ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫН ЕНГІЗУДЕ ПЕДАГОГТАРДЫҢ КӘСІБИ БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ӨТЕ ЗОР

0
4601

Мектептің білім мазмұны – әрқашан талқылауды қажет ететін дүние, өйткені әр адамның мектепке қатысы бар. Ата-аналар қоғамдастығының, педагог бірлестіктерінің және басқа да әлеуметтік топтардың мүдделері қарастырылады. Білім мазмұнын және оқыту тәсілдерін таңдау мәселесі, яғни баланы мектепке неге және қалай оқытуды анықтау мәселесі үнемі біздің алдымызда кесе-көлденең тұрады. Белгілі бір кезеңде бұл мәселе шешілгендей болғанымен, жаңа кезеңде қайта қарастыруды талап етеді. Олай болатын себебі, адамдардың өмір сүру жағдайы да, қоғам да, тиісінше, білімді адамға деген талаптар да үнемі өзгеріп отырады.

Мұндай жағдайда жаңа формациядағы мектеп “білгір адамды” емес, яғни шығармашыл ойлайтын, белсенді әрекет ететін, өзін-өзі зияткерлік, адамгершілік, дене тәрбиесі тұрғысынан дамыта алатын адамды дайындауы қажет. Яғни, білім берудің жаңа моделінің құрылымы дәстүрлі «Мектепте нені оқытады?» деген сұраққа емес, “Мектепте не үшін оқимыз?” деген сұраққа жауап беруі қажет.

Жаңарған білім мазмұнының нәтижесі мыналардан көрінуі тиіс: Оқыту жетістіктерінің өнімді сипат алуы, оқу процесінің әр сабақта білім алу үшін оқушылар өздері белсенді қызмет етуімен сипатталуы. Мұғалім оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастырушы болады.

Білім беру мазмұнын жаңартуды жүзеге асыру – сапасы мен пішімділігі жағынан оқытушылардың кәсіби дағдыларының деңгейіне тікелей тәуелді болып табылады. 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, ҚР Білім және ғылым министрлігі белгілеген 30 пилоттық мектептің базасында бастауыш сыныптарының жаңартылған білім мазмұны апробациядан өткізілді. Біздің облыста бұл 2 мектеп: Түркістан қаласындағы № 15 мектеп-лицей және Созақ ауданындағы “Созақ” мектебі. ПШО(ЦПМ) бапкерлері апробация барысының бүкіл кезеңінде аталған мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек беріп отырады.

Пилоттық мектептер апробация барысында кезең-кезеңмен өткізілген сынақтар арқылы орта білім беру мазмұнын жаңарту мәселесінде қолдау білдіреді.

Пилоттық мектептердің бірінші сынып оқушылары жаңа бағдарлама бойынша үлкен қызығушылықпен оқыды, ал олардың ата-аналары балаларының коммуникативтік дағдыларының дамуы қоршаған әлем туралы білуге құштарлықтарын ерекше атап өтті.

2016 жылы мұғалімдерді жаңа бағдарламамен жұмыс істеуге дайындау курстары басталды. Пед. шеб. орталығы (ЦПМ) ҚР БҒМ бекіткен, біліктілікті арттырудың 22 бағдарламасын әзірледі, ПШО, БАҰО “Өрлеу” АҚ, Алтынсарин атындағы ҰБА, жоғарғы оқу орындары, Назарбаев зияткерлік мектептері мен еліміздің жалпы білім беретін мектеп қызметкерлерінің ішінен 1221 бапкер дайындалды. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап ҚР білім мазмұнын жаңарту аясында бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілі, өнер, музыка, технология және дене тәрбиесі мұғалімдері кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында курстардан өтті.

Жаңа стандарт бойынша оқушылардың оқу жетістіктері критериалды жүйе арқылы бағаланады.

Қазақстандық мектептер үшін жаңа әрі тың әдіс болып келетін критериалды бағалау жүйесі білім алушылардың дамуына, оқуға деген қызығушылығын арттыруға және ынталандыруға бағытталған.

Осы жылдың күзінде “НЗМ” ДББҰ ПШО филиалының базасында критериалды бағалау бойынша арнайы курстар ұйымдастырылып, әрбір аудандық, қалалық білім беру бөлімінің әдіскерлері мен әрбір мектептің оқу ісінің меңгерушілері біліктілік курсынан өтіп, мектептік, өңірлік үйлестірушілер дайындалды .

Критериалды бағалау жүйесі бойынша өңірлік және мектептік үйлестірушілерді даярлау басты мақсаты – бағалаудың жаңа жүйесін ендіруде пән мұғалімдеріне білікті әдістемелік көмек көрсету.

Орта білім берудің мазмұнын жобалау кезінде интегративті тәсіл де кеңінен пайдаланылған. Дидактика тұрғысынан қарағанда, бұл тәсіл әртүрлі оқу пәндерінің өзара байланысының арқасында әлемнің біртұтас бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді.

Мысалы, бастауыш сыныптарда барлық пәндер бойынша 8 “өтпелі” тақырып оқытылады. Барлық пәндер бойынша сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер оқушылардың жеке тұлға болып қалыптасуы, олардың функционалдық сауаттылықты меңгеруі, жан-жақты дамуы үшін өзекті болатын осы “өтпелі” тақырыптардың түрлі аспектілерін ашу үшін пайдаланылады. “Өтпелі” тақырыптарды пайдалану әр пән аумағының білімдерін кіріктіруге және сол арқылы алған білімдерін функциялауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдің орындылығын көрнекті қазақ ағартушысы Жүсіпбек Аймауытов та атап өткен. Ол өз сөзінде: “Қазіргі балалар бізден тірі білімді және барлығы бір-бірімен өзара байланысқан әлемнің біртұтас бейнесін күтеді”, — деген болатын.

Функционалдық сауаттылықтың ин-дикаторларының бірі – тілдерді меңгеру. Жаңа оқу бағдарламалары бойынша тілдерді оқытудың негізіне коммуникативтік тәсіл қолданылады. Оның ең маңызды функциялары: коммуникативті, ойлау, танымдық, реттеуші. Сөйлеу қыз-метінің төрт түрін дамыту – тыңдалым, сөйлеу, оқу, жазу; халық ауыз әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық мә-тіндерді оқу арқылы іске асады.

Бүгінгі күні әлемдегі адамдардың көпшілігі ағылшын тілінде сөйлейді. Әлем бойынша ғаламтор желісіндегі мәліметтердің жартысынан астамы ағылшын тілінде қолжетімді. Қазақстандағы ата-аналардың көпшілігі 81% балаларының ағылшын тілін білгенін қалайды. Алайда, олардың тек 34% ағылшын тілінің курстарына қатыса алады. Ал, 27% ондай мүмкіндіктері жоқ. Олардың жалғыз үміті – мектеп.

4 пәнді ағылшын тілінде оқыту кезкең-кезеңімен – мұғалімдер мен оқушылардың дайын болуына қарай іске асырылады. 2016 жылдан 2019 жылға дейін 10-11 сыныптар үшін пән мұғалімдері мен ағылшын тілі мұғалімдерінің дайындығы жүргізіледі. 2019 жылдан бастап 4 пәнді ағылшын тілінде оқыту тек 10-11 сыныптарда енгізіледі. 1-9 сыныптарда оқыту жүйесі өзгермейді. Ағымдағы жылы ПШО бағдарламалары бойынша 2016 жылдың қыркүйегінде 1 сыныпқа келетін оқушыларды жаңа әдістемемен оқытатын 1384 ағылшын тілі мұғалімдерін дайындықтан өткізді. 2017 жылы осы әдістемені 2, 5, 7-сыныптарға енгізу жоспарлануда.

Оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) қолдану дағдыларын дамыту, қажетті ақпаратты іздеу, өңдеу, алу, жасау және беру, ақпарат пен жаңа ойлармен алмасу үшін ынтымақтастық, өз жұмысын бағалау және жетілдіру үшін жабдықтар мен қосымшалардың кең спектрін пайдалануды қоса алғанда – функционалды сауаттылықтың маңызды элементі болып табылады. Шымкент қаласының НЗМ базасында ОҚО информатика пәнінің 559 мұғалімі “ Робототехника” бағдарламасы бойынша оқыды.

Жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша оқу үрдісін ұйымдастыруға қойылатын міндетті талап, сабақта белсенді оқыту әдістерін пайдалану және оқушыларды танымдық үдеріске тарту болып табылады. Мұндай тәсілді пайдалану кезінде, оқушы білімді дайын түрде алмай, білімге, өзіндік оқу-танымдық қызметінің үдерісінде ие болады.

ОҚО сертификатталған мұғалім-дерінің ішінен ПШО, “Теңге тең” жүйесі бойынша өз мектептерінде курстар өткізе алатын, оқытудың әдістемесі мен технологиясы бойынша 1232 мектеп бапкерлерін дайындады.

Жаңартылған мазмұн бойынша биыл-ғы күзде директорлар (507) мен олардың орынбасарлары (507) үшін қысқартылған курстар, аудандық-қалалық, облыс-тық білім басқармасының әдіскерлері үшін курстар өткізілді. Оқытудың жаңар-тылған мазмұны бойынша курстан өткен барлық педагогтарға оқу жылының басынан бастап әдістемелік қолдау көрсетілетін болады.

Біріншіден, мұғалімдерге НЗМ ДББҰ платформасында sk.nis.edu.kz НЗМ педагогтарының үздік сабақтарының үлгілерін таба алады. Сабақ үлгілерінде қысқа мерзімді сабақ жоспарлары, Power Point форматындағы презентация, оқылатын тақырып бойынша аудио және бейнефрагменттер, оқушыларға үлестірмелі материалдар, өзін-өзі және өзара бағалау парақтары, 1 сыныптың барлық пәндері бойынша барлық сабақтардың тапсырмалары берілген. Барлығы 5 мыңнан астам түрлі материалдар бар. ПШО мұғалімдерге көмек ретінде педагогика мәселелері бойынша шетелдік және қазақстандық әдебиеттердің ұсынылған тізімі берілген “Орта білімнің жаңартылған мазмұны бойынша ресурстары ” деген брошюра шығарды.

ҚР орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында кәсіби даму үшін қолдануға болатын онлайн-ресурстар да бар. Екіншіден, мұғалімдерге мектеп бапкерлерінің жұмыстары арқылы оқытудың әдістемесі мен технологиясы бойынша, мектеп үйлестірушілердің жұмыстары арқылы критериалды бағалауды ендіру бойынша әдістемелік қолдау көрсетіледі.

Мектеп үйлестірушілердің әдістемелік жұмыстары мұғалімдерге оқу жетістіктерін бағалаудың ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында оқушылар мен ата-аналар арасында үнемі кеңес жүргізу, мұғалімдерге бағалаудың жаңа жүйесін ендірудің біріңғай тәсілдерін іске асыруға мүмкіндік береді.

2016 жылы “НЗМ” ДББҰ қазақстандық педагогтарды бастауыш негізгі және жоғарғы сыныптар үшін қалыптастырушы бағалау бойынша тапсырмалар жиынтығы және жиынтық бағалау бойынша әдістемелік ұсыныстарды жасау бойынша кезеңдік оқыту жұмыстарын жүргізді.

Үшіншіден, аудандық/қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлерінің жұмыстары арқылы мұғалімдерге көмек көрсетіледі. ОҚО жаңартылған білім мазмұнына қолдау көрсету үшін тірек алаңдары болатын 100 алдыңғы қатарлы мектеп анықталды, олардың әрқайсысына, әдістемелік қолдау көрсету үшін 10-12 магниттік мектептер бекітілген.

Осылайша, қолға алынған білім беру мазмұнын жаңарту – стандарт пен оқу бағдарламаларын әзірлеу ғана емес, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, белгілі бір білім ресурстарын құру бойынша жүргізілетін іс-шаралар кешені.

Қазіргі жағдайда кәсіби білімнің тез ескіретінін ескерсек, педагогтардың біліктілігін арттыру курстарында алған жаңа білімдері мен дағдылары аса маңызды. Кәсіби даму үшін жұмсалған уақыт, күш, қаржыларды адам капиталына жұмсалған инвестиция деп қарау керек.

Еліміздегі орта білім беру реформасының тиімділігі көбінесе мұғалімдердің білім беру мазмұнын жаңарту жұмысына дайындығына тәуелді, сондықтан мұғалімнің тәжірибесі және оның зерттеу қызметі маңызды болып табылатынын атап өткен жөн.

Сонымен қатар, мектеп бітірушілерінің ара қарай оқу мен кәсіби қызметке дайындық деңгейі, оның моральдік-адамгершілік қасиеттері тек қана мектепке байланысты емес және де нақты ата-анаға, әлеуметтік ортаның әсеріне де байланысты.

Осыған байланысты білім берудің жаңа стандартының талаптары мектеп шеңберінен шығып білім нәтижелеріне әлеуметтік жауапкершілікті білім беру ұйымдары, оқушылардың ата-аналары және тұтастай қоғам арасында бөлуді көздейді және де 2016-2017 жылы жаңа есептеу нүктесін, отандық білім беру жүйесін дамытудың тарихтағы жаңа кезеңін бастайды.

Жанар Сәкімбекқызы ҚАЛҒЫНБАЕВА,

НЗМ ДББҰ «Педагогикалық шеберлік орталығы» Шымкент қаласындағы филиалының директоры.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here