Баланы шамадан тыс еркінсіту өзіне бумеранг болып қайта оралатынын әрбір ата-ана түсіну керек.

0
880

Сұлтан Сүлеев

Сұлтан аға, өзіңіз туралы кеңінен тоқталып өтсеңіз. Қай оқу орнын бітірдіңіз? Қай жерде қызмет атқарасыз?

1986 жылы әскерден келген соң, қазіргі КАЗҰУ-нің тарих факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түстім. Тарих факультетінің КСРО кафедрасында дипломдық жұмысты қорғап, 1991 жылы оқуды аяқтадым. Біз оқуды бітірген жылы елімізде үлкен өзгерістер болып, аспирантураға түсу көзден бұл-бұл ұшты. Жетекшім профессор Талас Омарбеков ағай Москва, Ленинград, Киев қалаларында архив ақтарып келу керектігін айтты. КСРО құлап жатқанда ол қайдан болсын. Ғылыммен айналысу шынында мүмкін емес еді, ол кезде. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман. Содан Алматыдағы №2 республикалық мектеп-интернатқа жұмысқа тұрдым. Арасында білім министрлігінде жарты ставкада жұмыс істеймін. Бірақ кабинет жұмысы маған қол емес екенін, көп ұзамай түсініп, министрліктен кеттім. Маған балалармен жұмыс істеу анағұрлым қызық, әрі мазмұнды көрінді. Көп адамдар мені сол кезде түсінбеді, «Министрлік дегенің – ол үлкен мүмкіндік қой. Бекер кеттің» — дегендер де болды. Бірақ кеткеніме өкінбеймін. Ал, қызмет істеген жоғары аты аталған мектеп-интернат тарихы терең іргелі білім ордаларының бірінен саналады.

Әу баста 1957 жылы ауыл балаларына арнап ашылған интернат 1989 жылы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернат статусына ие болды. Қазіргі кезде Абай атындағы «Дарын» мектебі. Өзінің тарихы, дәстүрі қалыптасқан үлкен оқу ордасы. 2003 жылдан үйімнің қасындағы №47 мектепке орыс сыныптарына мұғалім қажет болғандықтан, әрі өз балаларым сол мектепте оқығандықтан ауысып келдім. Аралас мектеп, қазақ-орыс сыныптары бар. Міне 14 жыл осы мектепте орыс сыныптарына тарих пәнінен сабақ беремін. Еңбек кітапшамда әзірше осы екі ғана мектептің мөрі тұр.

Үш балам бар. Жиен немерем өсіп жатыр.

Фейсбуктегі жазбаларыңызда бұрынғы мен қазіргі балалар туралы көп жазасыз. Сіздіңше, бұрынғы мен қазіргі балалардың айырмасы қандай?

Бұрынғы мен қазіргі балалардың айырмашылығы дейсің бе? Бұрынғы балалар дене (физический) дамуы жағынан қазіргі балаларға қарағанда анағұрлым мықты деп ойлаймын. Екіншіден, бұрынғы балалар бар қиыншылықтан шығудың жолдарын өздері іздеп табуға тырысатын-ды. Қиыннан қашу – ол жігіттікке жатпайды деген қағида басым болған сияқты сол жылдары. Мені алаңдататыны – бүгінде мектептердегі ер адамдар үлесінің өте төмендігі. Осының салдарынан қазіргі балалардың тәрбиесінде әйелдердің үлесі басым. Аналық сезім, табиғи инстинкт балаларға ауыр талап қоюға мүмкіндік бермейді. Мұны сезген бала тым болбыр, жасық болып өседі. Осылай кете берсек, ертең елімізді қорғайтын жігіт таба алмайтын шығармыз. Әрине, қазіргі балалар бұрынғыларға қарағанда инновациялық жағынан мықты шығар?! Бірақ, осы балалардың қан-сөлсіз өңі, сұлудың қолындай нәзік алақандары, қисайған иықтары алаңдатады. Сынып журналының медициналық анықтамалар жазатын бетін ашсаңыз, дүниедегі бар диагноздармен танысуға болады. Бұл өте қауіпті тенденция.

Көп балалар сұрайды менен осы сұрақты. Ағай біз қалай болып едік – деп. Мүмкін он-жиырма жылдан кейін қазіргі балалар да қояр осы сұрақты? Қызық, не деп жауап берер екенмін? (күлді).  Әзірше байқағанымды айтып отырмын.Начало формы

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде мұғалім мен оқушының қақтығысы жиі байқалады. Бәрінде дерлік нәтиже біреу. Мұғалім жазаланады. Осы туралы ойыңыз қандай?

Сол балалармен жиі қақтығысатын мұғалім мектепті неге таңдады екен? Алдындағы 20 балаға ие бола алмаған ұстаз қанша жерден білімі мен инновациясы «шашылып» тұрса да, өз ойын жеткізе алмайды. Соған ызаланып балаларға тиіседі. Бұл үшінші себеп. Екінші себебі, конкурс аз болған соң, диплом үшін педагогикалық оқу орындарына кез келген адамның түсе беруі. Диплом алған соң, амалсыздан мектепке барып, елдің де, баланың да басын ауыртады. Бірінші және ең басты себебі, қоғамның, биліктің ұстаздарға деген салқын көзқарасы – бала мен ата-анаға да берілген. Үй аралап, көше сыпырып, алаңдар мен залдарды толтыруға жиі жұмсалатын ұстаз елдің көзінде әлеуметтік сатыдағы ең төмен топқа түскені өкінішті. Балаларды қорғау керек, бірақ оларды қорғаушылардың өзін қорғайтын кез келген сияқты. «Тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі» дегендей, билікке мұғалімді кінәлі ете салу — қауіпсіз және тыныш. Ата-ана өз баласы үшін кез-келген кабинетке бара алады, ал мұғалімнің ондайға баруына этикасы мен мүмкіндігі жібермейді.

Мойындауымыз керек, қазір оқушыларды тым еркінсітіп жіберген секілдіміз. Жалпы осыдан не ұттық, не ұтылдық?

Балаға қамқорлық жасау мен еркінсітудің арасын ажырата алмағандықтан осындай жағдайға келдік. Егер баланың ата-анасы да осылай ойласа, нағыз қасірет сол. Педагог – ежелгі гректің сөзі, бала күтуші құл деген мағынамен қатар білім беретін, болашаққа жетелейтін тұлға есебінде қабылданған. Еркінсіген бала жалғыз мектептің проблемасы емес, бүкіл қоғамның бас ауруы болмақ. Ең алдымен, өз баласына шаң жұқтырмауға тырысқан ата-ананың соры. Бізде оншақты жыл бұрын бір оқушы бітірді мектепті. Шешесі жалғыз тәрбиелеп, баласының басынан құс ұшырмайтын. Өзі – мұғалім. Әлгі баласы үшін елдің бәрімен ұрысып, баласына жөн-жосықсыз болыса берді. Бала өскен соң шешесін сабайтын әдет тапты. «Разборкаға» мені шақырады.  Үйіне барып, баласын бұрышқа тығып, енді кешірім сұратуға жақындағанда, қу шешенің жүрегі шыдамай, бүкіл процесті тоқтатуды сұрайды. Мен кеткен соң, шешені сабау қайта басталады екен. Бала артынан араққа салынып, теріс жолға түсті. Отызға жетпей қайтыс болды. Бұл бір ғана мысал. Айта берсең мұндай жағдайлар өте көп. Шамадан тыс еркінсіту ата-ананың өзіне бумеранг болып қайта тиетінін түсіну керек. Өкінішке қарай ұтылған жеріміз өте көп. Сондықтан, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» әрқашанда болу керек деп ойлаймын .

Мұғалім мәртебесі қайтсе артады?

Мұғалім мәртебесінің артуына ең басты себепкер – ұстаздың өзі. «Жетектеген тазы түлкі алмайды» — дегендей мәртебені арттыруға он заң шығарсаң да, мұғалім жұмысқа қырсыз болса, өз пәнін жетік меңгермеген адамды ешкім сыйламайды. Бұл жеке ұстаздарға байланысты. Ал сұрағыңа келсек: Мемлекеттің білімге деген көзқарсы өзгермей, жалпы білім саласының жағдайы өзгермейді. Оның ішінде жеке ұстаздың да еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Ол үшін ұстаз билік көп мысалға алатын батыстағыдай еңбек ақы алуы керек. Сонда ғана мектепке нағыз талантты адамдар келер еді. Өкінішке орай қазір педагогикалық ЖОО-на басқа жерге түсе алмағандар келуде. Біз оқуға түскенде бір орынға сегіз адам конкурс болды. Тағы да осы мұғалімдердің тікелей міндетіне жатпайтын істерді тапсыра беруді тоқтату керек. Олар: көше аралап, тұрғындардың жағдайын зерттеу, пайдасы жоқ жиналыстарға залды толтыруға апару, Қаскелеңдегідей мұғалімдерге көше сыпырту сияқты фактілерді тоқтату керек. Мектеп директорларын сайлау арқылы қоятын кез де келді. Құдайға шүкір ұстаздар рушылдықтан арылған, сондықтан «бөтен» болса да қолынан іс келетін адамды тани біледі. Ұжымына арқа сүйеген директор ғана өз мұғалімдерін шын мәнінде биліктің өктемдігінен қорғап, олардың алаңсыз қызмет етуіне жағдай жасай алады.

Жаңартылған білім мазмұнына, үш тілді оқытуға көзқарасыңыз қалай?

Жаңартылған білім мазмұны деп қай реформадағы жаңалықты айтар екенбіз.? Әр министр өзіне берілген екі-үш жылда есте қалу үшін түрлі жаңалық енгізіп үлгеруге тырысты. Шынымды айтсам, жаңартылған білім мазмұны дегеніңді, шетелден көргенін енгізуге ұмтылу – деп түсінемін. Ең өкініштісі – білім беруде стратегия жоқ. Жаңа министр бәрін нөлден бастайды. Үш тілділік туралы айтсам, қазақ тілінің бүгінгі аянышты жағдайында 1-сыныптан үш тіл оқыту тілімізге жасалған қастандық деп білемін. Маған салса, қазақ сыныптарында шет тілді оқытуды тек бесінші сыныптан бастар едім. Жоғары сыныптарда жаратылыстану ғылымдарын ағылшынша оқыту да қате ұсыныс. Өз тілінде түсінуі қиын сабақтар балаға да, мұғалімге де оңай шаруа емес. Ол туралы кезінде талай айтылды. Қайталай бергеннен ештеңе шықпас.

Ең көп сыналатын саланың да бірі – осы білім саласы десек, артық айтпайтын шығармыз? Тәуелсіздік алғалы 13 министр ауысса да, реформадан көз ашпай келе жатқан сала да – осы білім саласы. Қазіргі таңда білім министрлігі қандай істі қолға алу керек деп санайсыз?

Білім саласы – қоғамымыздың ең жанды жері. Ата-ана, бала, ұстаздар-еліміздің ең көп тобын құрайды. Еліміздегі 17 млн. адамның барлығы мектеппен әйтеуір бір байланысы бар. Біреудің баласы, біреудің немересі, біреудің шөбересі оқиды. Сондықтан білім саласындағы кез-келген шалт қимыл бүкіл елді елең еткізеді. Білім министрлігінің басты міндеті халықтың сынынан түйін шығару. Жөн-жосықсыз реформалардан бас тарту. Оқулықтардың мазмұны мен мәніне көңіл бөлу. Тарихшы ретінде оқулықтардағы қателік пен сорақылықтармен жиі ұшырасамын. Альтернативтік оқулық дегенді алып тастау керек, әсіресе тарихтан. Мектепте тек академиялық тарих ғылымы оқытылуы қажет. Білім саласын бақылау деген комитет арбаның бесінші дөңгелегіндей, пайдасынан зияны көп. Дау осы аттестация кезінде көп шығады. Тексерілген барлық білім ордалары өтеді, қанша жерден кемшілігі болса да. Қалай өтетінін айтпай-ақ қояйын. Мектепті онсыз да аудан, қала, облыстық білім басқармалары күнде тексереді. Артық тексеру мектептің қалыпты жұмысына тұсау салып, ритмді бұзады. Тексеретіндердің алдында қате табу емес, көмек көрсетуге келдім деген мақсат тұру керек.

Өзіңіз Білім министрі болған жағдайда жұмысты неден бастар едіңіз?

Білім министрі дейсің бе? (Рақаттана күліп алды). Егер өрең білім саласын басқаруға жетпесе отставкаға кетуі керек. Қойған екен, көмекшілеріңді, орынбасарларыңды практик ұстаздардан таңда. Бұл бір. Екіншіден, халықтың разылығына ие болмаған барлық жаңалықтардан бас тарту керек. Олар; үштілділік, электронды күнделік, жөн-жосықсыз тестілей беру. Бес жыл сайынғы аттестацияға да бірер сөз. Категорияңды дәлелдеу – дегенді алып тастау керек. Аттестация категорияңды өсіру үшін ғана өткізілуі тиіс. Жинаған қағазыңа қарап, сені танымайтын жоғарыдағылар бекітеді екен. Түсіретін болса тікелей басшыларың мектеп директорының, орынбасыларының пәрмені дұрыс. Осы кісілер біледі кімнің-кім екенін. Ал, министр болып жатсам, мына істерді бірінші кезекте қолға алған болар едім: Мұғалімдердің еңбек өтіліне байланысты зейнеткерлікке шығуын ескеретін заң жобасын парламенттке ұсыну; 25-30 жылдан кейін демалысқа шығуға мүмкіндік беру; Мекемелер арасындағы іс-қағаздарын қазақ іліне көшіру. Бұйрықпен. Білім министрлігінде тіл туралы заң орындалмаса, басқа қай жерде орындалады? Әліппені қайтару. Қалған проблемалармен министр болған соң танысып, сол кезде қолға алар едім.

Министр болсам, ақылы курстарды тоқтатар едім.

Министр болсам, әр сыныпта 20 баладан асырмауға күш салар едім.

Министр болсам, жекеленген мектептерге ерекше материалдық жағдай жасап, басқаларға үлгі ету арқылы арзан ұпай жинамас едім.

Зейнеткерлердің қажырлы еңбегін бағалай отырып құрметті демалысқа шығуын бақылар едім. Себебі жастарға орын жоқ, сағат жоқ, олар қашан үйренеді? Бұрынғы директорлар да кеткісі жоқ. «Не зейнетақыдан бас тарту, немесе жалақы ғана алу» — деген сұрақты төтесінен қою керек. Бұл жалғыз білім саласы емес, басқа жерлерге де қатысы бар.

Министр болсам, кеңес кезіндегідей еңбек сағаттарын енгізер едім. Кәдімгі металл өңдеу, түрлі материалдардан керекті заттар жасау. Трактор-автоларды оқытуды қолға алар едім. Электрик, ағаш ұстасы, ағаш шебері, электр дәнекерлегіш, тағы да басқа мамандықтарды үйрету керек жоғарғы сыныптарда.

Мұғалімді бәрі қолжаулық қылып алды. Сенбілікте де – мұғалім, кездесу, жиналыс бола қалса, залды толтыру да мұғалім мойнында. Мұғалім өз құқын қорғауы үшін не істеуі керек?

Білім саласын жергілікті атқарушы биліктің құзіретінен алып, тікелей үкіметке (министрлік) бағындырмай, қолжаулық бола береді. Кәсіподақтың басшысы аудан мен қала басшыларының алдында да өз әріптестерін қорғай алатындай азулы болу керек. Тура бүгінгідей кәсіподақтан еш пайда жоқ. Төрағалары директордың мерекені ұйымдастыратын орынбасары ретінде ғана есте қалады. Және қазынашы есебінде ғана.

Әр мұғалім еңбек кодексі мен білім туралы заңды жақсы білсе, оны пайдаланудан қорықпаса ешкім оны қолжаулық ете алмас еді.

Қазақстандағы кәсіподақтар ұйымын таратып, қайтадан басқа қоғамдық ұйым құру керек. Кәсіподақ – деген сөздің өзіне халық сенімсіздікпен қарайтын болды. Ол ұйымдар да партия сияқты өз мүшелерінің мүддесі, дауысы үшін күреседі. Халықтың сенімінен шықса жарнасы да көбейіп, үлкен күшке айналады. Кәсіподақтарды кезінде жұмысшыларды бақылап отыру үшін жұмыс берушілердің араласуымен құрылғанын көп адам біле бермейді. Атауы да басқаша болу керек.. Мысалы: Ұстаз, Ағартушы, Парасат, Бала тағдыры сияқты. Оның басында елге беделді, әрі табанды адам болса. Ұйым төрағасының кепілді ставкасы болуы керек, қандай жағдай болса да. Сол кезде ол өзін дербес сезініп, елдің мүддесін қорғауға алаңсыз кірісер еді. Мен де кезінде бір жыл кәсіподаққа төраға болғанмын. Соңында, әзер құтылған басшылар (күліп). Сонда ғана мұғалім құқығы шын мәнінде қорғалар еді.

 Өз пәнін, мамандығын жетік білген мұғалім қоғамдық жұмысқа қатыспай, өз құқын қорғауына болады. Сенбіліктерде салпақтап, қоғамдық жұмыстарда далбақтап жүретіндер – өз мамандығын жетік білмейтіндер деп пәлсапа соғатындар да бар. Бірақ, қоғамдық жұмыстан бас тарту деген сөз – мектеп басшыларының айтқанын тыңдамау деген сөз. Ал, түптеп келгенде, шөміштен қағылатынын білген мұғалім үндемей ішінен тынып, күрегін қолына алып қара жұмысқа жегіліп кете барады. Осы туралы ойыңыз қандай? Бұндай қолбалалықтан мұғалім қайтсе құтылады?

Қоғамдық жұмыс егер өз мамандығыңа қатысты болса, одан не себептен бас тартуың керек? Мектеп музыканты неге отырыстарда өлең айтпасқа? Тарихшы неге әр бір атаулы датаны бүкіл мектептің алдында түсіндіріп бермеске? Құқықтанушы неге бала тәрбиесіне араласпасқа? Биолог мектептің айналасын гүлдендіруге ат салысса қалай болар еді? Мысал көп қой. Бірақ сол қоғамдық жұмыс дегенді атқарамын деп, біреудің жалақы алып отырған жұмысын орындап кетеді. Мұғалім аула сыпырмау керек. Себебі, аула сыпыратын арнайы штаттар бар. Бір адам ғана штат бойынша жұмыс жасап, қалған штаттарда бастықтардың ,,мертвые души» туыстары жалақы алады. Ол көп кездесетін жайт. «Мұғалім аула сыпыру арқылы баланы еңбек етуге тәрбиелеу керек» — деп бастықтар пәлсапа соққанда беті бүлк етпейді. Ұят, ә? Аула сыпырушылар не істейді сонда? Ол мұғалім әлгі үйінде жатып айлық алатын бастықтың туысының жұмысын жасап жатқанын түсінер ме екен? Жалпы қоғамдық жұмыс керек нәрсе. Бірақ, ол да марапатталып, ескерілу керек.

Газет оқырмандарына тілегіңіз? Сегізінші наурызбен аналарымызды құттықтауға да мүмкіндігіңіз келіп тұрғанын ескерте кетейік.

Газет оқырмандарына осы газеттен тек қызықты, өткір материалдарды оқуға жазсын деймін. Қызықты адамдармен осы газет бетінде кездесіп, олардың пікірлерінен хабардар болып жүріңіздер. Алдағы келе жатқан 8 наурыз мерекесімен барлық нәзік жандыларды шын жүректен құттықтаймын. Көктемдей құлпырып, қызғалдақтай жайнап, өмірде бақытты, еңбекте озат болуларыңызға тілектеспін.

Сұхбатыңызға рақмет!

P.S. Бұл сұхбатты екі апта бұрын дайындаған болатынбыз. Газет бетіне жарияланамын дегенше, министріміз бір жылдық жұмысының нәтижесі ретінде, атқарған істері мен алдағы жоспарларымен бөлісіп, есеп те беріп тастады. Ол газетіміздің №8 санында жарияланған да. Іле-шала Сұлтан ағаны тағы да мазалап, осы туралы ойын сұраған едік:

Сұлтан аға, министрдің бір жылдық есебін қалай қабылдадыңыз? Қағазбастылық пен қолжаулықтықтан құтылады деген екен есебінде. Жалпы осыған сенесіз бе?

Әкімді күлдіргің келсе министрдің жоспарын айт.  Бұл – анық. Тура осылай фейсбук бетінде пост жаздым. «Құдайды күлдіргің келсе жоспарыңды айт» -деген ғой. Министр Астанада, әкім қасыңда отырғанда мұғалімнің қолжаулық болып қалғаны қалған. Ол министр қай әкімге тыйым сала алады? Жәй уәде ғой.

Қағазбастылықты жою керек. Ол дұрыс. Бірақ, бізде соны жоятын материалдық база дайын ба? Мектептің жөндеу жұмысы сияқты мұғалімдердің күшімен материалдық базаны толықтыра ма? Келесі оқу жылынан әр мұғалімге жеке ноутбук алуды міндеттемесе болды. Содан 100 пайыз жабдықталған — деген есеп болатын шығар? Алдымен электронды күнделіктің жұмысын жақсылап қолға қойып алу керек. Сонан соң ғана басқаларына кіріссе.

Бір жылдық есебін көрдім. Қаншама шу мен дау туғызған жыл болды. Министрдің қызмет уақыты шектеулі екенін білесің, көп істеп үлгеруге тырысады. Көрген жердегісінің бәрін бізге енгізіп, реформатор болып қалғысы келеді. Өкінішке қарай, біздің жағдайымыз оларды енгізуге келмейді. Құй сен, құй сенбе. Бірақ, ақиқаты осы.

Рақмет!

Сұхбаттасқан Ержан Тәліп

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here