ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

0
503

«ХХІ ғасырдың білім, ғылым және технологиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар-конференциясы белгілі «Еуразиялық гендік қор» ғылыми-өндірістік білім беру орталығының бастамасымен Астанамыздың ТМД елдерінде теңдессіз «Оқушылар үйінде» және атақты Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде қазан айының соңғы күндерінде болып өтті. Бес секцияда өткізілген ауқымды ой-пікір бәсекесінде көптеген ғалымдар, ізденушілер, әйгілі педагогтармен қатар ғылым көгінде енді қанатын жая бастаған жас ғалым-оқушылар да өз бағын сынап қайтты. Олардың қатарында С.Ысмайылов атындағы іргелі ұжымның бір топ оқушы қыздарын айрықша атап өткеніміз жөн.

Еліміздің бас қаласы – Астана. Жаһанға жарқырай даңқы шыға бастаған Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті. Сапырылысқан кіл дарындар, кілең талантты өрендер, жастар. Атағынан ат үркетін академиктер, профессорлар, докторлар… Осынша ғылымға ден қойған ғаламат жандардың ортасында терезесі тең өнер көрсетіп, Сарыағаштың сарыауыз, саққұлақ ізденімпаз жас ғалымдары – небәрі 8-11 сыныптарда оқитын әсем, нәркес жанар қыздары да жүр. Олардың жандарында жанашыр қамқорлары, өз ісіне берілген ұстаздары жүр. Қағыстағы қарапайым ауылдың қағілез оқушылары дүйім жұрттың алдына шығып, атағынан ат үркетін ғалымдардың алдында ой қозғауы, пікір таластыруы, сана салғастыруы… Тағы жай емес-ау – оза шабуы. Елдес, көршілес, бауырлас вундеркиндтерді былай қойғанда, шетел асып келген шешендерді ширегінен асырмай, жұлдыздай қызымыз Жұлдыз Асқар І-орынды, айға құшағын жайған Айсапар Үсен аруымыз ІІ-орынды, әрі шырын, әрі бал қос сұлуымыз Әсем Тайырова мен Әсел Жартаевалар жүлделі ІІІ-орынды иеленіп, аудан даңқын аспанға бір-ақ шығарды. Бұл – бақ! Әрі мақтаныш! Елдігіміздің шапағаты, мемлекеттігіміздің мерейі! Ауданымызда білім сапасының айтарлықтай жақсаруының жарқын көрінісі! Бәрекелді, батыр қыздарымыз! Оларға күні-түні жанашыр әрі анасындай қамқор болып жүрген аяулы ұстаздарына да шат-шадыман ризашылығымызды білдіреміз. Алға, Сарыағаш!

Өмірәлі КЕРІМБЕК,

ҚР білім беру ісінің озық қызметкері,

ҚР педагогика академиясының профессоры

Сарыағаш қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here