«БОЛАШАҚ» — ШЕТЕЛДЕ ҚАТТЫ БАҒАЛАНАТЫН БАҒДАРЛАМА

0
605

Маған «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға қатысты жекеге көп жазады. Мүмкіндігінше барлық сұрақтарға жауап беруге тырысамын. Меніңше, шетелге оқуға түсер алдын мынаны жақсы түсіну керек деп ойлаймын.

Біріншіден, шетелдік жоғарғы оқу орнында білім алу оңай емес. Өте қиын! Біздің оқу жүйесінен мүлде бөлек. Соңғы уақытта таңғы сағат 3:30-4:00-де ұйықтап, 9:00-де тұратын кездерім көп болды. Өйткені, бүгін бітіру қажет затты ертеңге қалдырсаң бітті, бүкіл жоспарың бұзылады. Мұнда қатты қиналғанда «неге түстік?!» деп айтқанды да естідім. Өзімде де сондай болады. :)) Бірақ, өз уақытыңды жоспарлап, барынша тапсырманы мұқият, бастысы орнымен жасасаң бәрі де дұрыс болады. Сондықтан, «сендерге күшті, шетелде жүрсіңдер» дегенде осыны ойланған жөн. Іштей бұған дайындалу қажет.

Екіншіден, «Болашақ» — шетелде қатты бағаланатын бағдарлама. Расы керек, қазақ студенттерінің үлгерімі өте жақсы. Алдын personal tutor өзінде болған қазақ студентін керемет мақтады, өзім риза болдым. Енді, бұл — маған да үлкен жауапкершілік, яғни осы нәтижені төмен түсірмеуім тиіс. Мұнда сен еліңнің өкілісің, саған қарап Қазақстанға, халыққа баға береді. Сенің мәдениетің, қарым-қатынасың, белсенділігің, сабақтағы үлгерімің бәрі де аса маңызды. Мұндағы көп жастар оны жақсы түсінеді. Әсіресе, оқуға келгенде мықты! Студент офисте «Болашақ» стипендиантымын деп айтсаң ерекше құрмет сезіліп тұрады. Ал мұны қалыптастырған алдын оқып кеткен студенттер, енді кезек сенікі екенін түсінесің.

Білмеймін, бәлкім бұл университетке де байланысты шығар. Кейбірінде оқу жеңіл деп жатады. Меніңше, шетелде оқуға шанс бір рет ғана берілген соң, мүмкіндігінше мықты университетте білім алу қажет деп ойлаймын.

«Болашақ» бүгінде халықтық бағдарламаға айналды, түсем деген ниетіңіз болса, бәрі де әділетті өтеді, оны уайымдамаңыз. Ал, іске сәт!

Руслан ЖЕЛДІБАЙ.

Facebook-тегі парақшасынан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here