Ата-әже тәрбиесінің ақсауына не себеп?

0
1527

Қазақ халқы, мейлі ол қыз бала, мейлі ұл бала болсын, олардың бойына 12-13 жастан бастап отбасы тәрбиесін сіңіре бастайды. Мұнда отбасының адам баласы үшін өсіп-өркендейтін алтын ұясы, қуаныш ошағы екендігі қарапайым тілмен әдіптеле түсіндіріледі. Сондай-ақ, отбасын сүю, отбасын қадірлеу, отбасына адал болу сияқты тәрбиелерді бере отырып, баланың ата-анасы алдында бас тартуға болмайтын адамдық және азаматтық міндеттерді ерекше ескертеді.

Бала тәрбиесінде отбасының маңызы зор. Бала тәрбиесіне отбасы мүшелерінің барлығы жауапты деуге де болатын шығар? «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп ата-бабамыз тегін айтты дейсіз бе? Балаға ана тәрбиесінен бөлек әке ықпалының да ролі ерекше.

Заманауи ұғымдарға сай отбасы құндылықтарының да жаңаша қағидалары қалыптасып келеді. Бүгінде бір үйлі жаннан құралған толық отбасы ата-анасы, балалары болуымен көрінсе, толық емес отбасы ата-анасының біреуінің ғана болуымен сипатталып жүр.

Алайда, шын мәнінде толық емес отбасыға ата-анасының біреуі жоқ жанұялар ғана жата ма? Олай емес секілді. Мойындауымыз керек, ата-әже институты тоқырап тұр қазіргі таңда. Қазақтың ең асыл дәстүрлерінің бірі ретінде – немересін ата-әжесі бауырына салып, «кенжем» деп еркелетіп өсіретінін дәріптеуіміз керек шығар? Бірақ, дәріптеген былай тұрсын, «Ол ескінің қалдығы. Баланы ата-әжесінің тәрбиелеуі бала психикасына зиян» — деп пәлсапа соғатындар да табылып жатқан жоқ па? Соны айтатындардың көбі психологтар екендігін де айта кетуіміз керек. Бірақ, тағы да мойындауымызға тура келіп тұр. Ұлттық психология туралы жазылған оқулықтар жоқтың қасы. Сол пәлсапа соғатындардың көбі шетелдік психологияны оқығандар деп сенімді түрде айта аламыз. Ау, әр ұлттың өзіне тән менталитеті, соған сай психологиясы болмайтын ба еді? Ал, біз зорлап батыстың қаңсығын өзімізге таңғымыз келеді. Есекке қанша кілем жапсаң да тұлпар болмайтыны, ал, керісінше тұлпарды қанша қараласаң да есек болмайтыны айдан анық дүние ғой. Шетелдік психологияны оқимыз деп өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді ескермей жүргеніміз ақиқат.

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», деп айтып кетті. Шынында, қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан, салт-дәстүрлерімізді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымыздың тамыры ажырап барады. Сондықтан да, мына жаһандану заманында ең алдымен ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет.

Алайда, кедергілер де көп болып тұр. Үйлене сала, бөлек шығуға асығатын ұлдар мен келіндер көбейді. Бұрын бала тәрбиесімен ата-анасы, ата-әжесі, тіпті қала берді бүкіл ру болып айналысса, ал, қазір сол айналдырған әкесі мен шешесінің өзі жарытып тәрбие бермейді. Көбісі, мына нарық заманында бірі жұмыссыз күн көре алмайтын болған соң, жас босанған ана жұмысқа шығуға мәжбүр. Сондықтан да «бала күтуші» жалдағанды дұрыс көреді. Бағасына келіссе болды, «ол қандай адам, ұлты кім, балаға тәрбие бере ала ма» деген сұрақтар жауапсыз қалады. Ал, ондай бейсауат адам тәрбиелеген ұлдан ертең қандай «тұлға» шықпақ? Жөнді тәрбие көрмеген баладан елжандылық, ұлтжанылық секілді асыл қасиеттер мен патриоттық сезім күте аламыз ба?

Әрине, тиынның екі жағы бар. Жас ата-ананы біржақты қаралай беруге де болмас. Бүгінгі ата-әже немере бағуға дайын ба? Әй, қайдам-ау?! Келінімен бірге фигура сақтап, косметологқа барып, макияж, маникюр, педикюр жасатып жүрген, шашын бояп, жалаңбас жүретін енелер мен «әжелерден» не сұрайсыз? Әйтпесе, келіні бала күтуші жалдағанша әжесіне бақтыруды ойламады дейсіз бе? Бірақ, «бала бағудан шаршадық, күйеуіңді баққанымызға да шүкір де» деп азар да безер болатын әжесымақтардың да бар екенін ішіміз сезеді. Ішіміз сезеді емес, көріп те жүрміз.

Ал, ата болып, аталық тәрбие беретін «шалдарымыз» әлі өзін бала сезініп жүр. Әкемнің немере ағасы бар еді. Бұрын. Сол кісі әулетіміздің ақсақалы еді. Әулетіміз ғана емес, бүкіл рудың абызы еді. Барлығы сол кісімен ақылдасатын. Ол кісісіз әулеттің ешқандай жиын-тойы өтпейтін. Мәслихатта ол кісісіз ештеңе шешілмейтін. Қазір ойлап отырсам, ол кісі сол жылдары алпыстың о жақ, бұ жағында екен. Өткенде тағы бардым. Ауылға. Алпыстан асқан бір көкем «біз әлі жаспыз ғой» деп соғып отыр.

Ал, бұрын ше? Әжелеріміз ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын айтып, немере-шөберелерін рухани жағынан сусындатса, аталарымыз ақ батасын беріп, өсиет-насихаттарын айтып отырған. Мәселен, Балғожа би мен Зередей зерек әжесінің ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын тыңдап, тәрбиесін алып өскен Ыбырай мен Абай аталарымыз да қазақтың ұлы тұлғаларына айналды. Осындай мысалдардан-ақ ата мен әженің тәлімді тәрбиесін алған сіздің балаңыздың да күні ертең еліне елеулі, халқына қалаулы жақсы азамат болмасына кім кепіл?

Ертеректе ата-әженің тәрбиесін көрмей өскен бала өте сирек кездескен, сондықтан болар, оларды «көр­генді бала», «тәрбиелі бала» аталатын. Ата-әженің тәр­биесін алған баланың бойынан үлкен-кішіге деген құрмет, мейірім, имандылық, рухани тәрбиені ашық көруге болады. Тіпті, қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі бауырына басып тәрбиелеген. Кейде ол кенже ұлының орнына атасының қарашаңырағына ие болып та жататын.

Ата-әже институтын әлсіреткенде неден ұттық, неден ұтылдық? Ойланайықшы…

 

Ержан Тәліп

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here