ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕ ОРТА БІЛІМ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ ?

0
815

Экономикасы дамыған мемлекеттер орта білімді қалай береді? Салыстырып көрдік…

ФИНЛЯНДИЯ

Мектепке 7 жастан бастап қабылдайды.

Мектеп деңгейлері: негізгі мектеп (6-9 жыл), жоғарғы мектеп (2 жыл).

Мұғалім жылына 25 000 еуро жалақы алады. Финдік білім жүйесі оқушы 13 жасқа толғанша оған ешқандай үй тапсырмасын бермейді, емтихан тапсыртпайды. Барлық бала білім деңгейіне қарамастан, бірге оқиды. Әр сыныпта 16 оқушы отырады. Ол мұғалімнің әр оқушымен тікелей жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Негізгі мектепте оқитын оқушылар күніне 75 минут үзіліске шығады.

 

СИНГАПУР

Мектепке 6 жаста қабылданады.

Мектеп деңгейлері: бастауыш мектеп  (6 жыл), орта мектеп (1-6 жыл).

Мұғалімнің айлығы жылына 35 000 еуро.

Оқу жылы екі семестрге бөлінген. Біріншісі қаңтар айында басталып, маусымда бітеді. Екіншісі шілдеде басталып, желтоқсанда аяқталады.

Сингапурлық балалар бастауыш мектепте ана тілі мен ағылшын тілін қатар алып жүреді. Бастауышты бітіргенде емтихан тапсырады.

Орта мектепте оқитын балалар үшін бірнеше білім беру бағдарламалары бар: арнайы (4-6 жыл), экспресс (4 жыл), академиялық (5 жыл), техникалық (4 жыл), мамандық алды (1-4 жыл). Таңдалған курсқа байланысты түлектерге N, O немесе A дәрежесіндегі куәлік беріледі. Бұл куәліктерді алу үшін оқушы ана тілі, ағылшын тілі, математика, бір гуманитарлық және бір жаратылыстану бағытындағы пәннен тест тапсыруы керек. Аталған бағыттағы пәндер әр деңгей үшін әртүрлі.

 

ГОНКОНГ

Мектепке 6 жастан бастап қабылданады.

Мектеп деңгейлері: бастауыш мектеп (6 жыл), толық емес орта білім (3 жыл), жоғарғы орта білім (2 жыл).

Мұғалімнің айлығы жылына 40 000 еуро. Гонконг оқушылары қалаған мектептеріне бара алады. Яғни, тұрғылықты жері қай жер екені, қай ауданда тіркеліп тұрғаны маңызды емес. Оқушылардың 50%-ы басқа аудандарда оқиды.

Бастауыш мектепте ешқандай емтихан тапсырмайды. Тек толық циклды аяқтаған кезде ғана тапсырады. Гонконг мектептерінде бірнеше оқу түрі бар: таңғы, түскі және толық бір күнге арналған. Көп мектептер соңғы оқу түрін қолданады. Білім беру қытай және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Бір сыныпта 40 оқушыға дейін отырады.

Тағы бір ерекшелігі, гонконгтық білім беру жүйесі мұғалімдерге оқушылармен тығыз жұмыс істеуді міндеттемейді. Олар оқушыларға аптасына 10-12 сағат қана дәріс береді.

 

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Мектепке қабылдау жасы: 6 жас.

Мектеп деңгейлері: бастауыш мектеп (6 жыл), орта мектеп (3 жыл), жоғарғы орта мектеп (3 жыл).

Мұғалімнің жылдық табысы 41 000 — 62 000 еуро аралығында. Корейлік оқушылар тек үйіне жақын мектептерге ғана барады. Олар мектепте 11 жыл бойы демалыссыз білім алады. Бес күн бойы 14 сағаттан білім алса, сенбі, жексенбі күндері «хагвон» деп аталатын қосымша сабақтарға барады. Онда ағылшын тілі мен математиканы тереңдетіп оқытады. Одан бөлек әскери және музыка мектептері де бар. Барлығын қосқанда оқушылар жылына мың сағат оқиды.

Бастауыш мектепте тек бір мұғалім ғана сабақ береді. Ол балаларға этика, корей тілі, математика, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының негіздерін, музыка мен суретті үйретеді. Сондай-ақ, мектепте оқушыларға міндетті түрде мәселелерді шешу жолдары, ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрі оқытылады.

Бір сыныптағы бала саны — 35. Әр класқа өту үшін ешқандай емтихан қарастырылмаған. Тек 15 жасқа толып, жоғарғы орта мектепке өтерде ғана тапсырады.

 

ЖАПОНИЯ

6 жастан бастап мектепке барады.

Мектеп деңгейлері: бастауыш мектеп (6 жыл), орта мектеп (3 жыл), жоғарғы орта мектеп (3 жыл).

Мұғалімнің жылдық табысы 38 000 еуро. Жапонияда стандартты пәндерден бөлек адамгершілік тәрбие мен өзін-өзі басқару пәндері де оқытылады. Алайда олардың өзіндік ерекшелігі бар. Ол — біртұтас білім беру қағидасы деп аталады. Ол бойынша барлық бала бір мезетте бір тапсырманы бірге шешіп, бір жобада жұмыс істейді.

Жапондық оқушылар аптасына бес күн оқиды. Емтиханды орта мектептен жоғарғы орта мектепке өтерде тапсырады.

Әсел САРҚЫТ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here