БАЛАЛАР ҮШІН АТА-АНАСЫНЫҢ, ОТБАСЫНЫҢ ТӘРБИЕСІ АСА МАҢЫЗДЫ

0
3722

Білім беру жүйесі – сынға көп ұшырайтын саланың бірі және онда болып жатқан реформалар ауыртпалықсыз өткен емес. Осы жылғы наурызда Қазақстанда «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Бес күндік оқу аптасының енгізілуі, білім берудің үштілді жүйесіне көшу және оқу жылының ұзартылуы сияқты өзгерістердің бәрі білім беру мазмұнын жаңартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламада қарастырылған. Тек осының бәрі әлі де болса жер-жерде жете түсіндірілмегендіктен жұртшылық арасында алуан пікір тудырып жатқаны да еш жасырын-жабық жағдай емес.

Осы сауалдарға жауап іздеп №29 Ұлықбек атындағы жалпы орта мектеп директоры   №2 ресурстық орталықтың көшбасшысы Алтынай Серікбайқызы Айтбаевамен сұхбаттасқан едік. Бүгінгі нөмірімізде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Құрметті Алтынай Серікбайқызы! Биылғы оқу жылынан бастап Қазақстан кезең-кезеңмен білім берудің жаңа жүйесіне көшуді бастады. Сіз басқарып отырған мектеп «Жаңартылған білім беру мазмұнын ендірудегі» эксперименталдық алаңның бірі ретінде бекітілді. Осыған орай жаңартылған білім беру мазмұны туралы айтып өтсеңіз?

– Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы — заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама.

Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты — білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.

«Жаңартылған білім беру мазмұнын ендірудегі» №2 ресурстық орталық болып ауданымызда 14 орталық алаңдар бекітілсе, соның бірі біздің №29 Ұлықбек атындағы жалпы орта мектебі. Аудандық білім бөлімі мен әрбір ресурстық орталықтар арасында әдістемелік көмектер беруде өте тығыз байланыс орнаған. Аудандық білім бөлімінің басшысы М.Маханов осы бағдарламаны аудан мектептеріне ендіруде үлкен маңызды жұмыстар атқаруда. Жұмысы мен тәжірибесі табысты болған мектептерге құрмет пен қолдау дер кезінде жасалынуда.

– Жаңартылған білім беру мазмұнының қазіргі қолданыстағы білім беру мазмұнынан өзгешелігі қандай? Артықшылығы неде? Кемшілігі неде?

– Негізінен жаңартылған білім жүйесі – құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану.

Сонымен қатар, бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді.

Коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдану.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі.

Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді.

Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Ең жоғары балл 60 ұпай, орташа балл 48 ұпай деп белгіленеді. Баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Критериялық бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады.

Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Кеңестік заманнан қалған бес балдық бағалау жүйесі жойылады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі.

Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді.

Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады.

Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі пәнінің оқыту жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.

Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені, қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады.

Ресурстық орталық ретінде біз аймақтағы 10 мектептің әрқайсысының даму жоспарына сәйкес жұмыс алып баруын бақылап отырамыз. Ал негізгі мақсатымыз желілік кәсіби қауымдастық аясында мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуын жүзеге асырып отыру.

Аймақтағы мектептердің барлық мұғалімдері қамтылған пән көшбасшыларынан тұратын мобильдік топтар құрылып, олар апта сайын кездесіп өз пәні бойынша қордаланып қалған мәселелердің шешімін бірге табуға ұмтылуда. Бұл басқосулар қайсы мектепте үздік тәжірибе орын алғанын анықтап, сол тәжірибені серіктес мектептерге таратуға зор мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, оқушылардың білім сапасын, көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында түрлі пәндер бойынша интеллектуалды ойындар жоспарға сәйкес өткізіледі. Жеңімпаздар дер кезінде марапатталып отырады.

Мұндай сайыстарды алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап қойғанбыз. Себебі, біздің ауданымызда 100-ден аса мектеп бар. Оқушылардың барлығы аудан көлемінде өткізілетін сайыстарға қатысуға мүмкіндігі жоқ. Ал, аймақтық сайыстар мен байқаулар балалардың өз білімін сынап көруге үлкен мүмкіндік береді

– Назарбаев зияткерлік мектептерінде (НЗМ) оған түспес бұрын белгілі бір емтихан тапсырып, сыннан өткен балалар оқып жатыр. Олардағы материалдық-техникалық база да өте жақсы, мұғалімдердің деңгейі жоғары. Ал енді қатардағы қарапайым мектептер жаңа бағдарламаны игеріп әкете ала ма?

– Аталмыш бағдарламаның мәні, баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.

Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастап отырмыз.

Рас, білім беру мазмұнын жаңарту үшін біз ең алдымен оны жүзеге асыратын сапалы маман даярлауымыз қажет. Ата-аналар үшін де тиісті ақпараттық-түсінік жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздің барлық мектептерінде 1-сынып оқушыларына сабақ беретін 73 мың мұғалім жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша даярланатынын айтқан болатын. Қазір осы бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Мұғалімдерді жан-жақты даярлау үшін мемлекет бюджетінен тиісті қаражат бөлініп, даярлық курстары ұйымдастырылуда.

Даярлық курсынан мектеп директорлары, мектеп директорларының орынбасарлары, білім бөлімдерінің әдіскерлері де өтті. Ал жаңа оқу жылы басталғанға дейін ең алдымен 1-сынып оқушыларына сабақ беретін мұғалімдер оқытылды.

Мемлекет бюджеті есебінен мұғалімдерді даярлау жұмыстары келесі жылы да жалғасатын болады. Өйткені, кезең-кезеңмен көшу кезінде барлық мұғалімдерді қайта даярлауымыз қажет.

– Қазіргі уақытта сіздің мектеп аптасына 5 күндік оқу аптасы бойынша жұмыс істеп жатырсыздар ма? Бұның тиімділігі мен кемшілігі байқала ма?

– Балалар үшін ата-анасының, отбасының тәрбиесі аса маңызды. Бес күндік оқу жүйесі балалардың сенбі, жексенбі күнгі демалыс уақытында ата-анасымен бірге болуына көп мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға, қосымша білім алуына, әсіресе, спортпен, өнермен айналысуына көбірек уақыт беріледі.

Білім беру бағдарламасының жаңартылуына байланысты 1 қыркүйектен бастап, 1-сынып оқушылары 1 маусымға дейін оқиды. Оқу мерзімінің ұзақтығы — 33 оқу аптасы. 1-сынып оқушылары сенбі күн есебінен 34 күн қосымша демалыс алады.

– Үштілді білім беруге көшуде қиындықтар туындап жатқан жоқ па? Мұғалімдердің тіл игеруін қалай шешіп жатсыздар? Мұғалімдер ағылшын тілін меңгеріп алуы үшін қанша уақыт керек деп ойлайсыз?

– 2016-2017 оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған оқушыларға сабақ үш тілде өткізілмейді. Қазақ тіліндегі сыныпқа қабылданған оқушы қазақ тілінде, ал орыс тіліндегі сыныпқа қабылданған оқушы орыс тілінде білім алады. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәндері сәйкесінше осы тілдерде оқытылатын болады. Яғни, қазақ тілі — қазақша, орыс тілі — орысша, ағылшын тілі — ағылшынша өткізіледі. Басқа пәндердің барлығы жоғарыда айтқандай оқушының оқу тіліне қарай оқытылады.

Негізгі мектептерде 2019 жылдан бастап мектептің оқыту тіліне қарамастан Қазақстан тарихы пәнін қазақ тілінде, дүниежүзі тарихы пәнін орыс тілінде оқыту туралы ұсыныстар бар. Бағдарламаға сәйкес, 2019 жылдан бастап тек қана 10-11-сыныптарда төрт пән: физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту жоспарланып отыр.

Биылдан бастап мұғалімдерді даярлау жұмыстары жүйелі ұйымдастырылады. Үш тілді білім беруді енгізуге бағытталған Назарбаев Университеті еліміздің барлық өңірлерінде биология, химия, физика, информатика пәндерінің мұғалімдеріне арнап 4 айлық курстарды өткізеді. Жалпы бұл мақсатта 675 мұғалім оқытылады.

Қазір еліміздің 42 жоғары оқу орнында 18 мыңнан астам студент үш тілді білім беру жүйесіне сәйкес білім алып жатыр. Оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттердің үлесі — 5 мың.

Қазіргі таңда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, қарым-қатынас тілі – орыс тілі және ағылшын тілі – әлемдік кеңістікті тану тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану — бүгінгі заман талабы болып отыр.

– Қазақстандық оқушылардың жүктемесі шектен тыс көбейіп кеткен жоқ па? Жалпы оқушы мұнша ауыр жүктемені игеріп кете ала ма? Оқушының бәрі бірдей талапты, бәрі талантты емес қой…

– Оқушылардың оқу жүктемесі шектен тыс көбейген жоқ. ХХІ ғасыр «Жаңа технологиялар мен ақпараттар» ғасыры дегендей күнделікті ғылыммен техниканың жаңалығы балаларға әсер етпей қоймай отыр. Сондықтан да бүгінгі 1-сыныптағы баланың ой-өрісі мен мысалы 2000 жылғы 6 жасар баланың ой-өрісі сәйкес келмейді. Оны ғылымның өзі анықтап отыр. Сондықтан да бүгінгі 12 жылдықтың табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары үшін берілген жүктеме қажетті жүктемелер деп ойлаймын.

– Жаңартылған білім мазмұны аясында ана тілінің мәртебесі кемиді деп ойламайсыз ба?

«Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті… біздің қазақ жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын» — деп Ахмет Жұбанов айтқандай Жаңартылған білім бағдарламасының ана тіліне тигізер зардабы бар деп айта алмаймын. Барлық пәндік білім ана тілінде берілсе, ағылшын тілі, орыс тілі пәндері пәнаралық байланыс арқылы ана тілімен салыстырмалы түрде оқытылады. Ана тілін терең игерту, сақтау, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу әрбір мұғалімнің парызы деп білемін.

– Газет оқырмандарына тілегіңіз?

– Газет оқырмандарына тілерім:

Құрметті оқырмандар, басылымның ақылдастар алқасына қарасақ түгелімен білім саласының ұлы майталмандары. Бұл ұлы азаматтар бағдарламалардың бірнеше өзгеріске түскендердің куәсі болған. Сондықтан да басылымды сүйіп оқитын әріптестерім, баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Болашақта басылымның білім саласының жаңалығының жаршысы болатынына сенімім мол.

– Сұхбатыңызға рахмет! Істеріңізге сәттілік!

Сұхбаттасқан М. АБДАЛИЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here