БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ – ЕГІЗ

0
1184

Қазіргі таңда білім саласының қызметкерлері, ұстаздар, тәрбиешілер оқу-тәрбие ісіне ұлттық сипат беруге, оны бүгінгі күн талабына орай барынша мазмұнды жүргізуге күш салуда. Білім беру туралы Заңда: «Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүр-салтын оқып үйрету үшін жағдайлар жасау – негізгі міндеттердің бірі» делінген. Көне тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ұрпақ тәрбиесіне ежелден таңғажайып ғибратнамаға толы ауыз әдебиетінің, бесік жырларының, қисса-дастандардың, шешендік сөздердің, ұлттық рәсімдердің ықпалы аз болмаған. Осылайша бала кішкентай кезінен бастап ғылымның әр саласынан мол мағлұмат алып, ибалы, инабатты, елгезек, ұлтжанды болып өскен. Тоқырау кезеңінің сыныбынан сүрінбей өткен халықтық тәрбие, қазір жаңарып, жаңғырып, бізге толыққанды боп жеткен баға жетпес бай қазына. Онда халқымыздың ұлттық қадір-қасиеті көрініс тапқан.

Осыдан он ғасыр бұрын ғұмыр кешкен қасиетті бабамыз, аруақты ақынымыз Жүсіп Баласағұн: «Рухани жағынан жаңару мен тазарудың екі жолы бар: «бірі – діни тәрбие де, екіншісі – ұлттық тәрбие» – деп жазған еді. Бүгінгі таңда ұстаздар қауымы алдында шәкірттерін ұлттық тәрбие тағылымдарымен мол сусындатып, XXI ғасырдың білімдар да, сауатты, елгезек жандарды тәрбиелеу міндеті тұр. Тәрбие табалдырықтан басталады демекші, біздің бабаларымыз кезінде баласын немесе немерелерін қазыналы қарттар отырған жерлерге апарып, жүріс-тұрысты үйренуге, аңыз-әңгімелерді естіртуге, одан тәлім алуға баулып келген. Үлкенді қадір тұтып, ерекше сыйлап өткен қазақ ауылының өмірінде қарттарға деген ықылас, ілтипат, сый-құрмет ерекше болған. Көпті көрген қариялар отбасында оқушылық, тәрбиелік қызмет атқарған, үлкенді сыйлау, құрметтеу, солардан жақсылықты, ізеттілікті үйренуге баулып отырған.

Бала тәрбиесіне атамыз қазақ еш уақытта енжар қарамаған. Тіпті Тәуке ханның «Жеті жарғы» Заңдар жинағында: «Ата-анасын туған баласы ренжітсе, қарсы келіп, қол көтерген баланы ата-анасы өлтіремін десе де ерікті, сұраусыз болады» деп тайға таңба басқандай анық көрсеткен. Ал, тағы бір тармағында: «Кәмелетке жеткен баласы ата-анасына қарсы келсе, тіл тигізіп сөксе (қол жұмсамаса) — қара сиырға немесе қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, ауылды тегіс айналдырып масқаралау керек» делінген.

Еш ата-ана баласын жаман болсын демейді. Баласының өзгеден озық болғанын қалайды. Осыны жете түсінген ұл ата-анасына қарсы шықпаған. Әке-шешесінің ақылдарын миына сіңіріп өскен ұл бұзақылық жасамайтын, сотанақтық танытпайтын. Әке-шешесі қартайған кезінде ұлы да, келіні де беттеріне жел боп тимеген. Бұның себебі, кішкентай кезінен «үлкенді, сыйла, оларға қарсы келме, айтқан ақылын тыңда» деген тәмсілді бойына сіңіріп өскендігінде жатқан жоқ па?

Қазіргі таңда да сый-сияпат, ізгілік дегенді жас жеткіншекке үйрету маңызды мәселелердің бірі екендігі ақиқат. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап, тәлім-тәрбиелік маңызы зор түрлі іс-шаралар, ұлттық тәрбиеге байланысты мерекелік немесе жүздесу кештері бұдан да жиірек өткізіліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Мектеп қабырғасында болсын, жоғары оқу орындарында болсын, танымал тұлғалармен, елімізге еңбегі сіңген білгір азаматтармен кездесу кештері жиі ұйымдастырылып та жатыр. Бұл – өте құптарлық нәрсе. Мұндай кештердің негізгі мақсаты — үлкенді құрметтеу, оларға қамқорлық жасау, аға ұрпақ пен арманы асқақ жас ұрпақ жарастығын, ынтымағын нығайту, үлкендердің ғибратты әңгімелерінен өнеге алу. Бұрын халқымыз зерделі қарияны бір үйдің ғана емес, бүкіл ауылдың, елдің қамқоршысы, ақылшысы тұтқанын ескере келе, оқушыларды бүгінгі күн тұлғаларымен, білікті азаматтарымен салыстыра отырып пікір алмастыру қажет. Осыдан кейін оқушылардың тәрбие сағатынан алған әсерін олардың шығармашылық жұмыстарынан байқайды.

Ұстаздар қауымы өз тәжірибелерінде дәстүрлердің озығы мен тозығына зер салып, әдеби мұралардың жақсарған құбылыстарын зерттеп пайдалануды ең басты міндет ретінде алға қою керек. Ертеңгі елдің барлық шаруашылығын жүргізіп, қолында ұстаушы – бүгінгі сәбилер, балалар, жастар. Өркениетті елдің көзі ашық азаматтарын, экономикасы мен саясатын басқа елдермен тепе-тең жүргізе алатын, ата-бабаларымыздың қолының күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалдырып кеткен жерімізді, мекенімізді сақтай алатын, айтысса, айтысса алатын, сайысса, сайыса алатын, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттерді, инабатты, икемді, бойынан ақыл-ой, мейірімділік, әсемдік, сұлулық лебі есіп тұратын бойжеткендерді тәрбиелеу – негізгі міндетіміз. Халық педагогикасында оқушыларға имандылық, адамгершілік, ізгілік туралы мағлұматтар кеңінен насихатталады. Оны пайдалану, өз тәжірибесінде қолдану – бүгінгі ұстаз еншісінде.

Ұлттық тамырымыздан ажырап, батыстың қаңсығын бойымызға жұқтыру салдарынан ұлттық қасиетімізден айрылып, жойылып кетпейік, ағайын! Ел боламыз десек, ұрпағымыз бойына ұлттық тәрбиемен суарылған асыл қасиеттер сіңіруде кеш қалмайық!

Ержан ТӘЛІП.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here