Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

0
8572

немесе латын әліпбиіне көшу қазаққа не береді?

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады»

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауынан

Қазақстанда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе кешелі-бүгін ғана көтерілген жоқ. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғалы бүгінгі күнге дейін өзекті күйінде талқыланып келеді. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та жиі айтады.

Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында анық айтты. Яғни бір сұрақтың басы айқындалды. Президенттің «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында тілге тиек етіліп және биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы идеяға қайта тоқталып, осы идеяны жүзеге асыруға қатысты нақты жоспарларды айтады. «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» – деп атап көрсеткен-ді Елбасымыз аталмыш мақаласында.

Біз қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы пікірлерді ғаламтор беттерінен іздестіріп, жинақтаған едік. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз:

Саясаттанушы, «Қазақстан» Ұлттық арнасының директоры Ерлан Карин:

Латын әліпбиіне көшу — жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымызды, алға жылғымыз келетінін растайды және бұл осыған дейін Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру туралы идеялармен байланысты болып тұр.

 

Шәкір ЫБЫРАЕВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті:  Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.

 

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақас:  

Алаңдаудың реті жоқ…

   Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білеміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады. Себебі бұл сөз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Мұны қазіргі кирилл-қазақ  әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

 

А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек:

– Бұл – біздің ұлттық мүддеге арналған керемет бағдарлама. Дегенмен, жалпы алғанда, жұртшылық кирилл, яғни орыс әліпбиіне үйреніп кеткен. Бірақ біз маңызды бір мәселеге көңіл бөлмей келеміз. Ол – сауатты, қате жібермей жазу мәселесі. Ал, қазіргі газет-журналдарды алсаңыз, орфографиялық нормалардың сақталмауы, қателер деген өріп жүр – оны мойындау керек. Мысалы, «Айқын»  шекара деп жазса, «Егемен» шегара деп жазады. Осы сынды қателер өте көп. Біздің мемлекеттегі классикалық үлкен басылымдар осындай қателіктерді жібереді, тіпті, әр журналистің өзіндік жазу принциптері бар. Ғылым бекіткен ережелер бөлек, ал әр ақынның, әр журналистің, әр жазушының жазу тілі мүлдем бөлек. Бұл дұрыс емес, белгілі бір жүйе қалыптасу керек, бірдей орфографиялық норма болуы тиіс және ол сақталуы шарт. Бұл – өте үлкен мәселе. Шетелде бір газетті алып, кез келген мақаласын оқысаңыз және сол жерден бір қате табылса, оны бүкіл ел болып талқылайды, сол қатені үлкен мін етіп көрсетеді. Ал, бізде сауатсыз жазу, ережелерді сақтамау әдетке айналған. Неге? Себебі, біздің әліпбиіміз «мал қора» секілді. Мені қатты айтты дерсіздер, дегенмен мұны да мойындау керек. Тіліміздегі төл дыбыстардың саны 26-28, ал әріптеріміздің саны 42, екі есе көп. Кириллицаны 30 жылдардың аяғы мен 40 жылдардың басында қабылдаған кезінде еліміз өте қиын жағдайда болған. Орфографияға да, орфоэпияға да сауатты бүкіл адамдарды құртып, жоғары жақтан кириллицаны бұйрықпен күштеп енгізген болатын. Қазақ тіліне еш қатысы жоқ, біздің табиғатымызға жат әріптерді кіргізе салды. Сол бір орыс әліпбиінің негізінде қазақ тілі әліпбиінің 20-30 шақты нұсқасын жасап берді. Мысалы, біз башқұртпен, ноғайлармен сөйлескенде тілімізде ешқандай да айырмашылық жоқ, бір-бірімізді оңай түсінісе аламыз, бірақ бір-біріміздің кітаптарымызды оқи алмаймыз. Себебі, біздің әліпби орыс әліпбиі негізінде жасалған. Қазақ тілінде бір ғана дыбысты беретін әріптер кириллицада екі-үш таңбамен таңбаланады.

 

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру үрдісінің ерекше­лік­теріне байланысты», — деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда.

Ендігі кезекте Мемлекет басшысы атап өткендей ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.

Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жеміс көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек. 

Жоғарыдағы пікірлерден осындай ой түйдік. «Латын әліпбиіне көшу керек пе, жоқ па?» — деген сұрақ өз актуальдығын жойған бүгінде. Бұл сұрақты көкейден сызып тастап, ғалымдар әліпбиді жасауға тез арада кірісуі керек деп санаймыз. Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

 

Малика Абдалиева,

«Зияткер ON» газетінің құрылтайшысы, журналист

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here