. Балаларды шағын орталыққа қабылдау ережесі сақталмаған. Шағын орталықта тәрбиеленуші балаларды жолдамасыз қабылдап келген, еш балаға жолдама алынбаған, құжаттары (медициналық анықтамасы мен мед.кітапшалары жоқ) толық жинақталмаған. Балаларды шағын орталыққа алдымен қабылдап, сонан соң құжаттары жинақталып келген. Шағын орталыққа балаларды қабылдау-шығару жайлы мектеп директорының бұйрығы шағын орталық ашылғалы бері мүлде шығарылмаған.

Күнделікті ас мәзірі шағын орталық ашылғалы мүлде түзілмеген және тамаққа әр балаға қажетті нормаға сәйкес азық-түлік босату құжаттары жасалмаған. Шағын орталық әдіскері мен тәрбиешілері берген түсініктерінде балалардың тамағына төленетін ата-аналар жарнасының мөлшері ешбір құжатпен бекітіліп, рәсімделмеген. Әдіскер жарнаны ауызша күнделікті 100-200 теңге көлемінде деп белгілеп, тәрбиешілер ата-аналардан күнделікті жарнаны 100-200 теңге көлемінде қолма-қол жинап, әдіскерге тізім бойынша өткізіп отырған. Ата-аналардың тамаққа төлейтін жарнасына есеп жүргізілмеген және жарнаны төлегені жайлы ешқандай құжат ұсынбаған. Шағын орталыққа келген балаларды санағанда, шағын орталықта 06.06.2017 жылы 3 топта барлығы 24 бала ғана келгені  анықталған.

Қорыта келгенде Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бас мамандары А. Жұмабеков, А.Тұрсынбаев, А.Құлқараев, Н.Баратов жүргізген зерделеудің нәтижесінде  «арыз иесі А.Турбекованың арызында көрсетілген мектеп ішіндегі олқылықтар мен заң бұзушылықтар толық өз дәлелін табады. Аталған мектептің басшысы У.Қожагельдиева Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңының 44-бабының 2-тармағын, 45-бабының 3-тармағының 1,2 және 6-шы тармақшаларын бұзып, заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды» — деп шешім шығарады.

Ал ендігі мәселе «мектепті өз жеке меншігіндей басқаруды әдетке айналдырған» заңмен бекітілген өзінің лауазымдық қызметін асыра пайдалану арқылы ҚР Білім туралы Заңының, ҚР Еңбек Кодексінің талаптарын өрескел бұза отырып, жұмыс беруші тұлға ретінде қарамағындағы қызметкерлерді кемсітушілікке жол беріп, заңсыз жұмысқа қабылдап, шығарып, жеке инициативасымен ойдан шығарылған қысқартулар ұйымдастырып, оқуға кеткен, кезекті еңбек демалысына шыққан бір мұғалімнің орнына 3-4 қызметкерден қабылдап, бей-берекеттікке жол берген мектеп басшысына білім саласына жауапты орган аудандық білім бөлімі тарапынан қандай жаза қолданылды екен?

Сарыағаш ауданының білім бөлімі басшысының міндетін қоса атқарушы Н.Үсіпбековтың 23.06.2017 жылғы №382 бұйрығының мәтініне назар аударайық: «Өзінің құзіретіне жататын міндеттерді орындауда жауапсыздық танытып, бақылау мен басшылық жұмыстарды осалдатқаны үшін №73 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының директоры У.Қожагельдиеваға «ескерту» түріндегі жаза қолданылсын».

 

P.S. Мақаланың басында тоқталғанымыздай Оңтүстік Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің тексеру нәтижесі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 409 бабы 4 бөлігінің 2-тармақшасы негізінде құқықбұзушылықтардың орын алғаны үшін айыпты деп танылып, 34 035 (отыз төрт мың отыз бес) теңгеге тең, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш көлемінде мекемеге әкімшілік айыппұл салынып, аталған айыппұл 01.06.2017 жылы тиісті есепшотқа төленген.

Ол айыппұлды У.Қожагельдиева өз қалтасынан төледі ме, әлде «басқа да жолдарын» тауып қарастырды ма, оны өзінің ар-ұятына қалдырдық.

Бірақ қарамағындағы мектеп басшысының былықтары анықталып, жоғарғы орган, яғни бақылау департаменті тарапынан айыппұл салынып, жазаға кесіліп жатқан кезде аудандық білім бөлімінің үндемей қалыс қалғаны анық.

Қосымша арыз бойынша өз тексеру нәтижелері бойынша өрескел заң бұзушылықтардың анықталып, педагогикалық ұжымның психологиялық ахуалының шегіне жеткенін көре тұра, мектепте үлкен наразылықтың пісіп-жетілгенін сезе тұра аудандық білім бөлімі «ескерту» деп жылы жауып қоя салуға тырысуының себебі неде?

21 жылдан бері бір орында тапжылмай, тамырын терең жайған У.Қожагельдиеваның «бармақ басты, көз қысты» әдіс-тәсілдерді шебер меңгергендігінен бе, әлде білім бөліміндегі қамқоршыларының жең ұшынан жалғасқан сыбайластығының күші ме…

Сырт көзге «сүйкей салды» қылып «ескертумен» кімді алдамақшы болды екен?

Тағы да бір тілге тиек ететін нәрсе «75 балаға қаржы төленіп отырған мектептің шағын орталығына келген балаларды санағанда, 06.06.2017 жылы үш топта барлығы 24 бала ғана келгені  анықталған» — деген факті бойынша аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Үсіпбеков қаржылық мәселелермен айналысушы органдарға хабарлама берді ме екен, егер бермеген жағдайда, осы ескертудің салмағы оны да жауып кетеді деп ойлап, сыбайластыққа ұрындыратын іс-әрекетке барып отырғанын сезе ме екен?

Не де болса, Жәнібеков мектебінің жыры мұнымен тоқтамайтын сыңайлы. Алдағы уақытта бұл тақырыпқа әлде де оралатынымызды ішіміз сезеді…

Оның үстіне облыстық білім басқармасына келген жаңа басшы да бұл істі аяқсыз қалдырмас деп ойлаймыз.  

 

Дайындаған М.Абдалиева

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here