ЖҮЙЕЛІ МАҚСАТ, ЖАҢАРТЫЛҒАН МАЗМҰН

0
620

Ел болашағы – білімде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыған байланысты барлық дамыған елдердің сапалы білім беру жүйесін саралай келіп, ұлттық білім берудің жаңартылған мазмұнын қалыптастыруды келелі міндет ретінде қойып отыр. Осыған байланысты елімізде биылғы оқу жылынан бастап білім беру жүйесі жаңартылған мазмұнмен жұмыс істей бастады.

Осы өміршең талапты іс жүзіне асыру мақсатында Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, қолға алына бастады. Егемен еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Бұл салада игі мақсаттарға жету жолында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында да атқарылған іс аз емес. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда біліктілікті арттыру курстарынан 1 миллионнан астам педагог өтті, еліміздің әрбір төртінші оқушысы қосымша білім­мен қамтамасыз етіледі. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде елімізде 450 мемлекеттік балабақша салынды. Сонымен қатар, жекеменшік балабақшалар саны 10 есе өсіп, 2200-ге дейін жетті. Бұл – жеке инвестициялардың 100 миллиард теңге қаржысы деген сөз. «Балапан» бағдарламасының арқасында 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 2,5 есеге өсіп, 82 пайызды құрады. Биыл балабақшаларда 400 мың орын ашу үшін мемлекеттік тапсырысқа алғаш рет қаржы бөлінді. Бүгін біз балаларымыздың мектепке дейінгі дайындықпен жүз пайыз қамтылғанын айта аламыз.

Білім берудің жаңартылған мазмұны 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, үш тілде білім беру бағдарламасын дамыту міндеттерін жүктеп отыр. PISA халықаралық салыстырмалы зерттеудің қорытындылары, біздің балалардың академиялық түрде жақсы дайындығын, бірақ іс жүзінде білімділікті қолданудан артта қалғанын көрсетеді. Осындай зерттеу қорытындылары білім беру саласында ғана емес, барлық қоғамда талқылануы қажет. Мысалы, АҚШ-тағы STEM Education немесе Малайзиядағы Skill for future зерттеу қорытындылары бойынша қабылданған көптеген үлкен реформалар мектепте білім беру мазмұнын толық пішімдеуді қажет етті. 12 жылдық оқуға ауысудың және ағылшын тілінде оқытудың орынды екені «Назарбаев зияткерлік мектептерінде» экспериментальды түрде сынақтан өткізілді және расталды. Ендігі міндет – функционалды білімділік бағытымен барлық мектепте бұл тәжірибені тарату.

Осы ретте ерекше атап көрсететін мәселе, 12-сынып деген болмайды, оның есесіне 5 және 6 жастағы балалар үшін 0-сынып енгізіледі. Әрі 12 жылдық білім беру кестесін енгізу осы немесе келесі жылы емес, тек 2019 жылғы қыркүйек айынан басталады деп жоспарлануда. Ата-аналар 0-сыныпқа (мектепалды даярлық) баланы не 5, не болмаса 6 жастан бастап беруге құқылы. Тиісінше, 1-сыныпта 6 және 7 жастағы балалар оқитын болады. «Білім туралы» заңға сәйкес, бүгінгі күні бұл норма қолданысқа енгізілген. Сол себепті, барлық бала мектепалды даярлық бағдарламасынан өтуі тиіс.

12 жылдық білім берудің негізгі мәні – 0-сыныптарға (мектепалды даярлық) бірыңғай үлгілік білім беру бағдарламаларын енгізу. Мек­тепалды даярлықтан өту мүмкіндігі білім беру мекемелерінің 0-сыныпты ашу дайындықтарына қарай, мектептерде де, сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемелерде де сақталады.

Енді үш тілде білім беру мәселесіне келетін болсақ, әуелі үш тілде білім беру көлемін түсініп алғанымыз жөн. Оның үстіне, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ешбір сыныпта үш тілді оқыту жүйесі енгізілейін деп жатқан жоқ. Бағдарламаға сәйкес тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде оқытылады, жоғарыда айтқанымдай, оның өзі тек 2019 жылдан басталады. Бұл – аптасына 8 сағат деген сөз. Ал қазақ тілінде оқытатын мектептерде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география және басқа да пәндер қазақ тілінде өтеді. Барлығы 18 сағат. Егер тек инвариантты сағаттарды алатын болсақ, 22 инвариантты компоненттің 14 сағаты қазақ тілінде, оған дене шынықтыру пәнінің 3 сағатын қосыңыз. Сонымен қатар, таңдау бойынша пәндер бар. Орыс тілі мен әдебиеті, дүние жүзі тарихы оқыту тіліне қарамастан орыс тілінде оқытылады. Орыс тілінде оқытатын мектептердің жағдайы да осы шамада болады. Онда да жоғары сыныптарда.

Қалған сыныптарда бұрынғы базалық принциптер өзгермейді. Әрине, жоғары сыныптарда үш тілде білім алуға дайын болу үшін балалардың тіл үйренуге көбірек күш жұмсайтыны анық. Біз негізгі мектептерге де үш тілде оқыту мүмкіндігін береміз. Бірақ ол мектептердің дайын болуына қарай жүзеге асады. Мұғалімдерді жаппай даярлау осы жылдан басталады.

Ағымдағы жылғы 24 тамыздағы жағдай бойынша, жаңа оқу жылына оқулықтар жеткізу 99%-ды құрады. Бүгінгі күні 14 өңірде оқулық жеткізу аяқталған, 2 өңірде (ОҚО – 96%, Ақтөбе облысы – 93%) жалғасуда. Оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі министрліктің бақылауында.

Республика бойынша барлығы 325 мыңнан астам педагог бар. Министрлік интерактивті тапсырмалар мен бейнематериалдарды жаппай қолдану үшін мектептерді қажетті техника жиынтықтарымен (экран, проектор, компьютер) қамтамасыз етуді жалғастыра береді. Бейнематериалдар дәстүрлі білім беру жүйесіне қосымша тәсіл әрі есте қаларлық және оқушылардың білімге қызығушылығын тудыратын тиімді әдіс. Еліміздегі 700 мектепте отандық («БілімLand») және шетелдік оқыту бейнематериалдар мен интерактивті тапсырмаларды бұған дейін де пайдаланды. Бұл мүмкіндікті пайдаланған мұғалімдер өздерінің оң пікірлерін жеткізіп отыр. Мұндай техникамен алдыңғы кезекте ең аз жабдықталған мектептер жарақтандырылады. Интернет жүйесі жоқ мектептерде сандық ресурстар мектеп серверлеріне енгізіліп, үнемі жаңартылып отырады.

Биыл Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жаңа «Kundelik.kz» бірыңғай ақпараттық білім беру кеңістігі іске қосылды. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап бұл жүйе еліміздің кеңжолақты интернетке кіру мүмкіндігі бар барлық мектепте қолданылуда.

Елімізде 807 колледж жұмыс істейді, онда білім алатындардың саны 499,5 мың адамды құрайды. Жыл аяғына қарай Астана қаласында 300 орындық жатақханасы бар 1 колледжді іске қосу жоспарланып отыр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылдау жоспары 82 мың орынды құрайды, олардың 70 пайызы техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына берілген.

«Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» жобасы аясында мемлекеттік тапсырыс 30 колледжге беріліп, 43 мамандық бойынша 1100 орынды құрап отыр. 1718 кәсіпорынның қатысуымен 348 колледжде дуалды оқыту енгізілді. Бұл колледждерде 22 мың студент оқиды. Жыл аяғына қарай техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша тағы да 49 колледжге дуалды білім беру жүйесі енгізіледі. Кәсіпорындармен 61 келісімшарт жасалды.

Жаңартылған мазмұнда білім беру бағдарламасы енгізілетін биылғы оқу жылына еліміздің барлық мектептері жоғары дайындықпен кірісті. Жалпы, жаңа оқу жылына білім беру жүйесінің материалдық базасы да сақадай-сай. Ендігі міндет бәсекеге қабілетті өскелең буынды тәрбиелеу жолында жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасын сапалы іске асыру болып табылады.

Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА,

Білім және ғылым вице-министрі

«Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалып алынды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here