ЖАҢАШЫЛ МҰҒАЛІМ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

0
3673

Кемеңгер Абай «Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе қайрат, байлаулық жоқтығынан азады» — деген. Жақсылық пен жамандықты берік ұстанатын – қайрат. Жақсы мен жаманға айла табатын – ақыл, ал соның қажеттісі – жүрек қалауы» дейтін болсақ, оқушыны жақсылыққа тәрбиелеу үшін ақыл мен қайратты тұлға бойына қалыптастыру үшін үнемі ізденісте болуымыз керек. Осы үшеуін оқушы бойынан көре алсақ «Мұғалім» деген мамандықтың ұрпақ тәрбиесіндегі алар орнын тап басып айтқан болар едік. Себебі, қайратты, ақылды, жігерлі оқушы – біздің еңбегіміздің көрсеткіші.

Абай атамыз: «Бір бала туады. «Ішсем, ұйықтасам, жесем» дейді. Ол – тән құмары. Бір бала туады. «Білсем, көрсем, үйренсем» — дейді. Ол – жан құмары». Бірақ, бүгінгі таңда біз осы екі баланы да бірдей деңгейге жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар. Себебі, «тек ұйықтасам» деген бала қасындағы баланың әрекетіне алғашында селт етпеуі мүмкін. Бірақ, үнемі сабаққа енгізген түрлі тәсілдер оны да қызықтыруы мүмкін. Ол осы сабақ барысында өзі байқамайтын қабілеттің бар екенін білуі мүмкін. Ол талантты байқаған біз оған мадақ сөздер айту арқылы сенімділікті қалыптастыруға септігімізді тигізуіміз керек. Бүгінде дамыған елдермен терезесі тең болуы үшін біздің еліміз де аянып отырған жоқ. Ал, іргесі нық қаланған мемлекет тірегі – білімді ұрпақ. Кешегі «Қазақ» деп ұрандаған арыстарымыздың текке қан төкпегені даусыз. Ендігі кезекте арманы орындалған сәтте, ел сенер ұрпақтың әлжуаз, бос болуы тәрбиеге келіп тірелері сөзсіз. Сондықтан дамыған елге қарап бой түзеген еліміз ұрпақ бойына білім нәрін себуші мына біздерді ұстаздар қауымын, жаңа заман талабына сай білімін жетілдіруді қолға ала бастады.

Әрбір педагогтың білімі мен білігін көтеруді мақсат тұтқан еліміз ұстаздардың білімін жетілдірсе, біз өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтуіміз керек. Алғашында дәстүрлі оқытудан сындарлы оқытуға тосырқай қарағанмен, тәжірибе барысында оқушы бойындағы оң өзгерісті байқап қуандық. ХХІ ғасырда біздің елімізде ғаламдану және жаһандану процесіне көшуде. Осы процесті жандандырып дамытуда жас ұрпақтың білімі мен біліктілігі орасан зор роль атқаратыны сөзсіз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Халықты халықпен теңестіретін нәрсе – білім» деп, атап көрсеткендей, қай елдің болсын өркендеп өсуі сол елдің білім деңгейі мен даму жүйесіне байланысты. Рухани ұлттық қажеттілікке жараған білім – ең мықты білім, оның нәрін бойына сіңірген ұрпақ елімізді гүлдендіріп, болашағымызды дамыта алады. Ал, сол білімді шәкірт санасына себуші – ұстаз. Бүгінгі білім мазмұны мұғалім мен оқушының арасындағы негізгі бастамалардың барлығы мұғалім арқылы жүзеге асырылады. Оқытудың озық технологиясын меңгеру мұғалімнің оқу-тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруына көмектеседі. Оқытудың озық технологиясын меңгеру мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. Бұл әрбір ұстазды ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа ізденістерге жетелейді. Осы орайда Жүсіпбек Аймауытов «Сабақ беру үйреншікті жай ғана емес, ол жаңаны жаңадан табатын өнер», — деп тұжырым жасайды. Сондықтан мұғалім өз пәніне психологиялық тұрғыдан қарап, әдістемелік шеберлікпен келу керек. Сабақ барысында интерактивті технологияларды қолдану мұғалім жұмысын өнімді, нәтижелі, ал, оқушылардың білім алу әрекетін мәнді, қызықты, пайдалы етеді. Жаңа технологияның қыр-сырын меңгерген мұғалімдер білім сапасын арттыруға барынша үлес қосып, ұрпақты жаңа заманға сай біліммен қаруландыратынына сенеміз. Білім беруді технологиялық жолмен ұйымдастырудың мақсаты – жаңа бағыттағы ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, өз білімін көтеруге үйретеді. Әрбір жаңашыл ұстаз ақпараттық технологиялардың ғылыми-теориялық негізін меңгеріп, жұмысында қолдануға тырысуы керек. Сол жаңа озық әдістемелік технологиялармен қаруланған, заман талабына сай оқытудың жаңа әдістерін, яғни ақпараттық-коммуникациялық технологияларды толық меңгерген педагог қана білім алушының сапалы білім алуына мүмкіндік жасайды. Қазіргі кездегі білім беру жүйесінің міндеті – оқушылардың білімді үйреніп қана қоймай, алған білімін үздіксіз дамытып, оны бойына сіңіріп, тәрбиелі, әдепті, интеллектуалды болуын қамтамасыз ету. Танымдық белсенділікті қалыптастыру көрсеткіштеріне интеллектуалдық, эмоционалдық, жігерлілік іс-әрекетке оқушылардың белсене қатысуы жатады. Осындай нәтижеге жету үшін сабақ мазмұнының түрлерін, оқытудың амал-тәсілдерін түгелдей өзгерту қажет. Қазір жалпылама баяндау, сұрақ-жауап, лекция тәрізді сабақ әдістері өз нәтижелерін бере алмауда. Сондықтан, жаңашылдықпен сабақ өту – заман талабы. Әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып өткізген сабақтар бойынша байқағаным, оқушыларды «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөле алмайсың. Өзгерістерді атап көрсетер болсам, оқушының өз қабілетіне, болашағына нық сеніммен қарай бастауы; оқушы мен оқытушының арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орын ала бастауы; оқушының өз білімін өзі бағалай алуы; баға әділдігіне; білім көрсетудің әділ сайысына мүмкіндік беруі; оқушыларда сәтсіздік, қорқыныш, мазасыздық сезімінің жойылуы; дарынды оқушылар дер кезінде анықталып, оларды дамытуға жағдай жасалуы; «Әрбір ұстаз – білікті маман, әрбір оқушы – ойшыл тұлға» деген қағидаларды ұстана отырып, білім беру үрдісінде кез келген ұстаз білім сапасын жақсарту мақсатында оқытудың озық технологияларын пайдаланса деймін. Себебі, біз тәрбиелеген ұрпақ өз біліміне, күшіне сенетін, алдына нақты мақсаттар қойып, оны жүзеге асыруда солқылдақтық танытпайтын болуы тиіс. Ұстаз деген киелі мамандықтың сырын ашып, қыры мол, терең дүниеге еніп кеткелі көңілдегі арман толастамай, толқу мен қуаныш қатар орын алып, мектеп деген үлкен дарияда жүзіп келе жатырмыз. Еліміздің басынан өтіп жатқан жанартаудай сілкіністер бүгінгі білім беру жүйесіне де түрлі өзгерістер енгізуде. Заман талабы «білу аз, сол білгеніңді іске қолдана білу» дейді. «Әркім қолда барын ұсынады» деп немқұрайлылыққа салынсақ алдымызда отырған бейкүнә шәкірттердің тағдырына қиянат жасаған болар едік. «Не ексең, соны орасың» демекші бүгінгі ұрпақ бойына не сепсек, ертең соның жемісін көретініміз рас.

Мемлекеттік білім саясаты да осы мұғалім арқылы жүзеге аспақ. Мақсатымыз – алдымызда тұрған өзекті мәселелер айналасында сөз қозғау. Соның ішінде ең бастысы – әлемдік білім кеңістігіне ену жолындағы алғашқы қадамдар. Ал бүгінгі таңда мектептің, мұғалімнің қасиетті міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру. Рухани байлық, ең алдымен, әр халықтың әдет-салты, көзқарасы шыққан түп тамырында жататыны белгілі. Сол ұлттық байлықты бүкіл адамзат өз ұрпағын тәрбиелеуге қолданып келеді. Армансыз адам алысқа бара алмайды. Арман бар жерде оған жетер жол даңғыл десек, қателесеміз. Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шығарда жоғалып кететініне, өз қиялындағы әлем оқушы алдында быт-шыты шыққанына талай мұғалім куә. Білім жетерлік, бірақ оны оқушыға жеткізу үлкен шеберлікті қажет етеді. Саңқылдап айтқан үніңді оқушылар салғырт тыңдап, бейжайлық танытқанда, ішкі дүниең қаусап қалғандай күй кешесің. Өлі тыныштық. Осындай сабақтың пайдасы бар ма? Немесе материалдың қызықты жеріне өзі көбірек мәз болған ұстаздың әрекетінен не ұтасың? Оқушының дара тұлға ретінде жан-жақты дамуына осы сабақта жағдай бар ма?! Міне, арманға жетер жол даңғыл емес. Тынымсыз іс қажет. Заман шала білімді ұстаздарды керек қылмайды, керісінше, қайта даярлау арқылы ұстаз мәртебесін көтеруді мақсат тұтып отыр. Біздің бар еңбегіміз оқушы арқылы көрінетіндіктен, тынбай еңбектенуіміз керек. Уақыт бір орында тұрмайтыны сияқты, кешегі оқыту мен бүгінгі талапты салыстыруға келмейді. Молда алдында дәріс алған бала мен дәстүрлі оқытуды салыстырып алатын болсақ, әрине дәстүрлі оқытудың тиімділігі таразы басын басады. Ал, ендігі талап тек білім беріліп қана қоймай, әрбір тұлғаның сабақта бейтарап қалмауы да назардан тыс қалмауы тиіс. Ол үшін сіз, құрметті әріптес, сабаққа өзіңіз тыңғылықты дайындықпен келуіңіз, өз мүмкіндігіңізді көрсете алуыңыз керек. Сапалы білімге қол жеткізу үшін оқушы қызығушылығын оята алуыңыз керек. Ұлы ақын сөзімен ойымды сабақтар болсам, ұйықтаған ойды түртетін біздің іс-әрекетіміз болмақ. Оның бойындағы қасиеттерді ескере отырып, сезімін, ынтасын оятар іс-әрекетті жоспарлап көр, әрі қарай оқушының таным белсенділігін арттыруды мақсат етіңіздер, әріптестер!

Әсем ӨТЕНОВА,

№89 Л.Жолдасов атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here