Бақытты болғыңыз келе ме?

0
581

Бақытты болғыңыз келе ме?

 Бақытты болғыңыз келе ме? Онда болыңыз! Адамдар «бақыт деген не?» деген сұраққа жауап іздеуден жалыққан емес. Бірақ, мұның жауабы біз ойлағандай оңай емес. Себебі, әр адам бақытты өзінше түсінеді. Ол – адамның жасына, сана-сезім деңгейіне, адамның өмір сүру кезеңіне тәуелді болады. Бірақ, түсіндірме сөздіктерде «Бақыт – өмірден толық ләззат алу, шексіз қуанышты сезіну» деген анықтаманы жиі оқимыз. Ал, қуаныш пен ләззатты қалай сезінуге болады? Бұл, мүлде бөлек тақырып.

15 мемлекеттің ғалымдары өзара бірлесіп, жер бетіндегі бақытты және бақытсыз адамдардың санын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізгенде, бақыттылар мен бақытсыздардың ара қатынасы «алтын қима (золотое сечение)» пропорциясына дәл келген.  Алтын пропорция 1,6180339887 санына тең және табиғаттың көптеген құбылыстарының үйлесімділігіне сәйкес қолданылады.

Сол себепті де, адам бақытын зерттеуші ғалымдар бақыттылар мен бақытсыздардың ара қатынасы бұл пропорцияға сәйкес келуі кездейсоқ емес. Демек, бақыт та табиғаттың үйлесімділік заңына бағынады деп қорытынды шығарған.

Статистика өз ретімен, бірақ, барлығы өз қолымызда ғой. Егер бақытты болғыңыз келсе (кімнің болғысы келмейді дейсіз), болыңыз! Ал, бұл үшін көп нәрсе керек емес.

Белсенді өмір салтын ұстану – дене еңбегімен және спортпен айналысу. Дене белсенділігі кез келген сау адамға не үшін сонша ләззат сыйлайтынын ғалымдар әл-әзір түсіндіріп бере алмайды. Дегенмен, академик Павлов бұл сезімді «бұлшық ет қуанышы» деп анықтама береді. «Дене еңбегімен, кез келген спорт түрімен, бимен  айналысқан уақытта адам миы ерекше масаттануға, масайрауға алып келетін өзіндік «есірткі» бөліп шығарады» — дейтін пікірлер де кездеседі.

Өз жұмысы мен мамандығынан ләззат алу – сүйікті ісіңізге бел шешіп кірісіп кетуден қорықпаңыз. Егер, сізге өз мамандығыңыз ұнаса, онда неғұрлым ұзағырақ жұмыс істеуге тырысыңыз. Бірақ, шектеулі мөлшерден асып кетпеңіз. Жұмысына тым берілу – ауру. Егер, мамандығыңыз өзіңізге ұнамаса, ауыстырыңыз. Бұл – өзіңіз үшін де, қоғам үшін де пайдалы болмақ. Жұмыс барысында өз-өзіңізді қинап жұмыс істемеңіз. Өйткені, біз жұмыста өміріміздің айтарлықтай бір бөлігін өткіземіз.

Өз туыстарыңызды сүю. Өз туыстарыңыздың, сізге жанашыр адаимдардың жанында неғұрлым көп болуға тырысыңыз. Бұл кездері сіз өзіңізді бақытты сезінетініңізге кепілдік береміз.

Адамдарға көмектесу. Адамдарға көмектесу арқылы, сіз психикалық стрестен арыла аласыз. Нәтижесінде, бұл сіздің өз өміріңізге қанағаттану, өз өміріңізден ләззат алуға алып келеді. Өзгеге қуаныш пен бақыт сыйлау сізді бақытты етеді.

Бақытты болуға ұмтылу. Өз-өзіңізді бақылауды күшейтіңіз. Өзіңізді не қуантатынын, көңіл-күйіңізді не көтеретінін анықтаңыз. Анықтаған соң, барлық уақытта қуантатын, көңіл-күйіңізді көтеретін іспен айналысыңыз.

Тіпті, кей уақыттарда өзіңізді бақытсыз, ештеңеге қауқарсыз сезінсеңіз де ешқашан торығуға, түңілуге берілмеңіз. Егер, сіз бүгін бақытсыз болсаңыз, ертең-ақ сізден асқан бақытты жан болмауы мүмкін. Өйткені, психологиялық маятниктің заңы солай.

Өміріңізге жаңалық енгізіңіз. Тапжылмай бір жұмыс орнында істеу, дағдыланған әдеттер, таныс адамдармен дидарласу, еңбек демалысын үнемі бір уақытта, бір жерде өткізу – бәрі жақсы шығар?! Бірақ, адамға ауа қаншалықты керек болса, жаңашылдық та дәл солай қажет екендігін ұмытпаңыз. Сол себепті де, басыңызға кенеттен келген ойды іске асырудан тартынбаңыз. Алдымен, ең қарапайымынан бастап көріңіз. Жұмысқа басқа көлік түрімен, әлде мүлде басқа бағытпен (маршрутпен) барыңыз. Еңбек демалысын басқа мезгілде, тіпті қыс уағында алып көріңіз.

Бәрі өз қолымызда. Тіпті бақыт та!

Андрей Макаров 
Дереккөз:  Shkolazhizni.ru

Аударған Ержан Тәліп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here