Еврейлердің бала тәрбиелеуде ұстанатын 7 қағидасы

0
1589

Еврей ата-аналарының өз балаларына деген сүйіспеншілігінде шек жоқ десек, артық айтпаған болармыз. Балаларына деген мұншалықты шексіз махаббаттың өзге ұлттарда кездесе бермейтіні де рас. Бұндай қарым-қатынастың артықшылығы мен кемшілігі туралы психологтар көп айтады, алайда, бір анығы еврей балалары – ата-ананың  назары мен махаббатына шөлдемейді.

 

  1. Балаларға өздері ыңғайсызданып, қуыстанатындай жағдай тудырмау керек.

Еврей әйелі еш уақытта өз баласына «сен жамансың» — деп айтпайды. Ол «Сендей жақсы баланың ақымақтық істеуі қалай?» — деуі мүмкін.

«Менің баламда кемшіліктер жоқ, болуы да мүмкін емес» — еврей аналарының ұстанымы осы. Мүмкін, олар балаларының кемшіліктерін байқайтын да шығар, бірақ ол туралы өзінен басқа ешкім білмейді.

  1. Балаға еркіндік беру.

Қазіргі еврей тәрбиесі – бір-біріне мүлдем қарама-қайшы: балаға еркіндік беру және қатаң талапқа негізделген. Бұған мысал ретінде, биік те берік қабырғалары бар, кең де жарық бөлмені алуға болады.

Еврей жанұясында балалардың ата-анасының басынан періп қалуы, әкесінің төлқұжатын анасының жүз долларлық далабымен бояп тастауы қалыпты жағдай саналады. Бұл үшін балаларын жазалау олардың ойына кіріп те шықпайды. Еврей ата-аналар үшін балаға еркіндік беру – тәрбиелеудің арнайы құралы емес, ол – адамның өмір сүруіне аса қажетті ауа іспеттес.

Қатаң тәрбиелеу бала тым шектен шығып бара жатқан кезде ғана қолданылады. Еврей жанұясында ауладағы қараусыз мысықтарға анасының қымбат әтірін төге салуға болады, ал, әжесінің басынан ұруға болмайды.

  1. Баланы кез келген жағдайда мақтау

Ана әруақытта өз баласын мақтайды. Бұл мақтау баланың туылған кезінен басталады. Еврей анасы баласының болмашы жетістіктерінің өзін керемет мақтан тұтады. Тіпті баласының ең алғашқы сөзі де, ең алғашқы шимайы да ана үшін үлкен қуаныш. Бұл туралы барлық туыстар мен таныстары білуі тиіс. Маңыздысы – бала өзін көпшіліктің көзінше мадақтап жатқанын білсе болғаны. Егер баланың жетістігі қомақты болса, онда ол жанұя мүшелерінің ұзақ қол шапалақтауы және мақтау сөздерінсіз атап өтілуі мүмкін емес.

Егер осылайша баланың жақсы жақтарын үнемі мақтап отыруды қолға алсақ, бұл баланың жақсы жағына өзгеруіне ықпал етері сөзсіз. Оның жақсыға ұмтылуын қалыптастыру үшін, бала өзін өзгелердің мақтап жатқанын естіп-білуі тиіс.

  1. Өзінің әрекеті үшін үлкен жауапкершілікті сезіне білу.

Еврейлер баланың көзінше ата-анасының жіберген «титтей» қателіктерінің үлкен салдары болуы мүмкін екендігіне имандай сенеді. Сондықтан да еврейлер өздерінің жақсы іс-әрекеттерімен балаларына үлгі болғысы келеді және ата-ана болудың жауапкершілігі тым жоғары екендігін де сезінеді.

  1. Жанұядағы махаббат пен сыйластық – дені мен ақыл-есі сау ұрпақ өсірудің кепілі

Кез келген жанұяның негізі – ері мен әйелі, әкесі мен анасы екендігіне еврей дәстүрлері кепілдік береді. Сондықтан да балаларды кішкентай кезінен анасының әкесіне, әкесінің анасына деген сүйіспеншілігі, сыйластығы бірінші орында тұратындығына үйрету маңызды болып саналады. Егер балалар ата-анасының бір-бірі үшін жаратылған жандар екенін білсе, ата-анасының өзара одағының махаббат пен сыйластыққа, қамқорлыққа толы екендігіне көз жеткізсе, ол өзінің де қамқорлықта, қорғауда екендігін сезінетін болады. Одан бөлек, ата-анасының өзара сыйластығын – өзіне керемет үлгі етіп алады. Өскенде де өз жанұясында осындай жылылық орнатуға тырысатын болады.

  1. Ата-ана болуды үйрену

Ата-анасының баласын тәрбиелеуі бала дүниеге келмей жатып басталады. Жас қыз некеге тұрған кезде өзінің ана атануына толыққанды дайын болады. Ол осы сәттен бастап «өзі үшін» өмір сүрмейді. Оның басты карьерасы – үйі мен жанұясы. Егер ана немесе әке болуды артық жауапкершілік және еркіндігінің шектелуі ретінде санаса, онда оның жақсы адам тәрбиелеп шығаруы өте қиын болмақ.

Табысты, ешкімге тәуелсіз, толық аяғынан тұрған  бала тәрбиелеу үшін еврей даналары бала тәрбиелеу жүйесін жасап шығарған. Онымен кез келген адам арнайы ата-аналар курсында танысуға мүмкіндік ала алады. Аталмыш курстар әлемнің көптеген елдеріндегі Синагогаларда және еврей мектептерінде бар. Өзін өзі тәрбиелеу және оқыту, сонымен қатар «әйел және ана», «ер және әке» мамандықтарын игеру – табысты адам тәрбиелеудің ең алғашқы заңдылығы десек те болады.

  1. Балаларды өз уақытын тиімді пайдалануға үйрету

Еврей балалары жалқаулық пен аулада бос сенделіп жүрудің не екенін білмейді. Скрипка, ағылшын тілі, математика курстарына бірдей қатысу олар үшін түк те қиын емес. Олар кішкентай кезінен үнемі жұмыспен айналысуды – қалыпты жағдай деп қабылдап үйренген.

Дереккөз: www.vospitaj.com

 

Аударған Ержан Тәліп   

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here