Жапон еліндегі бала тәрбиелеу жүйесі

0
2251

Жеке тұлғаны тәрбиелеу біздегі дәстүрлі тәрбиелеу жүйесінен тіптен бөлек. Балалардың ойын алаңшасында біз күнделікті есітетін «Сен өзіңді дұрыс ұстамадың», «Мен саған қазір көрсетемін», «Қазір менен таяқ жейсің» деген секілді аналарының балаларына айтатын ескертпесін ол жақта есітпек түгілі елестете де алмайсыз. Егер кішкентай жапон баласы анасымен «төбелесіп» қалса, дүкеннің ақ есігіне фломастермен жазып тастаса, оны ешқандай қатаң жаза мен ескерту күтпейді. 5-6 жасқа дейінгі балалар не қаласа да, ойына келгенін істеуіне рұқсат. Ал, бұндай дәстүр біздің миымызға да сыймайтыны анық қой.

Жапондардың бала тәрбиесінде ұстанатын дәстүрінің мыңдаған жылға жалғасқан тарихы бар. Көбіне кинолардан жапон балаларының айрықша ізеттілігін, мәдениеттілігін көріп жатамыз, бала мен ата-ананың арасында жылы түсіністік бар екенін ұғынамыз. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осынау өзара түсіністік қайдан пайда болды? Біз ерекше елдің баланы қалай тәрбиелейтініне үңіліп көрдік.  Ертеде жапон әйелдері көп жұмыс істеген. Сондықтан бала тәрбиесіне уақыт тапшы болып, олар бала бағу мен өз жұмысын бір уақытта қатар атқарған. Балаларын арқаларына не кеуделеріне матамен байлап алып, егістікте жұмыс істеген, басқа да үй тірліктерімен айналысқан. Жұмыс барысында әлі тілі шықпаған баласына өзінің істеп жатқан жұмысын айтып, баламен сөйлесіп жүрген. Бұл баланың зерек боп өсуіне үлкен әсерін тигізген. Сондықтан көбіне жапон балалары алдымен сөз үйреніп, сосын барып жүре бастаған.   Кішкентай баланы арқаға таңып алып, өзімен бірге алып жүру бүгінге дейін жеткен дәстүр іспетті. Жапония дүкендерінде баланы бірге алып жүруге ыңғайлы киімдер толып тұр. Оның үлкен қалтасы, арнайы орамасы бар. Бұл елде тек әйелдер емес, еркектер де бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ баланың бауырлары да бөбекке үлкен жанашырлықпен қамқорлық танытады. Бұл тұрғыда жапондар мен қазақтардың ұқсастығын байқаймыз.  Жапондар балаларын «мәдениетті бол, ешкімге кедергі келтірме, тыныш жүр, бәрімен бірдей қарапайым бол» деп өсіреді. Сондай-ақ олар сезімін сөзбен емес, дауыс ырғағымен жеткізеді. Егер бір нәрсеге көңілі толмаса, оны көзқарасы мен дауыс ырғағы арқылы білдіреді. Сондықтан ата-анасының өзіне ренжігенін байқаған бала тез сабасына түсіп, жіберген қателігі үшін кешірім сұрауға асығады.

Жеке тұлғаны қалыптастыру.

Жапон қоғамындағы бала тәрбиесі – төзімділік пен тілектестік қарым-қатынас негізінде өрбиді. Бала кезде берілген тәрбиенің арқасында жапондар ұжымның немесе фирманың мақсатына бейімделіп өмір сүре алады және заңды қадірлей білетіндігімен ерекшеленеді.

Бізде мерекелерде әріптестеріңмен жанжалдасып төбелесіп қалу, жолда жүргенде жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл көзіне өтіп кету жиі орын алып тұрса, ал, жапондардың ереже бұзуы мүмкін емес нәрсе. Өмірді ереже бойынша сүру керек. Ержені бұзуға болмайды.  Жапондардың өмірлік ұстанымы осы. Балаларды кішкентай кезінен осыған тәрбиелейді. Бұл жапон тәрбиесінің негізі деп атасақ та болады.

Бала 5 жасқа дейін – құдай. 5 жасқа дейін балаға ешқандай шектеу қоймайды, ұрыспайды. Жазаламайды.

Келесі онжылдықта (5-15 жас аралығы) бала өзін қоғамның мүшесі ретінде сезіне бастайды. Адамдар арасында өз орнын табуға үйренеді. Жапондардың пікірінше адам 15 жаста өз іс-әрекетіне толық жауап бере алатын, өздігінше өмір сүре алатын деңгейге жетеді.

Осы орайда қазақтың «Баланы бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген тәмсілі еске түседі. Жапондардың тәрбие жүйесі де осы ұстанымға негізделген десе де болады.

 Жапондардың білім жүйесінің 8 құпиясы

№1 құпия: «Өзімшілдік өрге сүйремейді, бастысы – ынтымақтастық». Жапондар бала тәрбиесіне – баланы дұрыс жолға бағыттау деп қарайды. Ол – жапондардың өзіндік мәдениетін үйретуге негізделген.

Бүгінгі жапон мәдениеті өз бастауын ауыл қоғамынан алады. Бұндай қоғамда адамдар бір-біріне көмектесуі міндетті. Жапонияның дәстүрлі қоғамында бірінші орында – ынтымақтастық тұрады.

Бұндай тәрбие жүйесі батыстың тәрбие жүйесіне мүлде кереғар. Әсіресе, американдықтар баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, өз күшіне сенуіне ерекше мән береді.

№2 құпия: «Барлық балалар – сүйкімді». Өйткені, кез келген әйел өзінің қоғамдағы орнын ана ретінде елестетеді. Ал, еркектердің артында мұрагері болмауы үлкен бақытсыздық болып саналады. Сондықтан да жапон жанұясында әр бала – көптен күткен ғажайып десе болғандай.

№3 құпия: «Ана мен баланың бірлігі». Жапондар  ананы «анаэ» деп атайды. Бұл етістікті тікелей аударғанда «еркелету, қорғау, желеп-жебеу, болысу, жақтау» деген мағынаны білдіреді. Бала тәрбиесімен тек аналар айналысады. Бұл – ықылым заманнан осылай қалыптасқан дәстүр.

№4 құпия: «Әрқашан жаныңда». Бала анасымен әркез бірге. Анасы нендей шаруамен айналысса да, бала анасының алдында не арқасында таңулы жүреді. Бала өздігінен жүре бастаған уақытта да анасының әркез бақылауында болады. Анасы баласына ешқандай шектеу қоймайды. Ол тек «кір, қауіпті, жаман» деген ескертпелерді ғана естуі мүмкін. Егер, бала құлап, жарақат алып қалса немесе күйіп қалса, анасы тек өзін кінәлайды.

№5 құпия: «Әкесі де бала тәрбиесіне араласады». Көптен күткен демалыс күндері әкесі де бала тәрбиесіне өз қолғабысын тигізеді. Жапонияда бос уақытты жанұямен бірге өткізу бұлжымайтып қағида. Жапондықтар мұндай күндерді көбіне бүкіл жанұя болып саябақта немесе табиғат аясында өткізуді жөн көреді.  Саябақ аттракциондарында баласын алдына алып отырған көптеген әкелерді кездестіруге болады.

№6 құпия: «Бала ата-анасы секілді, тіпті олардан да асыра істеуді үйренеді». Жапон ата-аналары балаларын өздеріне ұқсатып тәрбиелегісі келеді. Сонымен қатар, ата-аналар баласының әр бастаған ісін үнемі қолдап, жетістігіне қуанып отырады.

№7 құпия: «Тәрбие — өзін-өзі ұстай білуге, сабырлылыққа үйретуге бағытталады». Балабақшаларда және үйде баланың өз-өзін ұстай білуіне қатысты әдістер қолданылады. Бұған мысал ретінде «Тәрбиешінің қадағалауын әлсірету» және «жүріс-тұрысты бақылау өкілеттілігін табыстау» секілді  тәсілдерді жатқызуға болады. Америкада және Европа елдерінде бұл ата-ананың билігін шектеумен пара-пар.

№8 құпия: «Басты міндет – балаға білім беру емес, тәрбиелеу». Жапон балабақшаларының негізгі міндеті – балаға білім емес, тәрбие беру.  Бала болашақта қандай да бір топтарда болуына тура келеді және бұл үшін оларға ақыл керек. Балалар ойын кезінде туындаған жанжалдардан өміріне қажет тәлім-тәрбие ала алады.   

Қортынды: Бұл мақаланы оқып, Жапон болыңыздар дегіміз келмейді. Тек, өзіміздің ұмыт болған, бала тәрбиесіндегі дәстүрлерімізді қайта жаңғыртыңыздар, әрқайсыңыз бір отбасының анасы мен әкесісіздер дегіміз келеді (болып қойғандарға да қатысты).

Балаңыз қандай болсын десеңіз, өзіңіз сондай болыңыз. Балаңызды емес, өзіңізді тәрбиелеңіз. Балаңыз сізге қарап өседі.

Kaliningrad.ru

Аударған Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here