БАЛАҒА АЙТАТЫН 7 АҚЫЛ

0
1327
  1. «Мен саған сенемін»

Осы тақырыпқа бір әйел өз хикаясын айтып берген еді. Ол өзінің үш жасар баласына үнемі осы сөзді айтады екен. Бір күні сол сөзі өзіне қайтып келіпті.

Бір күні пәтерінің кілтін ұзақ іздейді. Таппай сарсылған ол диванға отыра кетіпті. Балағына жармасқан баласы екен. «Анашым, кілтіңізді таба аласыз. Мен сізге сенемін» депті бөбек.

Мына сөзден кейін көңілі көтеріліп, жақын тұрған суырманы ашып қалса, кілт сонда жатыр екен.

Бұл сөздер баланы қуаттандырып отырады.

 

  1. «Ешқашан берілме»

Бұл сөзді айтып баланы қолдап, қолпаштауға болады. Бала бастан кешкен қиындығын өзі жеңуге талпынуы керек.

Тағы да сол үш жасар баласы бар әйелді әңгімелесек болады. Баласы пазл жинап отырып сәйкестігі жоқ біреуін бөтен орынға тықпалай беріпті. «Ешқашан берілме!» деп өзін қайраттандырып қояды дейді. Мұны көріп отырған анасы оның қателігін түзепті.

«Ешқашан берілмеу керек. Бірақ қазір сен дұрыс істеп жатпаған боларсың. Ондай болса, тоқтап, өз әрекетіңнің дұрыс-бұрыстығын байқау керек. Бұрыс болса, жаңа шешім қабылдаған жөн. Егер тырысқаныңа қарай ештеңе өзгермесе, саған мақсатыңа жету үшін басқа жолды қарастыру қажет. Жаңа жолды, жаңа амалды тауып, сол арқылы қалағаныңа жете аласың» дейді.

Балаға берілмей, орта жолдан тайқып кетпеудің не екенін үйрете білу маңызды. Ол үшін амал-әрекетті өзгертудің пайдасы барын нақтылай біліңіз.

 

  1. «Үдеріс барысында үйренеміз»

Бала қиындық пен қателік – қалыпты екенін түсініп өсуі керек. Болар-болмас қатеге бола көңілін түсірмеуге баулыңыз. Жарысқа барайын деп жатқан балаға осыны ескертудің айыбы жоқ. Жалпы маңызды шешім қабылдайтын тұста еске салып отырыңыз.

 

  1. «Әр білікті маман дәл сен сияқты оқушы болған»

Араға уақыт сала отырып балаңызға жетістікке жеткен адамдар өмір бастауында ондай болмағанын айтып отыру керек.

Бала қателік жасау – қалыпты дүние екенін біліп өссін. Жеңіліс – болуы керек. Күресу – керекті талпыныс. Дұрыс еместігі – қателік жасау, жеңілу, күресу бекершілік деп ойлау. Бала бұның барлығы мақсатқа жеткізетін көпір екенін ұғынып өскені пайдалы.

Төзімділік пен бірбеткейлік, талпыныс аса маңызды. Олар жетістікке жетуден де маңызды.

 

  1. «Жеңіліс — бұл таңдау емес»

Бұл сөздің мағынасына тереңірек үңіліп, балаға дұрыс түсіндіріңіз. Ол өзінің дегеніне жетуге тырысуы керек. Кез келген тәжірибені сабақ деп қабылдаудың мәні зор екенін айтыңыз. Оның бәрі жеңіліс емес, жаңа сабақтың мүмкіндіктері, жаңа амалды меңгерудің жолы деп қабылдасын. Жеңіліс таңдау бола алмайды.

Таңдау дегеніміз – білу, оқу, үйрену, өсіп кеткен нәрсені артта қалдыру, өзіңді бірбеткейлігің үшін жақсы көру, өзіңнің күш-жігеріңе сену.

 

  1. «Көгерген көз бен әрбір жарақат сабақ болмақ»

Егер бала бір нәрсені бүлдірсе, жағымсыз жағдайға тап болса, бұдан не сабақ алғанын сұрап отырыңыз. Осы тақырыпта сөйлесіңіз. Әр адам өз қателігі арқылы өсетінін түсіндіріңіз. Әр жағдайдан сабақ алып отыруды үйретіңіз.

 

  1. «Сенің қауіпсіздігің қамтамасыз етілген. Сен мейірім мен қамқорлықта өсіп жатырсың»

Балалық шағыңызға ойша оралып, қауіпсіздік сезінген сәтті еске ала аласыз ба? Баланы қоршағанның бәрі тыныштық пен жылу беріп тұратын кез. Үйлестік бар орта.

Баланы мейірім мен қамқорлықта өсірудің маңызы өте зор. Ол қауіпсіздікті сезініп өсуі керек. Бұл жағымды күйдің оның өзін бағалауда, рухани мықты болуында септігі зор.

Ұйықтар алдында оған: «Сен қауіпсіздіктесің. Сен мейірім мен қамқорлықтың бесігінде тербелесің» деген сөздерді айтып отырыңыз. Бұл сөздерді салмақты күйде, ырғақты дауыспен айтыңыз. Баланың санасында сақталып, жадысында үнемі жағымды жаңалықтай жаңғырып тұрсын. Қиындыққа тап болғанда үнемі еске алсын.

Аударған Шынар ӘБІЛДӘ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here