Балдырған шағында доп қуып, далада асыр салып ойнамаған балада өмірге деген қандай қызығушылық болуы мүмкін?

0
1650

Салтанат Бейсенқызы Тәжиева

Білім саласында қордаланған мәселелер жетерлік. Оқулықтар сапасының сын көтермейтіндігі, мектеп сөмкесінің ауырлығы, бітпейтін реформалар… Тізе берсек жетіп артылады. БАҚ беттерінде де жиі қозғалатын тақырыптың бірі. Алайда, қызы бірінші сыныпта оқитын ананың видеоүндеуі қоғамда үлкен резонанс тудырғаны шындық. Ол бейнеүндеу туралы газетімізде жазған да болатынбыз. Бейнеүндеу жолдаған ана Салтанат Бейсенқызы Тәжиевамен сұхбаттасудың сәті түсіп еді. Соны бүгін назарларыңызға ұсынбақпыз.

Салтанат Бейсенқызы, сұхбатымыздың бісмілләсін қоғамда резонанс тудырған  сіздің білім минстріне жолдаған бейнежазбаңыздан бастасақ. Бейнесұрақ жолдауыңызға не түрткі болды?

  • Бейнесұрақ жолдау себебім, жасы алтыға жаңа ғана толған, мектеп табалдырығын биыл ғана аттаған балалардың қиналуы. Мен өз қызымды қабілетсіз деп айтпаймын, ойлау деңгейі кейде бізден де асып түсіп жатады. Бірақ, мектеп оқулықтарындағы кейбір тапсырмалар баланың жас ерекшеліктерін ескермей дайындалған. Балдырған шағында доп қуып, далада асыр салып ойнамаған балада өмірге деген қандай қызығушылық болуы мүмкін?

Бала үшін ойынның берері көп, ойын арқылы бала өзін белгілі бір деңгейде дамыта алады. Менің бұл пікірімді балалар психологтарының өзі растайды. Ал, қазіргі 6-7 жастағы балдырғандардың ойнауға уақыты жоқ. Таңнан түске дейін мектепте, түстен кейін баратын үйірмелері, қосымшалары бар. Ал, одан кейін үйге берілген қиын тапсырмаларды орындаумен өткізеді. Оқушының бірінен бірі аумайтын күндері осылай өтеді. Ойнауға тіпті де уақыты қалмайды. Осыдан кейін баланың оқуға деген ынтасы жоғалады. Ал, «мектеп программасының қиындығы, мектеп оқулықтарының тапсырмаларының тым ауырлығы бала психологиясына кері әсер ететінін білім және ғылым министрі біле ме екен, жоқ әлде бәрі жақсы, істелген істер, жүргізілген реформалар жақсы нәтиже беріп жатыр деген ойда болды ма?» — деген сұрақтар бейнеүндеу жолдауыма түрткі болды.

Сіздің бейнежолдауыңыздан кейін министрлік жауап берді. Жауапқа қанағаттандыңыз ба?

  • Берілген жауапқа толық қанағаттандым деп айта алмаймын.

Бейнеүндеуде уақыт тығыз болғандықтан, ең жеңіл үш сұрақты атап көрсеткен едім. Өкінішке қарай, барлық жауап тек осы үш сұрақта көрсетілген тапсырмалар төңірегінде ғана болды.

Ал, жалпы бірінші сынып оқулықтарында баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін физика, биология, астрономия, география, тарих т.б. салалар бойынша тапсырмалар көптеп кездеседі.

Жауапқа қанағаттанбауымның тағы бір себебі: жауаптың барлығын Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушыларымен салыстырып беріп отырды. Біз НЗМ-нің дарынды балалары туралы айтып отырған жоқпыз ғой. Әрине, дарынды балалар жоқ емес, бар. Бұрын да болған, болашақта да бола береді. Біздің көтеріп отырған мәселе, қарапайым мектептердегі балалардың НЗМ-ң балаларымен бірдей бағдарламамен оқуы. Бұл жерде, қайталап айтамын, біздің балалар дарынсыз, қабілетсіз деген сөз емес. Кез келген бала өзінше қабілетті, өзінше дарынды. Әр бала – жеке тұлға. Десе де тарихшыны футбол алаңына, математикті сахнаға шығарып жібергендей болмауы керек. Әр бала – әр түрлі. Егер, математикаға епті болса, физика-математиканы тереңдетіп оқытатын арнайы мектептер бар, сол сияқты әр баланы қабілетіне қарай тереңдетіп оқытса, бала бойында даму да, жетістік те болады.

Айтылатын тағы да басқа ойлар көп.  Алайда, газет беті көтермейтіндіктен осы жерден тоқтайын.

Бала сөмкесінің ауырлығына байланысты шамалы кейінірек министрдің өзі жауап беріп, осы қолайсыздықты шешу үшін мектеп кабинеттеріне қосымша шкафтар орнатуды ұсынды. Бұл — мәселені шешуге қаншалықты көмектеседі деп ойлайсыз?

  • Бала сөмкесінің ауырлығын — шкафтан бұрын керексіз пәндерді алып тастау немесе бір-бірін қайталайтын бірнеше пәндерді біріктіру арқылы шешуге, жеңілдетуге болатын сияқты. Шкаф – әр балаға керек-ақ нәрсе, әсіресе жоғары сынып оқушыларына. Дегенмен, дәл қазір бұл бір қисынсыз нәрсе сияқты. Себебі, әр балада жеке шкаф болуы үшін қанша орын керек? Бір кабинетте екі сынып оқиды. Ал, бір сыныпта 28-32 оқушыдан бар. Сонда бір кабинетте 60 шкафты қалай орналастырмақ? Кабинеттен тыс жерде орнату үшін де орын керек. Ал, бұрынғы, яғни ескі ғимараттардағы мектептерде шкаф түгілі, гардеробқа орын жоқ. Жаңа салынған мектептерде қарастырылған да шығар, бірақ ондай мектептер аз. Жалпы дамыған мемлекеттердің көбінде әр оқушы мен студенттердің жеке шкафтары бар. Дәл сол деңгейге жетсек, әрине қуанамыз. Бірақ, дәл бірінші сыныптың сумкасын шкаф жеңілдете алмайды. «Оқулықтарын шкафта қалдырады, үйге тапсырма берілмейді» – дегенді жиі қайталайды министр.

Қазір мұғалім 45 минутта алдындағы 30 балаға бірдей көңіл аудара алмайды. Жаңа сабақты түсіндірудің өзі мұғалімге қосымша ізденіп, көптеген көрнекі материалдарға сүйенуіне тура келеді. Министрліктің жауабындағыдай мұғалім эксперимент жасап көрсету керек, ол үшін ойыншық машиналарын, ұнын т.с.с қосымша көрнекіліктер алып жүруі тиіс. Ал, сонда баламен жеке жұмыс жасауға қай уақытта үлгереді? Бала күрделі тақырыпты ұмытып та қалуы мүмкін, ұмытпауы үшін міндетті түрде үйде бір пысықтау керек. Кітабы мектепте қалды делік, үйге келген баладан не өткенін сұрағанда «расытхананы өттік» деді. Не түсіндіңіз? Ол не деп кітаптан іздеп жатамыз. Сөйтсек, ол обсерваторияның қазақшасы екен. Сол секілді «фуникулер» дегеннің де не екенін көп ата-ана түсінбейтіні анық. Ал, егер қолыңызда кітап болмаса, қалай болатынын көз алдыңызға елестете беріңіз!

Үйге тапсырма бермеу үшін, мектеп бағдарламасы балаға жеңіл болуы керек. Яғни, бала жасына лайықталып жасалуы керек. Бірте-бірте күрделенуі тиіс, бірден емес. Бірінші сыныптың І-ІІ-тоқсанынан бастап-ақ, математикадан белгісіз сандарды табуды өтті. Х=?, Y=? Теңдеу амалдарын өтіп кетті. Үшінші сынып есебін бірінші сыныптың 1,2 тоқсанында асығып өтуге не себеп? Әр нәрсе өз кезегімен болғаны жөн емес пе? Теңдеуді шешу үшін өзінің формуласына салу керек. Ал, осының бәрін жүз пайыз мектептен меңгеріп келеді деп  айта алмаймыз. Үйде міндетті түрде басынан бастап қайта түсіндіруіміз қажет. Кейбір бала бір дегеннен қағып ала қоймайды. Екі-үш, тіпті 4-5 рет қайталап түсіндіруіңізге тура келеді. Кейде тіпті ашуға бой алдырып, баласын бір-екі рет нұқып қалатын ата-аналардың да бар екенін мойындауымыз керек. Міне, осының салдары ата-ана мен бала қарым-қатынасына сызат түсіріп жатады. Қорыта айтсақ, кітаптарын шкафқа қалдырып, үйден кітап бетін ашпау баланың сумкасын жеңілдеткенімен білімін өсіреді дегенге келіспеймін. Ал, сумканың ауырлығы біз айтпасақ та балаға қаншалықты зиянын тигізіп отырғаны әрбір ата-анаға аян.

2016-2017 оқу жылынан бастап, яғни биылғы оқу жылынан бастап бірінші сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнымен оқып жатыр. Осы жаңартылған білім беру мазмұны туралы ата-ана ретінде ойыңыз қандай?

  • 2016-2017 оқу жылынан бастап бірінші сыныптардағы жаңартылған білім беру жүйесіне толықтай көңіліміз толады деп айта алмаймын. Меңгермейтін бала болмайды, бірақ соны меңгерту үшін баланы шектен тыс қинап жібереміз. Өйткені, осы өткен тапсырмалары бойынша мектепте жиынтық бақылау, аралық бақылау, тоқсандық бақылау деп үздіксіз тест тапсырып жатады. Тесттен төмен балл алып қалмасын деп, баланы үйден жанталасып дайындаймыз, былайша айтқанда таңнан қара кешке дейін сабаққа дайындалу. Ертең тест деген күні балаға психологиялық тұрғыдан ауыр тиетіні тағы ақиқат. Мектепке барғылары келмейді, «тест тапсырмай-ақ қойсақ болмай ма?»-деп сұрап жатқандарды да көрдік. Басымнан өткенді айтып өтейін: Үшінші тоқсанның соңғы аптасында тоқсандық тест тапсырып жатты. Сабақтан соң, көршілердің бір-екі қызын ала кетуім керек болды. Сол көршінің қызы көзі мөлтілдеп жылап шықты. «Не болды?» деген сұрағыма «төмен балл алып қалдым» деп өксіп, әрең жауап берді. Үйіне жеткенше қанша басу айтсам да, уайымдап, жылап келді. Тесттің бала психикасына қаншалықты зиян екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Жалпы, «бесіктен белі шықпаған» балаға тест тапсырту не керек? Алдымен, оң-солын танып, әріптерді үйреніп, математикадан сандарды алып-қосуды үйренген соң-ақ, ең құрығанда екінші сыныптан бастап, тапсыртса да болады ғой. Ағылшын тілі пәнінің тест сұрақтары туралы сөз қозғаудың өзі ауыр. Себебі, бәрі ағылшынша жазылған. Қыздарым «Мама, ертең тестті қалай тапсырамын?» деп күні бойы уайымдаумен болады. Кейбіріне тест уақытында апайлар көмектеседі дейді. Апайлары өздері белгілесе, өтірік көрсеткіштің қажеті не? Ертең тағы да балалардың барлығы шет тілінен жоғары көрсеткіш көрсетсе, бұл дегеніміз – реформаның нәтижесі деп тағы да көзбояушылыққа барамыз.

Тест сұрақтарының ішінде б.з.д. І мыңжылдықта өмір сүрген сақтар мен олардың қарсыласы болған парсылар туралы сұрақтар бар. Ал, тарихты не үшін бірінші сынып бағдарламасына қосты? Өзім тарихшы ретінде бұл сұрақтардың баланың ойлау деңгейінің қалыпты дамуына әсер етеді дегенге келіспеймін. Бұл – тарих. Ал, тарихты оқу үшін ең алдымен тарих дегеніміз не деген сұрақтан бастау керек. Археологиялық қазбалар мен қоныстар жайлы жайлы білім алу үшін бала алдымен ана тіліндегі әріптерді толық танып білуі керек емес пе? Тарихты оқу үшін географиямен байланыста болу керек. Картамен байланысты сұрақтарға тіпті не деріңді білмейсің. Картадан Африканы тап деген тапсырманы дұрыс дегендер бар ма? Масқара! Кейде бірінші сыныптың сұрақтарын депутаттардың, білім министрлігі қызметкерлерінің алдына барып қойғым келеді. Қанша пайыз шенеунік жауап бере алады екен? Әттең!

Жалпы оқулықтардағы тапсырмалар бұл үлкен, жеке тақырып. Әр оқулықты парақтап отырып, талдау қажет. Жалпы, бұл бағдарлама НЗМ-де тәжірибеден өтті. Құдай-ау, қарапайым мектеп пен НЗМ-ді неге салыстыра бересіздер? Ол мектептің біраз мұғалімдерімен сөйлестім. Ол жерге, біріншіден, кез келген баланы қабылдамайды. Екіншіден, бір сыныпта 10-15 бала оқиды. Әр қайсысына жеке көңіл (индивидуальный подход) бөлінеді. Үшіншіден, кез келген мұғалім сабақ бере алмайды. Аса білікті, білімді, тіл білетін мамандар конкурс, сынақ арқылы қабылданады. Төртіншіден, ол мектептердің материалдық базасы керемет жабдықталған. Интернет бар, қағаз, принтер т.б. қамтамасыз етілген. Еш кедергі жоқ. Кез келген сынақтарды өткізуге болатын лабораториялармен жабдықталған. Осының бәрін баланың портфолиосын қарапайым регистрлер мен файлдар көмегімен жасайтын, нәйеті бір А4 қағазбен қамтылмаған қарапайым мектеппен салыстыру қисынсыз.

Енді бір ғана «Сауат ашу» пәнін алып қарайықшы. 30 балаға әр тақырып бойынша 30 тест сұрақтары, 30 парақ мінездеме сияқтысы (атын ұмытып тұрмын) тағы бар. Енді осының бәрін қанша пән бар, соған көбейтіңіз. Осы қағаздарды кейбір мектеп мұғалімдері ата-аналар сатып әперуге қарсы болғандықтан, өз қалталарынан төлеуге мәжбүр. Мемлекеттен бұл үшін бір тиын да қаржы қарастырылмаған. Бұл жерде мұғалім өзі кінәлі. Азғантай жалақысын жырып бермей, қорықпай өз талаптарын жоғарыға қоя білулері керек. Кез келген реформа қаржы жағы толық шешілген соң ғана іске асырыла бастауы керек деп санаймын. Неге шикі реформаның зардабын бала мен ата-ана,  мұғалім тартуы керек? Ал, НЗМ-нің мектептері толық 100 пайыз қамтамасыз етілген. Осы НЗМ-мен қарапайым мектепті салыстыру қаншалықты дұрыс? Тағы бір сұрағым бар.

Егер барлық оқушыны оқулықпен қамтамасыз ете алмаса, неге жылда млр-н қаражатқа оқулық шығара береді? Бұл кімге пайда? Алматының іргесіндегі аудандарда 0 сынып оқулықтарын ата-аналар түгелдей өз ақшаларына сатып алып жатыр. Көзіммен көріп, куә болған оқиға: Былтыр қызымның 0 сыныпта оқуға қажетті барлық оқулықтарын 22 мың теңге көлеміндегі қаражатқа сатып алдық. Әр оқулық екі бөлімнен, яғни екі кітаптан тұрады. Сонда кейбір ата-аналар бәрін алуға ақшалары жетпегендіктен көптеген кітаптардың екінші бөлімін сатып алмады. Сонда қанша бала оқулықсыз мектеп қабырғасында білім алуда? Мектептердің көбі үш ауысымда оқиды, былтыр бір партада үш оқушыдан отырып оқыды. Қолына қалам ұстап көрмеген бала, қысылып отырып, қалай жазу жазып үйрене алады? Сонда да барлық кемшіліктерді бәрі жақсы деп жылы жауып, сылап-сипап, өтірік есеп беретін директорға не айта аламыз? Ал, мұғалімдермен жеке сөйлессем, барлығы бар кемшілікті, өздеріне қиын екенін айтып береді, өкінішке қарай біреуі бас көтеріп, мәселені ашып, басшының алдында айта алмайды. Айтып көр, жұмыстан кетуіңе «барлық жағдай» жасап қойсын. Кіммен сөйлессең де  жұмысымнан айрылғым келмейді деп жауап береді. Бастауыш сыныптың хал-ахуалын бастауыш сынып мұғалімдері айтпағанда кім айтады, сіздерден артық ешкім білмейді ғой. Бірақ, өкінішке қарай, бәрі үнсіз қалады.

Осы мектеп оқулықтарына, олардағы көрсетілген тапсырмалардың ауырлығын айтып, сын айта қалсаң, «бүгінгі балалардың бұрынғы балаларға қарағанда қабілетті» екендігін алға тартады. Осы туралы ойыңыз?

  • Бүгінгі балалар телефонның қыр-сырын тез меңгерген, оларға бұл тапсырмалар қиын емес деп білімді арзан телефондағы ойынмен салыстыруды қою керек. Бұл – ҰЯТ! Егер, дәл осы телефондар 20 жыл бұрын пайда болғанда, 20 жыл бұрынғы балалар да дәл осылай меңгеріп алған болар еді. Бұрынғы балалар білімі таяз, қабілеті шамалы деген ойдан аулақ болған жөн. Керісінше, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосып отырған кез келген білімді азаматтарымыз интернетсіз, телефонсыз биіктерді бағындырды, ғылымның дамуына үлес қосты. Реформаны жасаушылардың қайсысы бірінші сыныптан үш тіл оқыды? Білсеңіздер, атап беріңіздерші. Кім ана тілін толық меңгеріп барып, шет тілін үйрене алмай қалды? Керісінше, ағылшыншаны жетік меңгеріп, шетелде оқып, білімін шыңдаған жоқ па? Бірінші сыныптан  бастап үш тілді оқытуға жеке басым қарсымын. Бірақ біздің пікірді ескеретін, бізбен санасатын билік бар ма осы күні? Ана тілін меңгермеген балаға шет тілін қосып оқыту, ұлтқа жасалған қастандық! Онсыз да тілі шорқақ, өз ана тілінде сөйлей алмайтын (олар ана тілін менсінбегендер) жастарымызды жөнге келтіре алмай жатқанда бұл үрдіс «жауға» жағып жатқандай. Сауат ашудан жаңадан «б» әрпін өтіп жатқанда, орыс тілінен «я», «ю» әріптерін өтіп жатты. Ал, ағылшыншадан мүлдем басқа әріп өтіп жатады. Осыдан барып шатасу басталады. Ешқандай бірізділік жүйе жоқ. Жылдың басында бірінші сынып оқушысынан сүттің орысшасын сұрасаң, «милк» деп жауап беріп жатты. Диктант жазғыза қалсақ, кей әріптерді ағылшын алфавитімен жазып, әбден шатасты. Қазір сауат ашудан әріптерді толық өтіп болды. Ал, осыған дейін, әріптерді толық өтіп болмай тұрып, үйге берілетін тапсырмаға таңғалатынбыз. Өзін өзі тану пәнінен өз өлкең туралы жазып кел дейді. Әріпті толық білмейтін бала шығарманы қалай жазады? Өз ойын айту бір басқа, оны қағазға түсіру бір басқа емес пе? Амал жоқ, мұны да ата-ана жазады. Бала көшіреді. Сонда қандай білім болмақ? Бекболат Тілеухан ағамыз айтқандай, бала әбден зәрезап болады. Жаратылыстануда неге кейіпкерлер Эврика, Негеш деп аталады? Неге Сәуле, Айбол деп атамасқа? Жаратылыстану пәнінде өткен астрономия бөлімінде аспан әлеміне, ғарышқа байланысты өтіп кеткен тапсырмалардан естерінде қалғаны тек жас ерекшелігіне сай келетін тапсырмалар ғана. Қалғанын ұмытқан немесе қабылдай алмаған. Сондай-ақ бірінші сынып дүниетану кітабындағы географиялық сұрақтар мен тапсырмаларды балаға түсіндіру үшін ата-аналар қатты қиналады. Өйткені, жас ерекшелігі ескерілмеген. Тек қара қарындашпен салынған глобустан құрлықтар мен мұхиттарды бояңдар деген тапсырманы бермес бұрын география пәні өтілуі керек. Дүние жүзінде неше мұхит бар, жалпы мұхит деген не, құрлық деген не деген сұрақтар өтілу керек емес пе? Қалай 6 жасар бала дүниежүзінің картасын көз алдына елестете алады, оқып білмек түгілі әлі көріп үлгермесе? Сондай-ақ картадан Африканы тап делінген. Дәл сол кезде «ф» әрпін өтпеген. Оны қалай оқып, табу керек және не үшін  бірінші сыныпта Африканы өтуі керек? Картамен жұмыс дейді («Дүние тану» оқулығы, 48 бет). Антарктида, Еуропа, Азия, Африка, Солтүстік Америка т.б. Бұл қай сасқанымыз? Әлі Қазақстан туралы білмей жатып, дүниежүзіне өтіп кететіндей не болды? Ежелгі адамдар – бұлар ежелгі қауымдық құрылыс. Ежелгі тайпалар б.з.д. уақытта өмір сүрген сақтар, ғұндар туралы, олардың қоныс аударған жерлері («Дүние тану» оқулығы, 53 бет), Шығыс Еуропа жазығы, Подольск қыраты, татар, Карпат, Қырым т.б. жайлы тапсырмалар алты жасар балаға лайық деп ойлайсыздар ма? Баланың миын ашыту ғой.

Бұлар — әлі ойын баласы. Түркілердің тастағы көне жазуын оқудан бұрын алдымен өз ана тілінде әріп танып, үйренуі шарт. Жыл соңында өтірік тест тапсырып, бәрін білетін болып шыға келеді. Ал, бұл кімге пайда? Әрине, тапсырманың бәрі олай емес, қызықты, керекті де тапсырмалар бар. Мысалға, жеке бастың гигиенасы, қауіпсіздік шаралары, қарым-қатынас, организмге зиянды тағамдар мен пайдалы дәрумендер т.б. баланың дәл осы жасында қажетті көптеген керемет дүниелер бар. Осындай тапсырмаларды бала қуана, қызыға орындайды, тәрбие алады. Жас ерекшелігін ескеріп тапсырма құрастыру соншалықты қиын емес қой.

Неге математикадан 10-ға дейін санауды үйреніп бола салып, бірден күрделі теңдеуге келеді? Х-12=0, у-18=0, 100-х=20, (18+30)-15=? Неге жүйе жоқ? Осының бәрін мектепте мұғалім қалай түсіндіретінін, бала қалай түсінетінін білмейміз? Алайда,  кешке ол есептерді ата-ана шығарады. Бұл берген мысалдарым тапсырмалардың ішіндегі ең оңайы десем де болады. Қайталап айтамын, үшінші сыныптың есебін бірінші сыныпта өтетіндей бізді біреу артымыздан қуып келе ме? Қайда, неге сонша асығамыз?

Жалпы осы тапсырмаларды бірден игеріп кететін балалар бар. Өйткені, әр баланың деңгейі әр түрлі. Десе де ерекше дарынды балалар бар, оның өзінде математикадан алғыр болса, кейде гуманитарлық пәндерден ақсап жатады. Баланың барлығы бірдей дарынды деп жүйесіз, қиын, жасына сай келмейтін тапсырмаларға көміп тастаудың қажеті жоқ.

Бала – біздің болашағымыз. Болашаққа балта шабуға болмайды. Тест кездерінде бала қаншалықты стресс алады, ауыр сумкамен омыртқалары майысып, біртіндеп омыртқа грыжасы пайда болады, скалиоз болады. Бойы өспей ергежейлі болу қаупі бар.

Қорыта айтсақ, жалпы балаларымыздың шет тілін меңгеруіне қарсы емеспін. Әсіресе, ағылшын тілінде еркін болулары керек. Әлемді аузына қарататын білімді, білікті, алғыр, сымбатты болулары керек. Сол үшін сіз бен біз аянбай еңбек етуіміз керек. Келелі һәм саналы ұрпақ тәрбиелейміз десек, баланың сағын осы бастан сындырып алмайық, ағайын! Әр нәрсенің өз уақыты бар. Ана тілімізді толық меңгеріп алмай тұрып, өзгенің тілімен шатаспайық.

Сұхбатыңызға рақмет!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here