ЖАПТЫМ ЖАЛА, ЖАҚТЫМ КҮЙЕ немесе ӘРІПТЕСТЕРДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ БОЛДЫ ЕКЕН ?

0
920

Редакциямызға өзін Сарыағаш аудандық білім бөлімінің заңгерімін деп таныстырған Нұрғали Әбдіразақов атты азамат хабарласты. Қолында «Қазақстан жолы» газетінің жаңа жыл алдындағы мерекелік нөмірі және сондағы жарияланған бір мақалаға орай әзірлеген жауап хаты бар.

«Бақсақ бақа екен» демекші, «Қазақстан жолы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 30.12.2016ж. №50-51 нөмірлері бірігіп жарық көрген санында «М.Маханов «креслосымен» қоштаса ма?» деген мақала жарық көріпті.

«Мейлі ғой, жариялана берсін. Кім не жазбай жатыр қазір. Алайда, мақалада көрсетілген фактінің бәрі «жаптым жала, жақтым күйенің» кері. «Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» етіп жазғандығы сонша, автор мақалада көрсетілген жайттардың басы-қасында бірге жүргендей әсер қалдырып, қиыннан қиыстырады. Алайда, жағдай мүлде олай емес екендігін біз дәлелдей аламыз» – дейді Нұрекең.

«Зияткер ON» газеті негізінен педагогикалық бағытта болғандықтан, тек қана әдістемелік, тәрбиелік материалдар жариялап қана қоймай, өңіріміздегі мектептердің, педагогтардың түйткілді мәселелеріне де бей-жай қарамайтындығымызды, хал-қадарымызша көмек беретіндігімізді айтып, жауап хатты қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.

«Қазақстан жолы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 30.12.2016ж. №50-51 нөмірлері бірігіп жарық көрген санында «М.Маханов «креслосымен» қоштаса ма?» деген мақала шындыққа жанаспайды және мына төмендегі жағдайларға байланысты теріске шығарылуы тиіс.

Мақалада «ҰБТ нәтижесіне байланысты 15 мектептің директорын орнынан босатамын деп қоқан-лоққы жасайды, нәтижесінде 5-6 директор М.Махановтың табанды талабына шыдамай қызметтерінен кетеді. Олардың ұзақ жылдардан бергі еңбегі де, білім саласының білгір мамандары екені де ескерілмейді. Бұның барлығын М.Маханов директорлық қызметке «ставка» белгілеп, «көк қағаз» алу үшін әдейі істеп отыр» — деп ауыр жала жабады. Бұның бәрі «жаптым жала, жақтым күйенің» кері. Еңбектің нәтижесі ұзақ жылдардан бергі еңбек өтілінен емес, балалардың білімінен көрінеді емес пе? Мектеп директорлары білгір маман екендіктерін ҰБТ-да дәлелдемей ме? Білім бөлімінің басшысы мектеп директорларынан оқушылардың білімін талап етсе, «ақша бопсалаған» болып шыға ма? Егер бұл жағдай анық орын алған болса, мақала авторы неге дәйекті дәлелдерін келтірмейді?

Немесе, авторымыздың аудандық білім бөлімінің басшысы ҰБТ нәтижесіне жауап береді де, бағынысты мекемелерде тәртіп орнату үшін өзіне берілген құзыреті шегінде мектеп директорларын орыннан алып, тағайындауға құқығы жоқ сияқты суреттеуі не себептен екен?

«Ауданда 2015 жылы ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімдерінің біріктірілуіне байланысты бас маман және жетекші маман уақытша білім бөліміне беріледі. М.Маханов ол орындарға А.Жұмабеков пен С.Қыдырбаеваны қабылдайды» — деп көрсетіледі әлгі мақалада. М.Маханов білім бөлімі басшысының лауазымына 2016 жылдың екінші жартысында ғана тағайындалса, қалай 2015 жылы жұмысқа мамандар қабылдайды?

Ал, Аудан әкімінің Қаулысы 2016 жылғы автор айтып отырғандай, екі штатты қайтарып алу үшін емес, жалпы бөлімнің бар штатын қысқарту туралы. Ал, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, қысқарту заңмен қорғалған азаматтардан басқалардың барлығына да қатысты болуы мүмкін. Оны мекеме басшысы шешеді. Осыған орай, білім бөлімінің басшысы М.Маханов бас маман Т.Ахметовты және жетекші маман С.Қыдырбаеваны қысқартады. Сонымен қатар, Т.Ахметовке әдіскерлік, Қыдырбаеваға мектеп директорының міндетін атқарушылық қызметін ұсынады. Қысқартуға іліккен екі қызметкер де жұмыспен қамтылған.

Соның өзінде Т.Ахметов сотқа жүгініп, нәтижесінде сот талапкердің шағымын қанағаттандырып, өзінің атқарып жүрген бас маман қызметіне орналастырылсын деген ұйғарым шығарып береді. Қазіргі таңда Т.Ахметов бас маман қызметін атқаруда.

Мақалада Сарыағаш ауданының Бозай ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин атындағы мектептің директоры Д.Пилаловты 22 млн. теңгенің жұмысы орындалды деп жасалынған «Қабылдау актісіне» қол қоймаймын дегені үшін жұмысынан шеттетті деп айыптауы негізсіз. Мектеп директоры қызметін атқарған Д.Пилалов денсаулығына байланысты өз еркімен жұмыстан босағаны туралы құжаттар бар.

Сондай-ақ, «Қабылдау актісіне» мектеп директорының қол қоюы шартты түрде ғана, негізгі жауапкершілік арнайы тендерден ұтқан техникалық қадағалаушы фирмада болады. Осы жұмысты атқарғаны үшін қаржы алған фирма сметада көрсетілген жұмыстардың барлығы атқарылған деп қол қойған.

Н.Тілендиев атындағы орта мектепті күрделі жөндеу кезінде аудан әкімі Б.Парманов мектеп директорын «Қабылдау актісіне» қол қоймаймын дегені үшін, «бопсалап» нәтижесінде директордың ауруханадан бір-ақ шығуына жеткізеді деп тағы да негізсіз айып тағады. Біріншіден, аталған мектептің күрделі жөндеуі 2015 жылы жүргізілгендіктен мұны Махановтың дәуіріне телу дұрыс емес деп санаймыз. Екіншіден денсаулығына 2015 жылы зиян келген директор өз құқығын тиісті органдарда осы уақытқа дейін қорғаса керек-ті.

М.Махановтың «Жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру жұмыстарын зерттеу туралы» 23.10.2016 жылғы №383 бұйрығы негізінде білім бөлімінің жанындағы әдістемелік кабинет жетекшісі Ұ.Расулова басқарған комиссия мектептерге іссапарға жіберіліп, аудан мектептерінде Жаңартылған білім беру мазмұнын ендіру жұмыстарының орындалу барысын қадағалауда. Кабинетте отырып, жұмыстың орындалу барысын қадағалау мүмкін емес. Ал, мақала авторы бұл орайда неге байбалам салып отырғаны түсініксіз. Автордың білім бөлімінің жұмысының басқару мен басшылығына белсене атсалысуына қарағанда мүмкін жауапкершілігін де бөлісе ме екен? Білім бөлімі дербес мемлекеттік мекеме ретінде ауданның білім саласындағы мемлекеттік саясатты ғана жүргізеді. Сол себепті кейбір өз саясатын жүргізуге тырысқан азаматтардың жеке пікірі негізгі мақсатқа негізделген білім сапасын көтеру мақсатында атқарылар тірліктерге әсер ете алмайды.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 19-бабына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы 52-бабы, 6 тармағына сәйкес «Қазақстан жолы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 30.12.2016ж. №50-51 нөмірлері бірігіп жарық көрген санында «М.Маханов «креслосымен» қоштаса ма?» деген мақаланы теріске шығаруды сұраймын.

Нұрғали ӘБДІРАЗАҚОВ,

Сарыағаш аудандық білім бөлімінің заңгері

 

P.S. Сондай-ақ, «Қазақстан жолы» газетіндегі мақалаға орай, есімі аталған Ұ.Расулова да аталмыш газетті сотқа беріп, өз абыройын қорғамақ көрінеді және осы мақалаға байланысты Сарыағаш аудандық оқу бөлімі өз абыройларын қорғау және моральдық-материалдық шығын өндіру жөнінде аталмыш газетті мақала авторымен бірге сот жауапкершілігіне тартатынын мәлім етті. Біз өз кезегімізде әділдіктің салтанат құруына тілектеспіз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here