ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ТӘРБИЕСІ – ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ОРТАҚ ІС

0
1144

Баланың шыр етіп өмірге келуі — зор қуаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Алланың берген сыйы. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан.

Мемлекетіміз бен Үкіметіміз өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту мәселесіне шексіз қамқорлық жасап келеді. Тәрбие жұмысын жүргізу — қиын да күрделі іс. «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» деген қазақтың белгілі ағартушы педагогы Ыбырай Алтынсариннің ата-ананың бала тәрбиесіндегі атқаратын рөлін айрықша атап көрсеткен бұл сөзі бүгінде өз мән-маңызын әлі күнге дейін жойған жоқ.

Бүгінгі мектеп партасында отырған оқушы – егемен еліміздің ертеңгі болашағы. Жас ұрпақтың тәрбиесі – қоғам алдындағы ортақ іс.

Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Ата-ана перзентінің жақсы азамат болып жетілуі үшін өз отбасында балаларын тәрбиелеудің нәзік жақтарының заңдылықтарын білуі шарт. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сенімді және негізді.

Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн.

Ата-ана тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдетғұрпында жүргізілген үлгі-өнегесінің мәнісі зор. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланы бірге тәрбиелейді.

Ана – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» – деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тәрбиеленуі туралы айтады.

Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек, әсіресе, ер бала тәрбиесінде. Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. Ер бала ең алдымен әкенің өнегесінен нағыз ер адам қандай болу керектігін қабылдайды. Сондықтан да әке ұлын батылдыққа, батырлыққа, ер жүректікке, адалдыққа, қайраттылыққа, ұлтжандылыққа, әйел баласына серілік қарым-қатынас танытуға, отағасы қандай болу керек екендігін өз тәжірибесі арқылы үйретіп, үй еңбегінің аса қиын соғатын істерді өз мойнына алуға талпынуға тәрбиелеуі керек.

«Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелеріне сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді…» деп, ұрпақ тағдыры айтылады.

Бала – ата-анасының игі істерінің жалғастырушысы, болашағы. Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де, жауапты міндет. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да жаманға да бірдей бейім болатыны баршамызға мәлім. Ата-ананың үйіндегі әрекеті балаларының көз алдында өтеді, сондықтан жақсы, жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.

Әрбір ата-ана – өзінің баласын Отанға пайдалы, өзіне мейрімді, еңбекқор, адамгершілігі мол адам етіп тәрбиелеуге халық алдында да, мемлекет алдында да жауапты. Бірде-бір ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайды қарауға құқы жоқ. Ата-ана бала өсіруде қате жіберсе, осалдық байқатса, қартайғанда опық жейтіні, өкінішке ұрынатыны ешбір дәлелдеп жатуды қажет етпейтін ақиқат.

Отбасындағы тәрбиенің ең дұрысы– баланы еңбекке баулу. Ол – адамдық кемелденудің негізі. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды: отбасындағы да, қоғамдық ортадағы да тәрбиеде балаларды еңбек ете білуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге тәрбиелеу басты нысана болуы тиіс. Сонда ғана отбасы мүшелелері арасындағы қарым-қатынаста әдеп-инабат, адалдық пен ақпейілділік үстем бола алады.

Отбасында жеткіншек ер баланы тәрбиелеу – бұл қарапайым емес маңызды және жауапкершілікті талап ететін үлкен іс. Өйткені осы жастағы ер баланың бойынан шығармашылыққа, өзінің өмірден орнын іздеу сияқты талпыныстарын байқауға болады. Осы тұста ата-ана олардың жан дүниесін түсініп, дер кезінде бағыт-бағдар көрсетсе, бұл ата-ананың бала тәрбиесіндегі тапқырлығы болып саналады.

Егер сіздің балаңыздың өмірде белгілі деңгейде жетістікке жетуін қаласаңыз, жеке тұлға ретінде, маман ретінде ашылуына баули отырып, көмек беру қажет. Бұл ата-ана үшін, балалар үшін және қоғам үшін өте тиімді.

Қазіргі қоғамда ата-анасы қасында болса да қадір-қасиетіне жете алмай, ұлдарымыз маскүнемдікке салынып, нашақорлыққа бой алдырып, қыздарымыз шылым шегіп, жеңіл жүрістерге түсуі отбасындағы тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауының айғағы.

Ата-ананың ең үлкен міндеттерінің бірі – жақсы перзент тәрбиелеу. Бала тәрбиесінде – отбасы жоғары бағаланып, үлкен мән берілген. Артына із қалдырар өнегелі ұрпақ қалдыра білген ата-аналардың өмірдегі арман-мақсатының орындалғаны.

Айша Сәдуақасқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here