АҚЫНДАРДЫҢ ТАП БЕРМЕДЕ ТАУЫП АЙТҚАН ӘЗІЛДЕРІ

0
677

Жүрсін Ерманға екі қазан

Белгілі ақын, талай айтыстың жүргізушісі болған Жүрсін Ерман бір топ айтыс ақындарын бастап ел аралап жүреді. Жолай аяқ суытып алайық деп бір қонақжай үйге түседі. Шақырып келтіре алмайтын сыйлы қонақтар үйіне сау ете қалғанға есі шыққан үй иесі не істерін білмей біраз әбігерге түсіпті. Сасқанынан төрде отырған Жүрсінге қарап:

«Жүке, сіз сияқты елге қадірлі азамат біздің шаңыраққа күнде келе бермейді. Өзіңіз көмектесіп жібермесеңіз қалай жасарымды білмей қиналып тұрмын. Ет асқан дұрыс па, әлде қуырдақ қуыртайын ба, қалай қарайсыз?», – депті.

Сонда Жүкең: «Не, үйлеріңде қазан біреу-ақ па еді?», – деген екен.

 

«Ағатайлап» жаудан қашамыз…

Атақты Сүйінбай ақынның ұрпағы, қу тілді ақын Ермек Жұматаевтың жаяу әңгімеге келгенде ешкімге дес бермейтін әдеті бар. Сол Ермек бірде Атырау облысына додалы айтысқа барады. Атыраудың қонақжай елі ақындарды ерекше күтеді. Ауыл ақсақалдары ақындар біле берсін деген ниетте шежіре тарқатысады. Дастарқан басында бір ақсақал: «Ал айналайындар, біздің елді Ағатай – Беріш елі деп атайды. Өздерің тарихтан білетін әйгілі батыр Исатай Тайманұлы осы елден шыққан. Бұл елдің жігіттері шетінен жаужүрек батыр болып келеді. Батырлары жауға шапқанда «Ағатайлап» ұран шақырады», – деп бастай бергенде, Ермек таңғалған кейіппен: «Сонда «Ағатай» деген жауды қуғанда айтатын ұраны ма?» – деп сұрайды. Ақсақалдар: «иә, оған несіне таңғалдыңыз», – десіпті. Сонда Ермек иығын қиқаң еткізіп: «Қайдам, «ағатай» деген сөзді біздің елде жаудан қашқанда айтушы еді», – депті. Бұл сөзге намыстанған шалдар Ермекке дүрсе қоя береді. Ақыры Жетісудың жүйрігі кешірім сұрап әрең құтылған екен.

 

Әділқозылар алқасы деп хабарласа жақсы ма?

Тоқсаныншы жылдарда өзіндік өрнегімен айтысқа келген керекулік Нұрлан Аққазиннің өнердегі жолы ұзақ болмаса да ел ауызында кесіп айтқан әдемі тіркестері әлі күнге айтылады. Сол Нұрланды бір айтыста жүргізуші шатастырып Нұрлан Аққозин деп сахнаға шақырса керек. Сөйтсе, ол шамданып сахнаға шықпай қойыпты. Қазылар алқасы Нұрланды шақырып алып: «бір әріпте тұрған не бар, ондай-ондай ханның қызында да болады, соған бола сахнаға шықпай неге елді күттіресің», – деп дүрсе қоя береді. Сонда Нұрлан: «Егер сіздерді әділқазылар алқасы деудің орнына әділқозылар алқасы деп хабарласа жақсы ма?» деген екен.

 

Жеңешем қазақ болғанда…

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бұрынғы ректоры Көпжасар Нәрібаевтың әйелі орыс болса керек. Бір алқалы жиында айтыс ақыны Мұхаметжан Тазабековке көпшілік қолқалап арнау айтқызады. Отырғандардың барлығына бір шумақтан өлең арнаған Мұхаметжан Көпжасар ағамызға келгенде:

Америка, Еуропа,

Жүргенсіз талай жолдарда.

Оңай емес ол жанға,

Жиырма студент бар,

Айналған қалың орманға.

Ректор және ұстаз боп,

Әрбір студент көңіліне,

Қалдырыпсыз қолтаңба.

Жазған кітап, еңбекке,

Ұқсайды сөрең толғанға.

Қасиетіңіз және көп,

Сыймаған арнау толғамға.

Болар ма ең мұндай, болмас па ең,

Жеңешем қазақ болғанда, – деген екен.

 

Құрдастар қалжыңы

Айтыскерлер Балғынбек Имашев пен Дәулеткерей Кәпұлы бір дүбірлі тойдың көрігін қыздырып жүреді. Екеуі бір жылдың тумалары болған соң құрдастық қалжыңдары таусылмайды.

Сол тойда Еуразия ұлттық университетінде өткен сұлулар сайысында «Еуразия аруы» атағын жеңіп алған әдемі қыз да жүреді. Тойдың соңында Дәулеткерей әлгі арумен әңгімесі жарасып, әзілдесіп тұрады. Соны байқап қалған Балғынбек оларға жақындап:

«Дәулеткерей, қасыңдағы сұлу қыз кім?»,– деп сұрайды.

Дәулеткерей қалжыңдап: «Періште ғой», – деп жауап береді.

Сөйтсе Балғынбек:

«Онда періште шайтанның қасында неғып тұр», – деген екен.

Ел аузынан жинаған Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here